Мұхтар Мағауиннің "Алтын Орда" романы жыл басынан бері "Жұлдыз" журналында жарық көре бастады. Қаңтар, ақпан айындағы сандарынан кейін таяуда наурыз айындағы санында тізбекті жалғасы жарық көрмек.
Романның алғашқы бөлімі бұдан алдын "Жұлдыз" журналына cілтеме жасалып, "Адырна" сайтында жарияланған. "Алтын Орданың" осы журналда қаңтар айында жарық көрген бастапқы бөлігінің жалғасын назарларыңызға ұсынамыз.
БАТЫС ЖОРЫҒЫ
Ұлы қағанның таңдама немересі
Шығыс Дәшті әмірі, дала жұрты хан деп таныған Жошы көлденең қазаға ұшыраған шақта, оның екінші ұлы, жаңа ұлыс – болашақ Алтын Орданың іргесін берік бекіткен Бату он сегіз жаста екен. Арада ай өтпей, Таңғұт жорығының алдында тұрған Шыңғыс ханға қаралы хабар жетеді. Қастерлі үлкен ұл ғана емес, болашақ тақ мұрагерінің мезгілсіз кетуі – үлкен қайғы. Қаған Ұлытауға інісі Темуге Отшыгенді аттандырыпты. Қайтқан әкесінің орнына ендігі ел иесі ретінде Батуды әйгілеу және әрқилы әреке шыға қалса, жұртты тыныштандыру үшін.
Бату Жошының екінші жұбайы, қоңырат Үкі-қатыннан туған. Алғашқы қатын, ол да қоңырат қызы Сартақтан туған Орданың жолы үлкен еді – тұңғыш ұл. Алайда, Дәшті-Қыпшақ жұртына өкімдік таңдауы Батуға түседі. Кейінгі зерттеушілер әрқилы болжал айтқан. Соның ең бастысы – Үкінің әкесі Алшы-ноянның үлкен ана Бөртеге туыстық жақындығы. Бірақ бұл – шешуші себеп болмауға тиіс. Әмәнда, Шығыс ханның кісі тануында қапы жоқ. Және жеке бас, жақын жамағат емес, ел мүддесі бірінші орында. Бату бала кезінен-ақ қаған-атаның оң назарына ілінсе керек.
Біз Шыңғыс ханның отбасылық, пенделік өмірі туралы сырттай ғана білеміз. Туған ұлдарын, әрине, көшпенділердің ғасырлық дәстүр-салты бойынша тәрбиеледі: үй-ішіндік әдеп пен рәсім жөнін айтпағанда, екі-үш жасында ашамаймен атқа мінгізді, төрт-бес жасында садақ тартуға баулыды, бұдан соң аңшылық, әскери ойындар; әуелде бәрін дерлік өзі атқарса, кейін атаулы нөкерлер бекітілді. Қайткенде, әке парызымен қатар, болашақ ел билеуші, әскербасы ретіндегі ерекше мінез қалыптасып, міндет, парызын ұғуы шарт. Сондықтан ересек ұлдарына Ұлыстағы басқа да бахадұр, нояндар қатарлас қарайды. Мейірбан, кең ғана емес, қатқыл әмірші, сыншыл ұстаз. Бұл жағдай бізге Жошының алғашқы, Кем-Кемжүт жорығынан айқын танылған. Осы орайда, басқа да жағдаяттармен қатар, Хорезм майданы кезіндегі өзгеше бір шетін оқиға нақты мысал болар еді. Соғыстың соңғы кезеңі, 1221 жыл, қоңыр күзде Бамиан қамалының түбінде Мүтіген (Мүтікен) дейтін немересі қаза тауыпты. Шағатайдың ер жеткен үлкен ұлы, отау көтерген, бала сүйген жас жауынгер. Шыңғыс хан Мүтігенді айрықша жақсы көрген екен. Тәрізі, қаршадай кезінен бастап. Ал Хорезм жорығы кезінде үнемі қасында ұстайды. Ақыры, Гиндукуш таулы өлкесіндегі, Үндістанмен шекаралас терең аңғардағы Бамиан қамалын қоршалау кезінде садаққа ұшыпты. Қаған өзегі өртеніп, айрықша күйзелген екен. Қолма-қол тақау төңіректегі Шағатайды және Өкетай мен Төлені алдына келтіреді. Әуелде, балаларымен бас қосқан дастарқан үстінде, кейде мені жүре тыңдайсыңдар деп жорта реніш білдіріп, бұл қатарда Шағатайға шүйлігеді. Бәрі де таң, әсіресе Шағатай, ешқандай кінәсі жоғын айтып ақтала бастапты. Содан соң қаған-әке қазір саған не айтсам да көтересің, жылап-сықтауға жол жоқ, ақырына дейін үнсіз тыңда деп барып, күтпеген қазаны естіртеді. Шағатай үн-түнсіз, шөгіп отырып қалды дейді. Қаған-әкенің ілкідегі жарлығы бойынша, тыпыр етуге, дымын шығаруға батпаған. (Тарихи емес, эпостық «Қастерлі шежіреде» – көп алды, ұлы құрылтай үстінде қаған әкесі мен туған анасын қатарынан қорлап, бірін – Жошы сенің ұлың емес деп, екіншісін жау тұтқынынан олжабай бала әкелдің деп, бүткіл Ұлыстың басты кісілері алдында масқараға ұшырататын, ханым-анасының етегін ашып, қаған-әкесіне арсылдайтын, кейінгі зерттеушілер мен жазармандар сол қалпында, ақиқат шындық ретінде байыптаған қисынсыз көріністің ойдан шығарылған бас кейіпкері Шағатай.) Иә. Қаһарлы Шыңғыс ханның бетіне кім келмек. Туған ұлы болса да. Әкенің ескертуінен соң, тысыр етуге шамасы келмей, іштен тынған, ақыл есі шайқала құмыққан Шағатай, дастарқаннан соң ғана, оңаша шыққанда, бар шері тарқамаса да, көкірегін кеңітіп, ағыл-тегіл жылаған екен. Көлденең жұрт алдында сыртқа сыз бермеген, қатуланса да қайыспаған Шыңғыс ханның өзінің қайғысы, қайғы нәтижесіндегі ашу-ызасы әлденеше есе болыпты. Үстірт шабуылмен Бамиан қамалын тезінен басып, бекініс ішіндегі тірі жан тұрыпты, ит пен мысыққа дейін түгел өлтіріп, қорғанды бай шаһардан ине сабақ жіп алдырмай, сәулетті сарай, қалқиған құрылыс атаулыны түгел жермен-жексен қылып қиратыпты. Және шаһар орнын қарғыс атқан жер деп жариялап, алдағы заманда да тірі жан баспауға бұйырады және тұрақты мекен, үй-жай салуға тыйым жасалады. Жихангер атаулының кейбір реттегі мейірімсіз қаталдығы ғана емес, ұлы қағанның туған немересіне деген өзгеше көңілінің айғағы. Бұдан соң жүз жыл өтеді, екі жүз жыл өтеді. Міне, арада сегіз ғасыр, Бамиан қисары күні бүгінге дейін қаңырап, жайрап жатыр. Жер тарылған, алмағайып заманның өзінде тірі жан баспаған. Төңірегі лықсып тұр, ал қамал шегі – бірыңғай тегістелген, биікше қыратқа айналыпты. Аэро-фото көріністерінен нақты танылады.
