Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) жер сілкінісін ерте хабарлау жүйесіне қатысты жағдайға түсініктеме бере отырып, оның сынақ кезеңінен өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
«2023 жылдың соңында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің тапсырысы бойынша автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесінің (ААЕЖ) 28 сейсмикалық стансасының құрылысы аяқталды. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылды: 2022 жылға – 11 сейсмикалық стансаның құрылысы, 2023 жылға – 17 сейсмикалық стансаның құрылысы. Қазіргі уақытта жүйе сынақтық пайдалануға берілді және шетелдік тәжірибеге сәйкес, апробациялық кезеңнен өтіп, сынақ режимінде. Жүйені тестілеу кезеңі шамамен бірінші жартыжылдықтың соңына дейін созылады», - делінген сәрсенбіде таратқан хабарламада.
Еске салайық, 23 қаңтарда Алматыда болған жер сілкінісінен кейін ел дүрлікті. Табиғи апаттың алдын ала ескертілмегеніне қатысты сын айтылды. Артынша апатты алдын ала хабарлаудың автоматтандырылған жүйесіне 1,1 млрд теңге жұмсалғаны, десе де оның жұмыс істемей қалғаны белгілі болды. Алматылықтарды жер сілкінісі туралы алдын ала ескертуге жауапты және көрсететін қызметі үшін 1,1 млрд теңге алған компания экс-президент Назарбаевтың жиені Нұрәлі Әлиевке тиесілі екенін «Әділдік жолы» қоғамдық бірлестігінің (ҚБ) атқарушы директоры Дидар Смағұлов айтты.