Жарылыс өз миссиясын жақсы атқарып шықты

2364
Adyrna.kz Telegram

"Қазақстан сыртқа есікті айқара ашқан, азуын айға білеген алып елдер қатарпына еніп келеді" - деп, ұрандатқанда алдымызға жан салмаймыз. "Ләппай тақсыр!" - дейтін момын халық оған да сеніп келді. Ертегімен елді алдаған алдамшы биліктің ақыр аяғы тоз-тозы шығып, сансырай бастады. Мұны билік те, Елбасы да сезді. Сезді де қадамды қалт бұрып, күтпеген шешім жасады. Осылайша, Елбасымыз 30 жыл омалып отырған тағынан кеткендей сыңай танытты...
Халық әлі бейқам күйде... Өліара ұйқыдағы жұртты Украин халқы селт еткізді. Анығы лап еткізді. Әр кімнің ішінде тұтанып, бықсып жатқан шоқ отқа айналған күй кештік. Ешкімнің бұйрығы, нұсқауынсыз-ақ, халық өре түрегелді. Дәл осындай серпіндегі елдің аңысын аңдап жатқан Ә.Қосанов ел арасынан "мен қарапайым ауыл баласымын" деп жарқырап-жайнап шыға келді. Жылт еткен үміт жанымызға майдай жағып, жаппай Қосановқа дауыс бердік. "Сенген қойым сен болсаңның" кебін киіп, ол да саяси өлік болып шықты. Бәлкім биліктің қысыман ба екен, табан тіреп соңына дейін "бәстесуге" шыдас бермеді. Соңғы сәттерде "ләппайлағанның көкесін" Әміржан мырза көрсетті. Сайлауға барамыз деп санымызды сипап қалдық. Әлі үміт сөнбеп еді...
Намысты халық атойлатып тағы шеруге шықты. Себебі Зеленский сияқты рухты сөзбен, отты көзбен қадам басатын жаңа басшыны күткен еді. Демек, келесі қадам (шеру) Қосанов үшін емес екені айдан анық. Салы суға кетіп ашынған халықты күштікқұрлымдар арқылы басу ғана қолынан келді біздің биліктің. Кәрі жас демей жұлқылады, ұрды-соқты, қинады... Жазықсыз жұртты титықтату үшін тым құрығанда айыппұл арқалатты. Арасында Ринат Зайытов та жалт етті де жоқ болды. Мейлі, қалай болмасын, қарапайым халық үкіметке әлжуаз, үркек халық емес екенін дәлелдегісі келді. Амал нешік, рух бар билік жоқ... Әлі де сөнбеген үміт, өлмеген рух... Алып атыраптағы рухы сөнбеген арыстарымыз - Абылай, Кенесары, Қабанбай, Бөгенбайлардың ұрпағы екенімізді көрсеткіміз келді. Мемлекетке деген ашу қарадай қысып, тағы да бір шерулердің шетін шығаруға тістеніп жүргенде, Арыстағы қойма "вуаля" деп жарыла қалды. Соңғы ақпараттар бойынша жарылыстан 2 адам қаза тапты. 89 адам жарақат алып, ауруханаға түсті. Бәрі жан сауғалап қашты. Балалар анасынан көз жазып, күйісі кетіп, өз ұясынан адасып қалды. Бейбіт күнде бей-берекет,тоз-тозы шықты. Дала шаңға, аспан түтінге тұншықты...
Өлі тыныштық... Халық қояндай үркіп, өткен-кеткенге жалтақ-жалтақ етіп мүсәпірдің күйін кешуде.
Сіздің ше, жоғарыдағы аталған жағдайлар түгелімен дерлік кездейсоқтық деп ойлайсыз ба, әлде Тәңірдің маңдайға жазған "тәтті сыйы" ма? Жо..жоқ, көкем! Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды. Талай жыл жарылмаған снарядттар аяқ асты тарсылдап қоя берді. Қандай күшті ертегі ә?... Баяғы тарихи сүрлеудің жалғасы емес пе деген ой келеді мұндайда. Әйтпесе тыныш күнде "оқтаусыз жатқан мылтықтың" білтесін біреу тартпаса, тапа-тал түсте оқыс оқиғаның орын алатыны қалай? Тіптен бұндай үлкен жарылыс қолында құзіреті бар "Құдыретті пенденің" ғана қолынан келетіні бесенеден белгілі. Үкімет тарапы соғыстың не екенін мүлдем ұмытып қалған бізге, "Бейбіт күннің қадірін біл ағайын!" - дегісі келген сыңайлы. Меніңше дәл осы қадам арқылы жарылыс өз миссиясын жақсы атқарған көрінеді. Жарылыс деп жүріп, митингтің "м" деген әріпінде ұмытып қалдық. Шынында, шемен мұңын шерге айналып отырғанда шеруге шығуға шаман қайдан келсін, қайран қазағым?!
Қазіргі байлық - халық. Байлығымыз сетінемесін! Не де болса, жұртымыз аман, еліміз тыныш болсын! Соғыссыз өмір, бейбіт тірлік халықтың да басты арман-мақсаттарының бірі. Тіпті, күнделікті тілегі! Ендеше жұрт тілеуі қабыл болсын! Халқым аман болғай!

Ақгүл АЙДАРБЕКОВА
Адырна ұлттық порталы

Пікірлер