Шыңғыс хан туған балалардан соңғы немерелерін жер бетіндегі ғұмырын одан әрмен жалғастыратын асыл тұқым ғана емес, сәулетті патшалығының болашақ иелері, тозбас ғұмырдың куәгер нысандары деп қарағанын көреміз. Қай-қайсын да алдынан өткеріп, келешегін болжағандай, тілек-батасын айтқан сияқты. Мәселен, Хорезм майданынан қайтар жолда, Еміл өзенінің бойында орда тігіп, тыныстап отырған кезде Бөрте-қатын бастаған біраз ағайын алдынан шығады. Тәрізі, Бөртеге селбес тағы бір құрметті қатындар. Және жасы кіші немерелер. Бұлардың ішінде он жасар Құбылай мен сегіз жасар Құлағу бөліп айтылады. Болашақ ұлы мәртебелері ғана емес, таңбаға түсірген тарихшының қолайына қарай. Ұлы қағанның ұрпағына үміт артқан сенімі және балажан мінезін көреміз. Немерелерінің алғашқы сәтті аңшылығы құрметіне бас бармақты майлау рәсімін жасады дейді. Және осы орайда Құбылайдың салмақты, қалыпты жағдайын, және Құлағудың қатқыл, шешімтал мінезін бірден аңдапты. Сондай-ақ, өзінің тағы бір немересі, болашақ қаған Күйікті оншама ұнатпағаны туралы да жанама дерек сақталған. Таңғұт жорығы алдында атаулы енші сұрап келген Күйікке, тиесілі сыбағаңды әкең Өкетайдан аласың, ал сен өзің ең алдымен денсаулық жағдайыңды ойла деп, білгір тәуіппен ұштастырып, елге қайтарғаны бар.
Шынын айтқанда, Жошының ұлы Батуға көзқарасы туралы ешқандай нақты дерек сақталмаған. Әрине, әуел бастан-ақ талай рет көрді. Ал 1223 жылы, жазғытұрым, бүгінгі Оңтүстік Қазақстан, Құланбасы деген жерде, ұлы жорықтың сәтімен аяқталуына арналған құрылтай мен дүбірлі тойда Жошының Орда мен Бату және басқа да ұлдарын алып келуі күмәнсіз. Бұл топ немерелер қаған-атаның дәргейіне құлдық ұрды, жүзін көрсетіп, алқау сөздерін естіді. Кейінде мағлұм болғандай, Жошының ұлдары бірінен бір өтеді. Ал Бату бұдан бұрын-ақ сынға толса керек. Қайткенде, ертелі-кеш бар болмысын нақты тануы хақ, Жошының көлденең қазасы туралы естісімен-ақ, бірден алға шығаруы басқаша ойлауға жол қалдырмайды.
Яғни Бату – болашақ Сайын хан да әуел бастан ұлы қағанның айрықша үміт артқан сүйікті немерелерінің қатарында болған.
Жаңа шапқын қарсаңында
Батудың иелігіне көшкен Жошы ұлысының әуелгі аумағы – шығыста Ертіс өзенінен басталып, батыста Жайықтың сол жағалығы, түстікте Балқаш көлінен тартып, Шудың аяғы, Сейхұн – Сыр-дарияның ұзына ағысы және Арал теңізінің етегінен Жейхұн – Әму-дарияның атырауы – Ежелгі Хорезм уәлаятының ұйықты орталығын қамтып жатқан. Ұлан-байтақ қоныс. Әзірше, болашақ Ұлұғ Ұлыстың шығыс бөлігі – жарым жұрты ғана. Әйткенмен, халқы дарқан, жері бай, әрі кеңіс – тұтас бір патшалық есепті.
Әлбетте, жаңа әмірші Батудың алғашқы шаруасы – әке ісін жалғастыру ғана емес, ұлыстың етек-жеңін жинақтап, ондағы бұрнағы жұрт пен келгінші шығыс түріктерін өзара ұйыстыра түсу болса керек. Шындығында, батыстағы қыпшақ-түрік пен шығыстағы татар-түріктің қалыптасқан ұясы біреу-ақ: Ежелгі Түрік қағанаты. Ал көпшілік қауымның қақ жарыла бөлінуі – ІХ–Х ғасырдан беріде ғана, яғни бұдан екі, үш жүз жыл бұрын бір мемлекет құрамында болған ағайындар қайтадан табысып жатыр.
Жошының қазасынан соң ел ішінде әлденендей қайшылық, бұра тарту болмаған сияқты. Ал жаңа ұлық Батудың тізгіні – қаған-атадан соң билікке келген әб-аға Өкетайдың қолында. Бату Татар даласының шегі, ендігі астана Қарақорымда 1229 жылы өткерілген Ұлы құрылтайға қатынасады. Өкетайды қаған көтеру рәсімі. Бұдан соң еліне қайтса керек-ті. Бірақ Өкетай қаған өз қасында ұстап қалады. Ақыл, кеңес, жаңа орын, жаңа жағдайға икемдеу. Ізінше, 1230 жылы күзде Шүржен майданы қайыра ашылды. Бату, тәрізі, әскер бастаушылар қатарында емес, қағанның дәргейіндегі қосшы нөкер ретінде қатысты. Үнемі дерлік тікелей ғұзырында. Әб-ағаға бар ісі ұнаса керек. Осы жаңа майданда жүргенде нақты суреті салыныпты. Кейінде Пекиндегі император сарайынан табылып, тарихқа жария болған. Жиырмаға жаңа келген, сақал-мұрты шықпаған сымбатты бозбала. Қытай үлгісіндегі қымбат киімді. Беліне семсер ілген, қорамсақты арыс садақ байланған. Қиғаш қас, қиық көз, салқын жүзді. Қытай суретшісі өзіне қарай бұрып кетті десек те, өзіндік, ерекше бітімі айқын танылады. Кейінде көзбе-көз көрген Рубруктың жазғаны бар. Денесі ірі, еңсегей бойлы деген тұрғыда.
1234 – Шүржен, яғни Цзинь империясы біржола қиратылды. Ал Бату осы Солтүстік Қытай соғысына бастан-аяқ қатынаспаған сияқты. Мұншама қажеттілік жоқ еді. Және Жошы ұлысы, басқа да ханзадалар бар дегенмен, өте үлкен ел, бас иесіз қалмауға тиіс. Алайда, атаулы жорық жолындағы азды-көпті еңбегі елеусіз қалмапты. Беделді ханзадалар жаңа жауланған жерден енші алатын рәсім бойынша, Батудың үлесіне Қытайдың Пиньянфу аймағы кесіледі. Қазірде өзі, кейінде үрім-бұтағы осы өлкеден түсетін кіріс-пайдаға иелік етпек.
Шүржен бағынған соң, 1235 жылы Алтын ұрық өкілдері түгелге жуық қатынасқан құрылтай енді Батысқа жорық мәселесін алға шығарады. Ұлы қаған Шыңғыстың бағзы бір өсиеті негізінде, Жошы ұлысының шегін кеңейту, яғни Еділдің арғы бетіндегі қыпшақ жұртын берідегі бүткіл түрік қауымымен бір мемлекет құрамына ұйыстыру. Келесі, 1236 жылғы құрылтайда бұл мәселе түпкілікті шешіліпті. Батысқа жорық Шыңғыс хан әулетінен он бір ханзадаға жүктеледі. Атап айтқанда: Өкетай қағанның ұлы Күйік, тағы бір ұл Қадан; Шағатайдың алтыншы ұлы Байдар және тұңғыш ұл Мүтігеннен қалған Бөрі; Төленің үлкен ұлы Мөңке мен жетінші ұлы Бөжек; қағанның інісі, Шыңғыс ханның төртінші қатыны Құланнан туған Құлқан. Әрине, ұлғайған, іргелене түскен ел мен жаңа жердің негізгі иесі болуға тиіс Жошы әулеті: Бату бастаған Орда, Шәйбан, Таңғұт. Жай ғана іріктеу емес, әскери тәжірибесі бар, кемел тұлғалар. Бас қолбасы ретінде – жұрт иесі Бату бекітіледі. Кеңесші, шын мәнісінде бүткіл жорықтың ұйытқысы мен ұйымдастырушы жетекші міндеті Батыс беттің бар жағдайын жақсы білетін әйгілі Сүбітай-бахадұрға жүктеледі.
Шын мәнісінде, Жайықтан арғы байтақ алап, ең алдымен Еділ дарияның ұзына бойы өткен жылдарда үнемі назарда тұрған. Өкетай қаған әуелгі, 1229 жылғы құрылтайдан соң әр тарапқа әскер бөлгенде, Қыпшақ, Сақсын, Бұлғар бет, яғни берідегі Жайық, арыдағы Еділ майданына үш түмен – отыз мың әскер шығарып, Көгедай-ноян мен Сүбітай-бахадұрды жіберген. Әуелде барлау, аңыс аңдау. Жекелеген келте ұрыстар. Ақыры, үлкен соғыс. Арада екі-үш жыл озбай, Жайық бойы Жошы ұлысының құрамына өтеді, тағы екі жылдан соң, 1236 жыл қарсаңында Көгедай-ноян Еділ дарияның сол қабақ етегін түгелге жуық игеріп, Самар иініне жетеді. Бұлғар жұртының жиын ұйытқысы, ұлы астанасына бес күндік, шамасы екі жүз шақырымдай ғана жер қалған екен.
