Репрессия фонындағы әділетсіз, заңсыз сайлау және "мәңгілік Путин". Ресей өткір сын астында қалды

1282
Adyrna.kz Telegram
Сурет: Риа Новости
Сурет: Риа Новости

Ресейдегі сайлау “еркін де, әділ де” болған жоқ. Бұл туралы Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«Ресейдегі сайлау «еркін де, әділ де» болмады. Өйткені Владимир Путин өз қарсыластарын түрмеге қамап, басқа ықтимал кандидаттардың оған қарсы тұруына жол бермеді», деп хабарлады жексенбі күні Ақ үй.

Путин 17 наурызда сайлау учаскелері жабылғаннан кейін белгілі болған алғашқы ресми нәтижелер бойынша 87,97% дауыс жинады.

Билікте жиырма жылдан астам уақыт отырған 70-тен асқан Путинді тағы алты жылдық мерзім күтіп тұр.

«Ресей Украинада сайлауды заңсыз өткізу арқылы бейбітшілікке жол табуға мүдделі емес екенін көрсетіп отыр. Ұлыбритания өз демократиясын қорғайтын украиналықтарға гуманитарлық, экономикалық және әскери көмек көрсетуді жалғастырады», - деді Британ Сыртқы істер министрлігі X платформасында.

Ал Германия сыртқы істер министрлігі X платформасында Ресейдегі жалған сайлау еркін де, әділ де емес және оның нәтижелері ешкімді таң қалдырмайтынын мәлімдеді.

«Путиннің билігі цензураға, репрессияға және зорлық-зомбылыққа негізделген авторитарлық билік. Украинаның оккупацияланған аумақтарындағы «сайлаудың» заңды күші жоқ және халықаралық құқықтың кезекті бұзылуы болып табылады», - делінген хабарламада.

Польша Ресейдегі президенттік сайлауды «заңды емес» деп мәлімдеді. Өйткені сауалнамалар Путиннің 87 пайыз дауыс жинағанын көрсетті.

«Ресейдегі президенттік сайлау заңды, еркін және әділ өткен жоқ», - делінген Польша сыртқы істер министрлігі мәлімдемесінде.

Құжатта дауыс беру «ауыр репрессия жағдайында», ал Украинаның басып алынған аумақтарында халықаралық құқықты бұза отырып өткені атап өтілген.

Украина президенті Владимир Зеленский Путиннің мәңгілік билік жүргізгісі келетінін және Ресейдегі президенттік сайлаудың заңсыз еліктеу екенін айтты.

Зеленский өзінің бейне үндеуінде «Ресей диктаторы кезекті сайлауға еліктейтінін» және Путиннің «билікпен ауыратынын және мәңгілік билік ету үшін бәрін жасап жатқанын» айтты.

«Бұл сайлауға еліктеуде ешқандай заңдылық болуы да мүмкін емес. Бұл адам Гаага сотына келуі керек. Біз осыған жетуіміз керек», - деп қосты Украина президенті.

Пікірлер