Айбек Ережеп: Өз орнына қою керек...

3791
Adyrna.kz Telegram

Өз орнына қою керек...
Жағалау да жүрген кезім ойланып,
көрдім айдың көл түбін де жатқанын.
Шықсам дедім тұңғиықтан айды алып,
Күтпек болдым сосын таңның атқанын.
Таң да атты көк өзенді терлетіп,
Шөп басына қонған шықты құрғатты.
Көл астында ақша бұлттар тербеліп,
Ай орнында алтын кірпік күн жатты.
Қайтпек керек. Уақыт қайта келер ме,
Ешкім бізді сөкпеу үшін сынға алып,
Нар тәуекел, сүңгіп кеттім тереңге,
Өз орнына қою керек күнді алып!

Айға шығам

Шоқ жұлдыздар астындағы ауылға,
Көктен арқан салбыратып тастаған.
Айға түн де шығам шырақ жағуға,
Жолда адасып кете ме деп жақсы адам.
Қосылады тағдыр деген соқпақтар,
Өткінші өмір атындағы даңғылға.
Нұрдан қашып иі қанған батпақтар,
Тартып барад(ы) тамұқ деген тандырға.
Аямайды мейірімсіз періште,
Мыйы қайнап жатқандарды шоқ басып.
Сырты думан, рахат- ұқсап пейішке,
Қара жалын қарсы алуда қақпа ашып.
Ал, астынан өзен аққан бақшада,
Шахиттердің сайрар шалқып жаны құс.
Менің жаным қуанбайды басқаға,
Хор қызына алып ұшса сағыныш.
Шоқ жұлдыздар астындағы ауылға,
Көктен арқан салбыратып тастаған.
Айға түн де шығам шырақ жағуға,
Жолда адасып кете ме деп жақсы адам!

I
Ай сәулесі көктен құлап түскен де,
Салмағынан шатыры үйдің зар қақты.
Түн - жапырақ жайып, жемісі піскенде,
Бір түп жусанға қара жер толғатты.
Жұлдыз біткен қанат қақты жымиып,
Көлеңкесі көлге сүңгіп су - су боп.
Самал сырын тыңдап қалған түн ұйып,
Тереземде ілініп тұр бұл сурет.
Ақша бұлттар - жұмақ жайлы түс көріп,
Ұйқтап жатқан арулардың күймесі.
Қолымдағы қауырсыным құс болып,
Айдыныңа қона қалда билеші!

II

Қарлығаштар қанатымен жорғалап,
Түс көреді кеңістікке тығылып.
Күннің шөлі қанды бүгін қар жалап,
Сай - саладан сілекейі шұбырып.
Е, көңілім не арманың бар енді,
Біздің жүрек сұлулыққа құштарғой.
Әдемі бір әнге қосқан әлемді,
Мыйыма ұя салып алған құстарғой.
Алатауым киеді енді гүл етік,
Көкке сыймай бұлттар басын соғады.
Арса - арса ағаштарға дүр етіп,
Жасыл қанат көбелектер қонады!

III
Жасыл көйлек, орамалы алқызыл,
Қызғалдақтың жұпарынан сіміріп.
Қалғып кеткен уақытта бар ғұмыр,
Өмір исін тасиды жел жүгіріп.
Бал бұлақтақтан көлеңкесі су ішіп,
Шие ағашы толысуда шәрбатқа.
Алатудың төбесін де күн ұшып,
Алтын жебе қадап жатыр жан жаққа.
Жартастардан күміс тілі салақтап,
Тау өзені шыршаларға жыр оқыр,
Жасыл қырда жасыл жібін сабақтап,
Кесте тігіп көктем деген қыз отыр!

IV
Құлаш құлаш жыртып алып күн нұрын,
Бұтақтарға алтын өрнек перде іліп.
Дүние бүгін түріп қойды түндігін.
Шырқау көкте бостандық жүр тербеліп.
Ұйқтап қалған көлеңкелер көсіліп,
Шалғын көрпе, ағаштарды жастана.
Тыныштықтың абыройын өсіріп,
Жапырақтар дірілдейді жасқана.
Төңкеріліп кемпірқосақ төгілді,
Боянды да шыға келді бар алап.
Арман кезген ғалам неткен көңілді,
Көңілімді көктем кетті аралап.
Сұлулықтың жанарына байланып,
Қырқаларда бір - бірімен жарысып,
Қызыл - жасыл көбелекке айналып,
Қызғалдақтың бара жатыр жаны ұшып

V
Таң атқан да далиып дала жатты,
Кеш кірген де шамдарын қала жақты.
Қас қағым да сәбилер ержетті де,
Немересін жетектеп бара жатты.

Жылдар - айдай, ай - күндей парақталып,
Тоқтамады бір сәтке тағат тауып.
Ұялықтан секіріп жұмыртқалар,
Зенгір көкке сүңгіді қанат қағып.

Жаңа ғана көктем кеп кетіп еді,
Жаз жайғасты шалқытып от лебін.
Көлге сүңгіп шықсам деп шешінгенше,
Ақ кіреуке мұз қатты бетіне оның.

Алданған сезім

Күн алдында біреумен танысқаны,
Ай алдында біреумен табысқаны.
Құшағына алғаны жүрегі жоқ,
Жүрегі жоқ сезімдер алыстағы.
Гүл болғаны ертесі қар басқаны,
Жымиысы жылауға алмасқаны.
Көңіліне күйемен сурет салып,
Қадамдардың тұманға жол бастауы.
Минуттары егілген сағаттары,
Айды, жылды көңілсіз парақтауы,
Сүйем деген сөзді естіп кеш батқаны,
Жалғыздығын құшақтап таң атқаны.
Қиянатқой, қиянат сенімдерге,
Мөлтілдеген мөп - мөлдір көңілдерге.
Пәк сезімдер асылып өліп жатқан,
Жүрегінен сүймеген еріндерге.
Жалғыз тал гүл жылылық күтті асығып,
Сәулелерді ағаштар күрт жасырып.
Оның нәзік жүрегі айтады ылғый,
Күннің көзін көрсем деп бұлтқа шығып!

Таң

Алатау күн көтеріп төбесіне,
Алтын құйды балқытып көзесіне.
Қазынасын ашты да шығыс қаған,
Жарты әлемнің тиеді кемесіне. Сарарқаға сарқырап алтын ақты,
Көкшетаудың көк мұзын зар жылатты.
Алтай менен Ақжайқ аралығын,
Сауытындай Сақтардың жарқыратты.
Көңілімнен тамшылап сезім өлең,
Жыр сұрады құстардың өзі менен.
Толқи қарап қалыппен дүниеге,
Көрде туған баланың көзіменен!!!

Кеш

Күлтесіне оранды қауыз ғалам,
Батыс жақта бар сынды жауыз надан.
Батқан күннің қып - қызыл қанын шашып,
Құрбандықтың малындай бауыздаған.
Қып - қызыл қан тамады тау бетінен,
Айырылып дүние сәулетінен.
Қара киген түнектің иығына,
Қонақтайды жұлдыздар әулетімен.
Ұйқы қонып тірліктің іргесіне,
Сабыр сақтап самарқау тұрды есінеп.
Сәуле ғұмыр сыбырлап көңіл айтты,
Өлген күннің ай іліп мүрдесіне!

Пікірлер