Алайда, халқы жиын, әскері қарымды, қорғандары қат-қабат Бұлғарды біржола жеңіп алу үшін тағы қаншама қосымша қуат керек еді. Жайқын Еділден ары өту, Батыс Дәшті тарабын айтпағанда. Тікелей шапқын, қанды жорық арқылы ғана іске асатын, күрделі мәселе.
Батыс жорығы
Батыс майдан. Яғни, Еділдің ұзына бойы, одан арғы байтақ Дәшті. Іргелес, қанаттас басқа жұрттарды айтпағанда. Әлбетте, Қарақорым – Еке ұлыс астанасында, көпті көрген, тәжірибелі әскери қайраткерлер бүткіл жорық, кең майдан стратегиясын белгілеген. Әуелі Бұлғар, Еділдің екі қабағы. Одан әрі... әрине, қалың қыпшақ. Тек қыпшақ қана емес. Аралық – бөкше, бұртас, арджан және етектегі сақсын, тағы бір түсініксіз тайпалар. Ал терістік бағытта – күні кеше бейбіт елшілерді азаптап, бауыздап өлтірген, бұдан соң Қалқада жеңілген, бірақ мүлде қирап қалмаған Орыс елі тұр. Бұл Орыстың өзі Қыпшақтан арғы жарым дүниені алып жатыр. Сондықтан, кешегі кек қана емес, алдағы қауіпсіздік үшін біржола талқандау шарт. Міне, осыдан соң анау Ертістен тартып, Еділден асып, тағы екі-үш ұлы дарияны өткеріп, бар жазықтың шегі – Қарпат дейтін бұлдыр тауларға дейінгі ұлан-байтақ қоныс – Жошы ұлысының құрамында – мәңгі-бақи құт мекенге айналуға тиіс!..
Әуелде Түпкі жұрттағы әскер қозғалады. Одан соң Шағатай жасағы. Ұзақ жаз салқар шеру үстінде өтпек. Ақыры, Жошы ұлысының өз жеріндегі қарулы күштер. Қисынына қарағанда, қара күзде Жайық өзенінің орта тұсында бәрінің басы қосылды.
Еке Моғұл ұлысының Батыс жорығына жұмылдырған әскерінің жалпы саны туралы әр кезде әрқилы болжам айтылған. Арыдағы Карамзиннің 500 мыңынан бастап, кейінгі советтің 300 мыңы, қатарлас кезеңдегі Г.Вернадскийдің 120 мыңы, Р.Груссенің 150 мыңы, бұрнағы Н.Веселовскийдің 30 мыңы, кейінгі Л.Гумилевтің 40 мыңы, қазіргі қазақ тарихшысы Ж.Сәбитовтың 60 мыңына дейін. Орыс жеңілуге тиіс емес, амал не, бірге – жүз жабылды деп санаған Карамзиннен кейінгі барлық есептің өзіндік қисын, дәлелі бар. Бұл мәселені біз де жан-жақты қарастырған едік. Орта есеп емес, нақты дәйектер негізінде 70 мың деп түйіндедік. Яғни, толық жеті түмен. Мұның бес түмені – 50 мың – Шыңғыс ханның байырғы жұрты – Татар даласында жасаған, алғы бөлігі Орта Азияға, Шығыс Дәштіге ойысқан қият, қоңырат, керей, найман, жалайыр, ұраңқай, қатаған, қоралас және басқа да туыстас тайпалардан. Қалған екі түменнің басым көпшілігі – Шығыс Дәштідегі қыпшақ, біразы Мәуреннахрдағы оғұз бен тәжік-парсы тектілер деп шамалауға мүмкін. Жиыны 70 мың дедік. Қайткенде жүз емес, жүз жиырма, жүз елудің қарасын көрмейді.
Жайық бойындағы әскер жиыны, алдағы соғыс тәсілдері төңірегіндегі байсал кеңестен соң бар әскер екі топқа бөлінеді. Мөңке мен Күйік – екі түмен – жиырма мың жауынгермен Еділ майданы – ұлы дарияның орта тұсынан етегіне дейінгі қос жағалауын сыпыра шабуға тиіс. Ал Бұлғар бағыты, оған жалғас Орыс майданына бес түмен қажет деп танылған. Жошы ұлдары: Орда, Шәйбан, Таңғұт бастаған, жергілікті есепті үш түмен, Түпкі жұртта жинақталған, Алып қағанның кенже ұлы Құлқан бастаған құрама түмен және Шағатай ұлысынан, Байдар мен Бөрі бастаған бір түмен. Арғы қисапсыз орысты айтпағанда, бергі қуатты Бұлғар патшалығын сындыру үшін осыншама күш қажет еді.
Біз Еділдің арғы бетіндегі Қыпшақ майданы, дарқан дарияның Ақ Еділ (Қама) бойында өткерілген Бұлғар соғысы, оған жалғас Орыс ахуалы туралы да, Шыңғыс хан тетралогиясының төртінші кітабында бажайлап жазғанбыз. Қайталай ежіктеу қажетсіз. Алайда, Ұлұғ Ұлыс туралы дербес кітаптың тұтастығы үшін, жалпы сұлбасын байыптай кетелік.
Еділдің сол жағалығы, Қама бойына түрік тайпалары миләди ІІІ-ІV ғасыр, Ғұн заманында қоныстана бастаған екен. Уақыт озған сайын өрісін ұзарта келе, VІІІ-ІХ ғасырларда іргелі ел – Еділ Бұлғар ұлысы ретінде біржола бекінеді. Ақыры, мұсылманшылыққа бой ұрған бұлғар-түрік қауымы хижраның 310-санаты, миләди 922 жылы ислам дінін ресми түрде мемлекеттік дін деп жариялайды. Еуразия құрылығының солтүстік-шығысындағы жалғыз шырақ. Өз заманы үшін үлкен мәдениетке жеткен. Іргесі берік, нанымы кәміл. Тіпті, іргелес орыс елін исламға тартпақ болған әрекеті бар. Кейінірек, табиғаты ізгі, бірақ рухани өрісі шектеулі Рубруктің айтқаны бар: «Мұншама қиыр өлкеге Магомед рәсімін қандай сайтан жеткізді екен», – дейтін. Және бір сөзі: «Бұлғар – сарациндер арасындағы ең жауыз халық», – деген. Яғни, жауынгерлік қабілеті өте жоғары. Осы қарулы әскер, үлкен күш-қуатының арқасында қаншама ғасыр бойы өзінің елдігін де, дін-өжданын да берік сақтап тұрған екен.
Қайткенде дәп осы жолы, табанды қарсылыққа, ерлік күреске қарамастан, туы жығылды. Қырғын майдан, дала және қала соғыстарынан соң, Батыс тарапта бірінші болып Жошы ұлысы, кеңінен алғанда, Еке Моғұл империясының құрамына қосылды. Ақыр түбі – Алтын Орданың ең ұйықты, берекелі, бай өлкелерінің бірі.
Бұлғардан соң, Орыспен аралық өлкедегі бөкше, арджан, яғни мордва жұрты, бұртас және Меровия, Пайдовия – шамасы марий, шыбаш тайпалары бағынышқа түседі. Алда – шексіз қар басқан Орыс елі тұрған. Бар орыс емес, әзірге солтүстік-шығыс аймақ.
