Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қолма-қол ақшаға жаппай көшу және мобильді аударымдардан бас тарту туралы айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Менің ойымша, бұл – уақытша құбылыс. Кейбір кәсіпкерлердің тарапынан түсінбеушіліктер орын алған соң, осындай дүрбелең пайда болды. Біз мемлекет үшін жұмыс істегіміз келеді, бұл жерде маңыздысы кәсіпкерлердің мұны өз елі үшін жасау керектігін түсінуі. Сіз сұр аймақтарда жұмыс істей алмайсыз. Қазақстан әлемдегі қаржылық технологиялар мен мобильді аударымдар бойынша әлемдегі цифрландырылған елдердің бірі.Бізге АҚШ-тан, Еуропадан келген шетелдіктер цифрландыру деңгейін көріп, таңғалады, - деді Әлібек Қуантыров.
Ұлттық экономика министрі бұған дейін Қаржы министрлігінен шағымдар болса, тиісті мәлімдеме жасауға болады деген үндеу болғанын еске салды. Дегенмен, Әлібек Қуантыров жағдай жақсарады деп есептейді.
“Мен өзім электронды гаджеттерді белсенді пайдаланамын. Бұл өте ыңғайлы. Ал экономика үшін айрықша проблемалар туындайды деп ойламаймын. Барлық адамдар ақшаға болса да тауарларды сатып алады. Банктер банкоматтарға көбірек қолма-қол ақша салуы керек”, - деп толықтырды министр.
Айта кетейік, қазақстандық кәсіпкерлер мобильді аударымдарға салынатын салыққа наразылық білдірген еді. Нәтижесінде олар тауарлар мен қызметтер үшін мобильді төлем түрінен бас тартып, қолма-қол төлем түріне көшкен болатын.
“Адырна” ұлттық порталы