«Майқайың Алтын» карьеріне құлап кеткен құтқарушылардың заттары табылды. Бұл туралы Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Майқайың Алтын» АҚ кенішінде іздеу жұмыстары жүргізілген жерде бүгін жаңа бөлшектер, яғни құтқарушының каскасы, автобустың ішкі сөресі есігінің кішігірім бөлігі және де құтқарушының «XFERRA» қол радиостанциясы табылып, жер бетіне көтерілді»,—деді ол.
Еске сала кетейік, бұған дейін құтқарушылар автобустың үлкен бөлшегін – дөңгелегін тапқан болатын.
Бұған дейін апанға түсіп кеткен автобустың шопыры Айып Тілеубергенов пен құтқарушы Айдос Шәймерденнің туыстары Президент Тоқаевқа үндеу жолдап, шетелдік құтқарушыларды шақыруын сұраған.
Осыдан 10 күн бұрын құтқару жұмыстарына 147 құтқарушы мен 45 техника үш ит жұмылдырылғаны хабарланған. Оның ішінде 45 құтқарушының шұңқыр түбінде жұмыс істеп жатқаны айтылған.
Апат қаңтар айының 4-інде болған.