Бұрнағы великоросс, кейінгі орыс-совет тарихшылары асыл текті ұлы халықтың әлдебір көшпенді, дүрмек жұрттан жеңілуін ақылға сыйғыза алмайды. Әйткенде, бүйткенде, аңдаусыз қапы қалмағанда, әлдебір мезетте әлдекім серіктесе алмай, қатарын бұзбағанда... жеңілмес едік деп сарнайды. Ең зор қайғы, негізгі себеп – орыс кінәздерінің басы бірікпепті, әйтпесе қиратады екен... Иә. Біріккенін де көргенбіз. Ілкідегі Қалқа ұрысы. Қосалқы қыпшақты айтпағанда, таза орыс – бір жүз үш мың әскер. Жабайы көшпенділердің небәрі жиырма мың аламаны тас-талқан қылды. Біз бұрнада, оның ішінде дәп осы кітапта: Ұлы Хорезм империясының тағдыры Ырғызда шешілді деп жазған едік. Осыған тұпа-тура сәйкес жағдай – Орыс елінің тағдыры Қалқа ұрысында шешілуі анық. Бәрі бас қосқанда, өздерінен бес-алты есе кем татардан жеңілді. Ал жиырма мың емес, елу-алпыс мың, бәлкім, жүз, екі жүз, үш жүз, тіпті, бес жүз мың жендет қаптағанда қайтпек керек? Бас қосу туралы үміт пен ниет адыра қалған. Әркім өзінше жан сақтауға тиіс. Мүмкін, дәп саған тура келмей, айналып өтер, немесе басқа тарапқа кетер. Соның өзінде... Қалқа ұрысынан сырт қалған, қатысып үлгермеген солтүстік-шығыстағы Рязань мен Владимир–Суздаль кінәздіктері ғана тұяқ серпуге жарапты. Рязань қаласы үш күнде, ал байтақ астана Владимир-Залесский тікелей шабуылдан соң бір жарым тәулікке жетпей құлаған. Осының алдында ғана, Коломна түбіндегі, екі кінәздік күш қосқан ауыр майданда бар әскерінен айрылып, қирап жеңілген Владимир әміршісі Юрий Всеволодович аулаққа безіп, жаңа жасақ топтай бастаған еді. Сить өзенінің жағасында тып-типыл қазаға ұшырайды.
Осы қанды жорықта Батуға қарсылық білдіріп, азды-көпті қорғанған қала, бекіністер саусақпен санарлық, Рязань мен Владимир бастап, бәрі де қираған, қырылған; сонымен қатар, көпшілік кенттер келісім бойынша қақпасын қарсылықсыз ашып, мал-жаны, бар жұртымен аман қалғанын көреміз. Бұл – 1237 жылдан 1238 жылға қараған қыс айлары. Бату бастаған қалың қол бұдан соң көктемде түстікке, Еділдің етегі, Қыпшақ даласына қарай жылжыпты. Бұл кезде және жалғас жазда Мөңке мен Күйіктің екі түмені ұлы дарияның оң қабағын түгелдей бейбіт жағдайға келтірген. Есебі, қыпшақ қаруы майырылып, кең қоныс қана емес, көпшілік қауым Жошы ұлысының ғұзырын мойындаған екен. Келесі кезекте Таң (Дон) мен Үзе (Днепр) бойы, Қырым мен Терістік Қапқаз тұрған. Көп ұзамай, үш тарап та бағынышқа түседі. Сөйтіп, 1240 – тышқан жылы көктемге қарай Қыпшақ-Орыс жорығы өзінің негізгі мұратын тапты. Енді соңғы серпіліс – ежелгі Русь елінің байтақ астанасы, орыстың ұйытқы және ең әйгілі шаһары Киев бағыты. Батыс Қыпшақтың орталық аймағын жаныштаған соң, қараша айының басында Бату бар әскердің негізгі тобымен Алтын мұнара, айдын қақпалы Киев шаһарының түбіне келіп тоқтайды.
Бұл заманда Киев – Орыс жұртының бейресми астанасы, бас кент қана емес, Еуропа шегіндегі ең зор қалалардың қатарында. Жалпы ауданы – 400 гектар, халқының жиын саны – 50 мың. Әрине, алыстағы халифат, жақындағы Мәуреннахр қалаларымен салыстырғанда, тым қораш көрінуі мүмкін, алайда, айтқанымыздай, Еуропа өлшемінде әйдік, ыңырсып, толықсып тұрған өзгеше шаһар. Мән-маңызы, халқының көптігіне қарай, бекінісі де берік – үш қабат екен. Толық қоршауға түседі. Әуелде тас-атар, от-шашар серіппелермен аяусыз төмпештейді. Қамал қабырғасының бір бөлігі құлағаннан соң тікелей шабуыл. Орыс жылнамаларының риясыз деректеріне қарағанда, Киев екі күн ішінде толығымен жауланып біткен. Рәшид-әд-Дин тоғыз күнге қаратады. Алғашқы құрсау, дайындық, жаппай атқылау күндерімен қосып есептегенде.
Киевтен соң, өткендегі терістік-шығыс сияқты, түстік-батыс – Волынь-Галич аймағы да, кейбір қалалары ұрыссыз, енді біреулері азды-көпті қарсылықтан соң, тұтасымен мойын ұсыныпты. Ал Орыс елінің терістік-батыс қиырына әзірге аяқ түспеген. Қолайлы жағдай болмаған, мұрша келмеген. Ақырында тым ұзамай, Бату ханның Орталық Еуропа жорығынан соң, ел билеушілері өз аяғымен жетіп, бодандық ниет танытпақ.
Сөйтіп, бүткіл Орыс қауымы Жошы ұлысының дәргейіне бас ұрыпты. Алда, кейінгі орыс және совет тарихшыларының айтуынша, үш жүз жылға созылған «иго» – кіріптарлық ахуал, бүгінгі біздің тұрғыдан қарағанда, Еуразиялық үш жүз жылдық бірлік заманы тұрған.
Орталық Еуропа майданы
Шыңғыс хан нұсқаған, Ұлы Құрылтай алға қойған барлық міндет орнына келді. Осымен тоқтауға болар еді. Алайда, Батыс жорығы одан әрі жалғасады. Кейінгі бір зерттеушілер Батудың жеке шешімі деп шамалаған. Шынында да, Дәшті-Қыпшақтың болашақ бірлігі мен тыныштығы үшін, басталған істі ықтимал шегіне жеткізу қажет еді. Орыспен іргелес қалың қыпшақтың ең үлкен хандарының бірі Күтен Орталық Еуропа, Мажар шегіне өтіп кеткен. Баяғы, өзінің күйеу баласынан тартып, бүткіл дерлік Орыс елін Қалқа қырғынына бастаған қажырлы Күтен хан. Азғана жасауылымен, жалғыз өзі емес. Үй-жай, мал-жан, ордалы жұртымен, жиыны қырық мың шаңырақ. Есебі, қырылғаннан қалған, ендігіде қару ұстауға жарарлық отыз-қырық мың аламан. Саны қаншама болса да, бұрнағы-кейінгі тынымсыз жеңілістерден соң жаннан түңілген жұрт. Батудың ұғымында, бүгін бас сауғаласа, ертең қайрыла шабуы мүмкін. Шаппаса да, кейінгі қыпшақ ішіне іріткі салуы, тым құрғанда, басбұзар, теріс ойға жетелеуі ықтимал. Бәрін жинап қойғанда, мұншама жұрттың бодандықтан безіп, жаңа ұлыс құрамынан сыртқары қалуының өзі ақылға сыймастай. Басбұзар ханның көзін құртып, қалған жұртын кері қайтару қажет. Бату Мажар-венгр королі Белаға, бірнеше мәрте елшілік аттандырып, өзінің «малшы-жалшы жұртын» қабылдамауға, ел шетінен шығаруға талап қояды. Алайда, король Бела жағынан илігу жоқ, керісінше, арнайы елшілердің өзі хабарсыз кетіпті: кейбірі орыс жерінде қазаға ұшырады, енді біреулері сол Мажар тарабында жойылған. Енді ауған боданды қайтару ғана емес, әуелде қыпшақты қабыл алған, кейінде бейбіт елшілерді түгел өлтірген король Бела мен оның жұртын жазаға тарту қажет екен. Сөйтіп, Бату ханның Орталық Еуропа жорығына жол ашылады.
