Халықаралық шаңғышы журналистер Алматыда бас қосты

4610
Adyrna.kz Telegram

Алматыда Шымбұлақта SCIJ (The Ski Club of International Journalists) Халықаралық шаңғышы журналистер клубының 69-шы отырысы ашылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Биыл Қазақстан ұйымдастырушы ел ретінде әлемнің 30-ға жуық елінен 150 журналисті қабылдауда. Жиынды Қазақстан Республикасы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаев ашты.

 «Бүгін сіздерді ерекше іс-шара - Халықаралық шаңғышы журналистер клубында қарсы алуға қуаныштымыз. Бұл шара түрлі елдердің кәсіпқойларын біріктіру үшін ғана емес, сонымен қатар еліміздің керемет жерлерімен танысуға бірегей мүмкіндік беру үшін жасалған», - деді вице-министр.

Наурыздың 3 мен 10 аралығында қатысушылар үшін тау шаңғы бойынша жаттығулар мен жарыстар, кәсіби тақырыптардағы пікірталас, пайдалы кездесулер жәнеҚазақстанның мәдениеті мен ұлттық тағамдарымен танысу өтеді.

SCIJ кезекті кездесуінің бас серіктесі – «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы. Шара Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Шымбұлақ тау курортының 70 жылдығы аясында өтуде.

Клубтың жыл сайынғы отырыстары халықаралық журналистер қауымдастығының нығаюына септігін тигізіп қана қоймай, ел туризмінің дамуына да әсер етеді. Сондықтан әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарды қарсы алу арқылы Қазақстан өзін перспективті тау-шаңғы бағыты ретінде көрсетуге мүмкіндік алды. Мұны «Kazakh Tourism» басқарма төрағасының орынбасары Даниель Сержанұлы да қонақтарды құттықтау сөзінде атап өтті.

 «Ұлттық туристік компания ретінде біз халықаралық журналистердің назарына еліміздің кереметтерін паш ету құрметіне ие болдық. Бұл басқосу елімізде және одан тыс жерлерде қысқы туризмді дамытуға зор үлес қосады деген сенімдеміз. Осы іс-шара барысындағы идеялар, тәжірибе мен білім алмасу Қазақстанның қысқы спорт түрлері мен туризмінің болашағын қалыптастыруға тұрақты түрде әсер ететіні сөзсіз», - деді ол.

Қазақстанның SCIJ-дегі тарихы 2012 жылдан бастау алады. Сол жылы еліміз Түркиядағы клубтың жыл сайынғы отырысына қонақ ретінде алғаш рет қатысқан болатын. Ал 2013 жылдан бастап үш адамнан тұратын қазақстандық команда Италияда өткен жиында SCIJ-ке ресми түрде қабылданды. SCIJ Kazakhstan клубы құрылғаннан бері 10 жыл ішінде қатысушылар саны 48 адамға дейін өсті.

Кездесуді өткізу бойынша SCIJ клубының бас серіктесі Қазақтуризм Ұлттық компаниясы болып табылады. Клубтың серіктестері Алматы туристік бюросы, Kaspi.kz, Everest Development, Porsche брендімен Orbis-Auto, Лотте-Рахат, «Евразия»сақтандыру компаниясы, Turkish Airlines және Шымбұлақ тау курорты болды.

Қазақстандық клубтың негізгі мақсаты – белсенді өмір салтын насихаттау, журналистерді, және олар арқылы халықты қысқы спорт түрлеріне тарту, халықаралық аренада Қазақстанның туристік әлеуетін насихаттау, сондай-ақ қатысушы-журналистердің бұқаралық ақпарат құралдарында еліміздің жетістіктері туралы ақпарат беру.

Пікірлер