Қазақстандық сенатор Сергей Ершов федералды телеарналардың бірінде көрсетілген ресейлік тарихшы Михаил Смолиннің Орталық Азия халықтары туралы мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Сенат отырысында журналистер депутаттың мұндай мәлімдемелерге қалай қарайтынын сұрады.
"Көп нәрсе өзгерді. Бірақ ресми тарих бар. Бізді Кеңес Одағы кезінде басқаша оқытты, қазір басқа. Ал аталған елдердің тарихы өте тереңде. Бұл жерде түріктер болған, олар бар және бола береді. Кімнің не айтатыны екінші орында. Сондықтан өзгенің пікірін бұлай қабылдамауымыз керек. Кім не айтпай жатыр", - дейді Сергей Ершов.
Сенатордың айтуынша, мұндай арандатушылық біреудің әдейі жасаған ісі екені анық.
“Бұл біздің арамыздағы (Қазақстан мен Ресей) қарым-қатынасты бұзу үшін әдейі жасалып отыр деп есептеймін. Біз қазақстандықпыз, біздің тарихымыз бай. Ұлы Отан соғысында бірге соғыстық, 600 мың адам қаза тапты. Әрбір төртінші қазақстандық соғысқа қатысты. Бұл қасиетті іс деп санаймын”, - деп қосты парламентарий.
Ершов Ресейге бірнеше рет барғанын және ресейлік әріптестерінен саясаткерлердің, тарихшылардың және БАҚ өкілдерінің Қазақстан туралы мұндай мәлімдемелеріне қалай қарайтындарын сұрағанын айтты.
“Бізде ақымақтар бар дейді, бірақ олардың әрқайсысының аузына қақпақ бола алмайсың. Ресейде біздің тарихымызды жақсы біледі, ал қазақтар ол жерде жақсы өмір сүріп жатыр. Ал, біз, орыстар осында жақсы өмір сүріп жатырмыз. Егер біз әрбір ақымақтыққа жауап беретін болсақ, не болады”, - деп қосты депутат.
Еске салайық, бұған дейін ресейлік тарихшы Михаил Смолин ресейлік телеарналардың бірінде 1917 жылға дейін қазақ пен өзбек ұлт ретінде болмағанын айтқан болатын.
“Адырна” ұлттық порталы