Бұл кезде әрқилы себептермен Күйік және Мөңке ханзадалар елге қайтқан. Екі түмен әскерімен. Батумен әуел бастан кермар Бөрі де өз ұлысына оралған. Батудың ғұзырында Шығыс Дәштідегі, байырғы үш түмен қалады. Сонымен қатар, Байдар бастаған Шағатай түмені. Және Қаданның өкіміне көшкен, Түпкі жұрттағы, бұрнағы Құлқан және қарайлас ағайындар жетегіндегі бір түмен. Біздің есебіміз бойынша, жиыны бес түмен. Әрине, үш-төрт жылғы майданнан соң қатары селдіреген. Ондықтар да, жүздік, мыңдықтар да толық емес. Алайда, Батыс Қыпшақтан қаншама жаңа әскер жинақталған. Оның үстіне, кейінгі бодандар – бұлғар мен мордва. Және кеше ғана жауланған орыс та күш қосыпты. Бұл жаңа шеріктің жиын санын нақты айту қиын. Әйткенмен, өткен төрт жылдық шығынның бар кетігі толса керек. Сонымен, Батудың Батыс жорығына Еке ұлыс туының астында шыққан әскердің ұзын саны елу мың шамасында деп қоялық. Біздің әуелгі есебімізге сәйкес.
Еке Ұлыс қосындары төртке бөлініп, Қарпат тауларының әр тарабындағы асулардан өтіп, көп ұзамай-ақ Орталық Еуропа – Венгр патшалығының шегіне шығады. Бату хан мен Сүбітай бахадұр бастаған негізгі лек 1241, март айының әуелгі аптасында Монтана асуындағы күзет әскерін ығыстырып, Дунай дария, Тиссаның бір тармағы Шайо өзеніне келіп жетеді. Барлау және тайқыма ұрыс үшін алға Шәйбан ханзада бастаған бір түмен әскерін шығарыпты. Бұл кезде әрқайсы бес мыңдық жасағы бар Қадан мен Бөжек түстік тараптан кірген екен. Олар да жылжып келе жатыр. Ал бір түмен және қосалқы, шамасы төрт-бес мыңдай қыпшақ, орыс, мордва жасағын бастаған Байдар бәрінен бұрын, жыл басы, январь айында қар мен мұзды кешіп, Польша шегіне өткен еді. Озғын әскердің негізгі мақсаты – Венгрияны ықтимал одақтастар – Польша, Моравия, Богемия және жекелеген басқа да жауынгер жасақтардан оқшау қалдыру екен. Бұл кезде Польша біртұтас мемлекет емес, алайда, жекелеген иеліктердің әрқайсы да қуатты. Байдар Түстік Польша арқылы шапқындап, әуелде Малополска астанасы Краковты қиратады, бұдан әрі бірнеше жеңісті ұрыс өткеріп, ақыры Силезия астанасы Вроцлав қаласын басыпты. Ішкі бекініс – цитадельді қиратып үлгермейді, қатерлі шұғыл хабардан соң Легница кентіне қарай үдере аттанады. Бұл жерде Силезия герцогы Генрих Побожни (Пірадар) қалың әскер топтап жатыр екен. Таратып айтқанда: Жоғарғы және Төменгі Силезия, Малополска, Великополска әскері, жекелеген қала, кент құрамалары, сонымен қатар, Германиядан, Франциядан, Моравиядан шыққан рыцарьлар – әйгілі Тамплиер, Госпитальер, Тевтон ордендерінің бас магистрлері жебелеген темір-болат жасақтар. Қисапсыз қалың қол. Сол замандағы поляк тарихшысы Матвей Меховский жүз мың деп атап айтқан. Кейінгі заман тарихшылары кеміте көрсетеді. Қайткенде, жетпіс, сексен мыңның үстінде. Біздің есебіміз бойынша, айттық, Байдардың туы астында байырғы жұрттан бір түмен, яғни небәрі он мың, қосымша, құрама жасақ – мордва, орыс, бұртас пен бұлғар, батыс қыпшақ – жиыны жарым түменнен аспаса керек, бәрін қосып келгенде, он төрт-он бес мың жауынгер. Шешуші шайқас Легница кентінен тоғыз шақырымдай жердегі, полякша Добре-Поле, немісше Вальштатт – Жайсаң Дала аталатын, жатаған қырқалар арасындағы жазаң алқапта өткерілген. Таң азаннан қараңғы түнге ұласқан ғаламат майданда көшпенділер қаруы үстем шығыпты. Бас қолбасы, ел иесі Генрих Пірадар жаралы қалыпта тірідей қолға түсіп, өлімге кесіледі, қарақұрым қалың қол – әлде жетпіс, сексен мың, бәлкім, Матвей Меховский айтқандай, жүз мыңдық қисапсыз әскер түгелге жуық харап болыпты. Бұл кезде Еке Ұлыс жағы, жеңісті ұрыстардан соң, нақты есеп үшін, өлген жаудың оң құлақтарын кесіп алып, нақты санақ жүргізеді екен. Әйгілі поляк тарихшылары – ғаділ және ұлтшыл Ян Длугош пен білімпаз Матвей Меховскийдің айтуынша, ұрыстан соң кесіп, жиналған құлақтар тура тоғыз қапшық болыпты. Сондай ғаламат, аяусыз қырғын. 1241 жыл, 9 апрель.
Арада екі күн өткенде, Венгрия шегі, Шайо өзені, оң жағалық Мохи жазығында, бұл жолы Бату хан мен король Бела әскерінің арасында шешуші шайқас өтеді. Венгр патшалығының бұл майдандағы әскерінің жиын саны, алман шежірелерінің айтуынша, сексен, әлде жүз мың. Негізінен мажар болғанымен, бұл да құрама: Батыс Еуропалық рыцарлар және Шығыс славян қосындары бар. Ал Бату ханның әскері отыз мыңға толар-толмас. Алайда, ерлігі асқан, ұрыс тәсілдері ұтымды, озық Еке Ұлыс қосындары жарым күнгі қырғыннан соң, айқын басымдыққа жетеді. Бар әскерінен айрылған король Бела әрең қашып құтылыпты. Легница шайқасынан екі күн кейін, 11 апрель 1241.
Біз Еуропа шегінде өткерген 2006-2015 жылдар межесінде осы, қанды, әйгілі екі ұрыс даласын да көрдік. Легницада, әуелде ұлым Едіге мен есімдері нысаналы Бату, Байдар дейтін немерелер және соңыра келін, бәйбішеммен, атаулы күн – 9 апрельде, жиыны үш рет болдым. Шайо – Мохи алаңына да, 2010 жылы, ұрысқа сәйкес 11 апрельде, баламмен, немерелеріммен бірге барып қайтқан едім. Өткен ғаламат ұрыстар тарихына қатысты жер бедерін нақты байыптау ғана емес. Біз үшін мерей, мақтаныш болса, Орталық Еуропа жұрты үшін өлшеусіз қасырет майданы. Қайткенде, туған халқыңның өткен тарихы. Бүгінге жетпеген, көңілде елесі ғана қалған айдынды рухың. Ешкім, ешбір тарихтан өшіріп тастай алмайды. Соған орай, Шыңғыс хан эпопеясында барынша бажайлап, жеткере жаздық. Ілкіде ескерткеніміздей, жаңа, дербес кітаптың толымды бітімі үшін қарабайыр қайталаумен шектеліп отырмыз.
Хош. Ондаған шағын шайқас, бұрын-соңды болмаған екі үлкен қырғын майдан – ендігі кезек бізге келеді деген қауіппен бүткіл Еуропа қалтырап отырды дейді. Ешқандай амал жоқ. Әскер топтап қарсы шықсаң, ажал сағатын одан әрмен жақындата түседі екенсің. Ендігі бар үміт – рақымы мол құдайда ғана. Ақыры, жаратқанның көмегі, әлде шайтанның шырмауы – Аттила заманында бір бөріккен Батыс жұрты, бұл жолы таза христиан қауымы, тағы да аман қалыпты. 1241 – сыйыр жылының соңы, қазіргіше желтоқсан айының 11 күні Шыңғыс ханның тікелей мұрагері, ақылман, мейірбан, бірақ кенеусіз маскүнем Өкетай қаған дүниеден өткен екен.
Елге оралу
Бұл кезде Мажарстан тұтастай жауланып болған. Тақау көршілері түгел қираған. Түп негізі кейінгі Қазақ даласынан қозғалған, Мұғажжарды басып, Еділден өтіп, Қарпат тауларының етегінде аялдап, ақыры, Еуропаның қақ ортасына барып түскен, көп ұзамай-ақ айрықша қуатқа жеткен, төңірегін түгел шапқындап, өрісін мейлінше кеңейткен мажар жұрты – Венгр корольдігі енді опыр-топыр жағдайға түсіп, ойран болып жатыр. Бірақ Шайодан соң тоқтаусыз қашқан, ақыры қазіргі Хорватия шегінде бой жасырған король Бела қолға түспей-ақ қойды. Небәрі бес мыңдық, бірақ бетіне жан келмес жауынгер жасақты бастаған Қадан ханзада Адриа теңізінің жағасынан бір-ақ шығады. Тәрізі, әуелгі теңіз – Шүржен шегінен әрмен, шығыста болса, ел аңызындағы, Шыңғыс хан айтыпты-мыс Соңғы теңіз осы тәрізді. Соңғы болар, болмас, ұлан асыр жорықтың ақыры екен.
Өкетай қағанның күтпеген өлімі туралы хабар Орталық Еуропаға бес айдан соң әрең жетеді. Бату қиыр озған Қаданға кері қайтуға жарлық береді, өзі де бар әскерімен ел бетіне бұрылыпты.
Осы орайда, бұрынғы, кейінгі тарихнамада Бату ханның Батыс жорығы неге орта жолдан үзілді дейтін сауал туындаған. Ең айқын жауап орыстан шығады. Арыда, Ресей империясы заманында тарихшылар, ақын, жазушылар тарабынан айтылған. Кейінде советтік қызыл империя кезінде дәйектеліп, біржола бекітілген. Барлық мәселе ұлы орыс халқының жанқияр қажыр-қайратына байланысты екен. Татарлар мұндағы жеке кінәздіктерді жаулау кезінде ойсыраған шығынға ұшырап, әбден әлсіреген еді, әйтсе де, әуелгі ағынымен Батысқа қарай төңкерілді. Алайда, артта қалған Орыс елі басқыншыға қарсы күресі мен қарсылығын тоқтатпады, тіпті, күшейте түсті. Сондықтан, көк желкеде Орыс елін қалдырып, бұдан әрі ұзап кету – мейлінше қатерлі. Ақыры, айрықша қауіп ойлаған моңғол-татарлар ат басын кері бұруға мәжбүр болды. Орыс қауымы сонау ұлы ақын Пушкиннен бастап, кешегі Чивилихин дейтін шаласауат жазарманына дейін, біз бүткіл Еуропаны апат пен ажалдан сақтап қалдық деп дабылдайды.
Шындығында... жаңа жауланған Шығыс Еуропа әзірше біржола тыншымаған. Қыпшақтар наразы, толқынып тұр. Бұлғар қайта көтерілді. Мордва және басқа бір тайпалар да қарулы күресін жалғастырған. Ал ұлы Орыс... тыпа-тыныш. Селт еткен жел, әлденендей күбір-сыбыр атымен жоқ. Еке Ұлыс әскері жаулаған, жүріп өткен аймақтар сөзсіз бағыныш танытып отыр. Оны аз десеңіз, Бату ханның Батыс жорығына қосымша әскер берген. Жүз болар, мың болар, орыс жауынгері Легница мен Шайода көрініп қалады. Яғни, арттағы қарсылық, Еуропаны сақтап қалу қайда, бірге жауласқан. Сол Еуропаны. Мұны аз десеңіз, кері қайрылған Еке Ұлыс әскері ел шетіне жетер-жетпесте, бұрнада азат қалған орыс кінәздерінің өзі бірінен соң бірі келіп, Бату ханның аяғына бас ұрған, бодандыққа сұранған. Болды, бітті. Есебі, Батыс жорығына тоқтау салған – қайтпас қаһарман Орыс емес екен.
Дәп осы ретпен Еуропа тарихшылары мен жазушыларының да адасқаны бар. Жабайы көшпенділерге темір-жүрек Еуропа рыцарлары ауыр соққылар берген, ақыры қиратып жеңіпті. Мәселен, Легницада. Және Моравия – Оломоуц түбінде. Бұл ертегіге данышпан Гөтенің өзі сеніп қалған. Зәуде сүйініп айтқаны бар. Аз-маз сауатты Еуропа тарихшылары кейінірек басқаша бір қисын табады. Енді атаулы жеңіс те, жеңіліс те жоқ. Алайда, Еуропа рыцарларының ерлік күресі арқасында, татардың тұмсығы тасқа тиіп, қисапсыз қазаға ұшырап, мүлде титықтаған екен. Бұдан арғы майданға шыдамай, кері қайрылған.
Міне, осындай ғажайып шешімдер.
Ақыры, тарих ғылымы біршама дамыған ХХ ғасырда біраз жағдаят басқаша байыптала бастайды. Орыстан тартып, бүткіл Еуропаның таңдама әскері қирап жеңілуі анық. Алда – мүлде дерлік қорғансыз Рим мен Париж тұрған. Бірақ орта жолдан ат басы кері бұрылыпты. Ең негізгі себеп – иә, Өкетай қағанның өлімі, осыған орай Шыңғыс хан мемлекетінің болашағы, яғни алдағы қаған сайлауының қам-қарекеті. Қайткенде, жорық үстіндегі Бату мен Байдар, Қадан мен Шәйбан және Жошы ұлысының шегінде қалған Берке мен Тоқай-Темір, тағы да қаншама ханзада Ұлы Құрылтайға қатысуы шарт.
Міне, енді ғана жобаға келді. Ең басты себеп – тақтағы қаған өлді, арттағы қалың ел иесіз қалмауға тиіс. Және Бату бастаған Жошы ұлысының болашағы да алдағы шешуші оқиғаларға тікелей байланысты.
Әрине, Өкетай қағанның өлімі – жорық жолының үзілуінің басты себебі. Алайда, шұғыл шешімнің бар мәнісі алдағы Ұлы Құрылтай, жаңа қаған сайлауға дайындық жұмыстары ғана емес. Бұл кезде Бату ханның Батыс жорығы өзінің негізгі мақсатына жеткен. Бейбіт елшілердің зорлық өліміне жауапкер Мажар патшалығы мың сан әскерінен айрылып, қалалары қирап, тас-талқан жеңілді. Ал әуелгі бір кілтипан – босқын қыпшақ мәселесі өзінен өзі шешілгендей. Мажар жұртынан пана тапқан баяғы Күтен хан, парасатты, жауынгер король Белаға қайшы алпауыт атаулының ақылсыз, топас, бірақ шешімтал озбырлығы нәтижесінде қапия қазаға ұшыраған. Орысты алып, енді Мажар шегіне шабуы мүмкін Татарға қосылып, іштен тоздыруы мүмкін деген қисынсыз күмәнмен. Бұдан соң, қарулы отыз-қырық мың қыпшақ әскері, үй-жайы, мал-басымен, тізгінін теріске бұрып, түп көтеріле қозғалып, Мажарстанның біраз аймағын ойрандап, Болғария шегіне өтіп кетіпті. Тұпа-тура татар шапқыны қарсаңында. Яғни, Батыс жорығының негізгі бір кілтипаны өзінен өзі орнын тапты деген сөз. Ал ел ауған қыпшақ мәселесі уақыт оза келе, оңынан шешілуге тиіс. (Шынында да, көпшілік бөлігі тым әрі ұзамай, бейбіт жағдай, өз еріктерімен Жошы ұлысының құрамына құйылған екен.)
Тосын жорықтың екінші бір, әуелгіден мәндірек, нақты дерегі айтылмаса да, ықтимал себебі – Жошы ұлысының аумағын одан әрмен кеңейту, жаңа, қосымша қоныс жөні болса керек. Бәлкім, осы келешек қажеті, бәлкім ізгілік, жанашырлық жөні, Бату Мажардың қираған қалаларын оңдауға, ең бастысы – жаппай ашаршылықтың алдын алып, азық-түлік жайын қамдау үшін ауыл шаруашылығын қалпына келтіруге жарлық береді. Әрине, әуелде естіген, шамалаған, кейінірек көзбен көрген жағдаят – Орталық Еуропаның ауа райы Еуразия өлкесімен салыстырғанда біршама жұмсақ екен. Тіршілікке де, шаруаға да ұтымдырақ. Бұл қолайлы өңір – орманы сирек, аласы, ашық далаңы көп, жасыл жазық – Мажар өлкесінен басталып, бүгінгі мемлекеттер шекарасы бойынша, Словакияның біраз жерін қамтып, одан әрі Австрияның шығысы, Сербия мен Хорватияның, Словения мен Боснияның терістігін алып жатқан Паннония алабы. Шөбі шүйгін, суы мол. Дәштідегі біраз жұртты түп көтере көшіріп әкелсе несі бар. Бірақ әуелде қызыққан Бату ойланып, толғана келе бұл тараптан айныса керек. Жайқын Еділ, тұнық Таң (Дон), берекелі Үзе (Днепр) дарияларының бойы – қысы қатаңырақ болса да, бар жағынан орайлы, халқы байлыққа бөгіп, сән-салтанатымен шалқып отыр. Рас, әзірше дүрбелең басылған жоқ, бірақ көп ұзамай-ақ әуелгіден де ырысты жаңа заман орнауға тиіс. Осы шексіз байтақ, ұйықты өлкені біржола баурау керек.
Ендігі бір, біздің жұртқа әуелде таң көрінген, кейінде жиреніш туғызған ерекше бір жағдаят – Еуропа халқының тақыр-таза кедейлігі. Бар жағынан алғанда. Қытайдың жібегі мен Мәуреннахрдың үлпек маталары қайда, әдепкі алтын, күміс, қымбат қазына атаулы жоққа жақын. Мыңғырған мал көрінбейді, жайқалған егін де шамалы. Мұндағы қауым тамағын қалай асырап отыр дерліктей. Ел-жұрттың тұрмысы жұпыны ғана емес, мейлінше жадау. Шағын ауыл, кенттері сұрықсыз, шаһарлары ыбырсып, осы сөздің тура мағнасында сасып, шіріп жатыр. Үлкен қалалардың ешқайсында таза су келтіретін һәм былғаныш, нәжіс атаулыны сыртқа ағызып әкететін жерасты құбыры атымен жоқ екен. Үлкен де, кіші де дәретін тақау жер, көше қалтарысында атқара береді. Көбіне-көп өз үйлерінде, қыш саптаяққа. Әрине, онысын таң асырып, күн оздырып сақтап отыру мүмкін емес. Соған орай ұтымды әдісін тауыпты. Сол мезетінде, кез келген уақытта терезеден, бірінші ғана емес, екінші қабаттан да, сыртқа ақтара салмақ. Кейде өтіп бара жатқан аттылы, жаяу кісінің басына. Және таң емес екен. Өстіп, онсыз да тар көшелері үнемі былығып жатады, қысқы аязда болмаса, жылымық кезінде, әсіресе қар еріген көктем, жаңбыр жауған жаз бен күзде балшықпен араласып, найқалып тұрмақ. Жаяудың тобығына жететін, аттардың шашасынан асатын былжыр. Әрине, қала атаулыда таза ауа атымен жоқ. Күндіз де, түнде де, қыста да, жазда да – жыл бойы иістеніп, аңқып жатады. Дем ала алмайсың. Жаңа ғана ішкен адал асыңды ақтарып салсаң ғажап емес.
Әлбетте, біздің ағайындардың әуелгі көргені – Венгрия, Польша, Силезия, Богемия мен Моравия, ішінара Австрия шегі. Бүгінде мағлұм болғандай, арғы жұрты – Батыс Еуропаның да оңып тұрғаны шамалы екен. Франция мен Италия, Испания. Дәп осындай сасық пен қорыс. Тіпті, кейінгі ХVІІІ ғасырдың өзінде Париж бен Рим, тіпті, француздың әйгілі Людовик корольдерінің сарайындағы сәулетті аристократтар мен әсем әйел заты сарай іргесіндегі бақ ішінде – ағаш пен бұта түбінде дәрет сындырған. Онысы да жөн. Бұтына жібермейді ғой. Сонда, анау үлкенін қайтпек? Ол да оп-оңай. Сырттағы тұрыпты, король сарайының ішінде кез келген қалтарыс мүйісте жеңілейе береді. Сөйтіп, амал не, король тұрағының өзі үнемі мүңкіп тұрған...
Алдыңғы қатарлы Еуропа осындай болғанда, ормандағы орыстың жағдайын ойша елестету қиын емес. Қаласы деп сондай. Ал үйлері үйшік – егеуқұйрық қаптаған, бүрге мен қандала өріп, тарақан басқан, қапырық, тар кепелер.
Енді міне, ертелі-кеш бізден үйренгені бар, әйтіп-бүйтіп өздері жеткені бар, ақыр-дүние теріс айналғанда, оқыс серпілген Еуропа жаңадан шыққан от қарудың күшімен бүткіл әлемді табанына салды. Сөйтіп, бір замандағы шын жабайы, кембағал жұрттың жаңа идеологтары біздің бар жағынан озық тұрған ата-бабамыздың кембағал тұрмысы, төмен мәдениеті туралы қымсынбай жазып жатыр. Және бізді де осыған иландырып қойды.
Ұзын сөздің қысқасы, Еуразия кеңістігін еркін жайлаған бұла жұртқа ол замандағы батыс халықтарының өзі – құнсыз, қонысы – мүлде қажетсіз екен. Міне, Адриа теңізіне жеткен ат басынның кері бұрылуының негізгі себебі.
Рас, қағанның өлімі, өлімінен де зардапты шығуға мүмкін кейінгі салдары әрқилы жайсыз ойға, қажетті қам-қарекетке жетелейді. Әйтсе де, әзірше көлденең біреу орталық өкімді зорлықпен басып алуы мүмкін емес. Бәрін де алдағы Ұлы Құрылтай шешпек. Бату хан әуелде асыға қозғалса да, көп ұзамай сабасына түсіпті. Енді мейлінше байыппен жылжиды. 1242 жылы көктемде басталған кері сапар – зор майдан, үлкен жеңістерден соңғы демалыс, мереке есепті, бір-екі айдан соң Дунайдың етегінде тыныс табады. Жаппай дамыл. Жаз өтіп, күзден озып, қыстан асып, келесі 1243 – қоян жылғы көктемге дейін.
Әрине, осыншама мазаң уақыт, ел іргесі дерлік тақау аймақта, алдағы ұлыспен байланыс күшейе түскен. Барыс, келіс, хабардар қатынас қана емес, қажетті әкімшілік шаралары. Ақыры. Бату ханның ғұзырындағы бар әскер қозғалысқа түседі. Көп ұзамай, Валахия мен Молдавия арқылы Дәшті-Қыпшақ шегіне өтіпті.
Қажетті бір дәйектеме
Алтын Орда тарихы қай ғасыр, қай жылдан басталады?
Айту оңай сияқты. Оңай болғандықтан әрқилы түйін жасалған. Бұл жерде мәселе атауда емес, мәністе.
Нақты «Алтын Орда» термині ХVІ ғасырдың орта шеніндегі орыс тарихи жазбаларынан көрініс тапқан. Ендігі өтіп кеткен әйдік мемлекеттің атауы ретінде. Қайдан, қалай шыққанын анықтау қиын емес. Әуелде Қарақорымдағы қағанның, кейінде Дәшті-Қыпшақ әмірінің басты ордалары. Алтынды Орда, Алтын Сарай. Бүткіл ұлыс шегінде. Ал орыста, әдепкі қатынаста – Орда. Сән-салтанатына сәйкес Алтын Орда. Әзірше мемлекет есімі емес, орталық билік орны. Бірақ сол әуелгі заманның өзінде қосымша ныспы ретінде қолданылған сияқты. Кейінгі кезеңде бірте-бірте тарихи әдебиетте жиі айтылып, ақыры біржола орнықты. Алтын Орда – енді әлдебір сәулетті, негізгі, ресми үй-жай емес, тұтас бір мемлекет атауы ретінде. Шығыс пен Батыста, барлық айғақтау, зерттеу нұсқаларда.
Қашанда мемлекет тарихы оның атауынан бастала бермейді. Әуелде бір, кейінде екінші атау, оның өзі орта жолдан өзгеріп жатуы мүмкін. Яғни, Алтын Орда мемлекетінің кейінгі, қалыптасқан атауы оның ту көтерген мезгілімен сәйкеспейді. Сонда, Еуразиялық алып мемлекет қай уақыттан бастау алмақ? Әр кезде, күні бүгінге дейін әрқилы байлау ұшырасады.
Көбіне-көп 1269 жыл, әйгілі Талас құрылтайы өткен меже айтылады. Мөңке қағанның 1259 жылғы күтпеген өлімінен соң Еке Моғұл ұлысының шығыс және орталық бөлігіндегі қиян-кескі азамат соғысы, империя астанасының жат жұрт түкпірі – Пекинге көшуі, осыған орай орталық өкімге қарсылық нәтижесінде туындаған алалық қана емес, біржола ыдырау – ақиқат шындыққа айналған. Талас құрылтайы бұрнада біршама қалыптасқан, ашық, жария жағдайды ресми түрде айғақтап, бекітті. Бұрнағы бөлшек ұлыстар енді туған жұртынан мүлде дерлік қол үзіп, әлдебір қиырда отырған Құбылайды Еке Моғұл мемлекетінің ең жоғарғы, заңды қағаны деп танымайды, әскер күшімен билікті басып алған антбұзар ғана. Тіпті, қылмыскер. Демек, ендігі Қытай патшасымен аралық ашық болуға тиіс. Бұдан әрі Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы және Өкетай әулеті – әрқайсы өз иелігін, жаңа шекараларын бекітеді. Яғни, бәрі де біржола азат, осы қатарда Алтын Орда ұлысы да толық еркіндік алды деген сөз. Өз ақшасы, өз низам, тәртібі бар дербес ел.
Анығы – бұл да шартты меже болатын. Шын мәнісінде Өкетай қағаннан соңғы кезеңде Бату жекелей өкім құра бастаған. Аралықтағы қатын-патша түгілі, заңды қаған Күйіктің өзіне сөзсіз құлдық ұрмайды. Бірер жылдық толқыма, Күйіктің өлімінен соң еңсесі көтеріле түскен. Енді, ресми түрде бүткіл Шыңғыс хан әулетіне Аға. Мөңкені өз қолымен таққа отырғызды. Бұдан әріде рәсім сақтап, шартты түрде Еке Ұлыс құрамында саналғанымен, бүткіл Батыс өңірдің дара билеушісіне айналды. Яғни, Алтын Орданың ту көтеруі – Бату ханның Батыс жорығына жалғас 1242 жылдан басталмақ. Бірақ бұл да ұшқары есеп. Шындығында, ұлы қаған Шыңғыс атасы көзінің тірісінде Батуды бүткіл Дәшті-Қыпшақ әмірі деп бекітіп кетті. Яғни, қазіргі тілге көшірсек, әуелден-ақ автономиялық ұлыс. Есебі, 1227 жыл. Алайда, бұдан бұрын дәп осындай өкімге жеткен Жошы тұр.
Біз ғана емес, әр тараптағы тарихшы, зерттеуші қауымның біршама бөлігі Алтын Орда тарихын осы Жошы ханнан бастайды. Және кейбір еңбекте нақты айтылыпты. 1222 жыл. Кейде 1225 жыл. Жошыдан бастауы қисынды, бірақ дәп осы 22-жылдың да, 25-жылдың да ешбір реті жоқ. Тиянақсыз, бұлдыр меже. Хорезм жорығының ақыры демесек. Онда әйгілі Құланбасы құрылтайы өткен 1223 жылға тоқтасақ керек қой. Қаған әкесі Жошының ендігі иелігін біржола бекітіп берген.
Алайда, жаңа бір кілтипан шығады. Шыңғыс ханның ғұзыры бойынша, Дәшті-Қыпшақ үлкен ұл Жошының еншісіне, Хорезм майданы басталар қарсаңда, тәрізі, 1219 жылы атап берілген. Біз бұл межені де толығымен қабылдамас едік. Анығы, одан да бұрын, тіпті, Шүржен соғысының соңы, 1216 жыл, тың тыныс кезінде. Ендігі кезекте, киіз туырлықты қауымның шеткері және ең бір үлкен бөлігі – Қыпшақ мәселесі көтерілген.
Ұлы қағанның атаулы жарлығынан кейін, 1218 жылдың ұзына бойы, Жошы Шығыс Дәштіні бастан-аяқ адақтап шықты. Шартты түрде дейік, қазіргі Қазақ даласын Еке Ұлыс құрамына келтірді. Бірақ әзірше біржола бекіте алған жоқ. Осыған орай, Жошы Шығыс Дәштіні толық баураған ең негізгі, таңбалы жыл – 1220 дер едік.
Шыңғыс ханның ұланғайыр Хорезм жорығының бір тармағы – Шығыс Дәштіні біржола игеру болатын. Үлкен ұл Жошыға басқа тарап емес, Сыр бойын жаулау жүктеледі. Бұдан әрі – байтақ Сары-Арқа. Түйіндеп айтқанда, кейінгі Қазақ Ордасы, бүгінгі Қазақ республикасының шегі тұтасымен. Жошы өзіне тапсырылған міндетті артық қантөгіссіз, тезінен және абыроймен атқарып шықты. Осыған орай, бүгінгі қазақ даласының Шыңғыс хан империясы құрамына қосылуы – осы 1220 жыл деп белгіленуге тиіс.
Жошы Хорезм майданына Үргенішті жаулау кезінде ғана қатысты. Бас қала және бүткіл уәллаят болашақ Жошы ұлысының құрамына енуге тиіс еді. Үргеніш алынған соң бар әскерімен Шығыс Дәштіге қайтып оралды. Атаулы ұлысының бас ордасын Ұлытауға орнатыпты. Өз сөзін аз-маз өңдеп, қайталап айтсақ, суы бал, шөбі шүйгін, ауасы хош Дәшті-Қыпшаққа, яғни кейінгі Қазақ Даласына жетер қоныс жер әлемде жоқ екен. Құтты мекенге біржола орныққан Жошының ақыры осы Ұлытауда тыным тапқаны белгілі.
Сонымен, жинақтап айтсақ, ғаламат Еке Моғұл империясының құрамындағы автономиялық Жошы Ұлысының іргесі бекіп, туы көтерілуі – 1220 жыл болады. Арада жиырма жыл өтпей, қанатын кеңге жайып, бүткіл Дәшті-Қыпшақ – Еуразия құрылығының жарым жерін қамтыған ұлы мемлекетке айналғаны мағлұм.
«Жошы ұлысы» – бүгінде қайта жаңғырып, көпшілік қабылдаған атау. Сонымен қатар, әуелгі Жошы ұлысы – Дәшті Қышпақ өлкесін шығыс тарихшылары әр кезде Берке ұлысы, Өзбек ұлысы, Тоқты ұлысы деп те атай бергені белгілі. Біз барлық заманға ортақ, әрі Батыс пен Шығыс тарихнамасында орныққан Алтын Орда атауын мақұл көрер едік. Сонымен қатар, ұлыстың негізін салған және ақыр соңына дейін тікелей ұрпақтары билеген алып мемлекетті Жошы ұлысы деп атау да қисынды және ғаділетті. Иә, айтпақшы, сырттай Қыпшақ мемлекеті, Қыпшақ патшалығы, өз ортасында Ұлұғ Ұлыс дейтін атаулар да қолданылған. Және жалпылама – Дәшті-Қыпшақ. Бұл негізгі атаулардың барлығы да өзара мәндес, артығы, кемі жоқ, нақты. Әйтсе де, шашыратпай, Жошы ұлысы Алтын Орда десек анығырақ болар еді. Немесе, тек қана Алтын Орда.
(жалғасы бар)