Майқайындағы автобус құлады деп георадар сканерлеген жерден темір құбыр шықты. Бұл туралы оқиүа болған жерден журналист Оңғар Қабден жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Айта кетейік, «Майқайыңалтын» АҚ аумағында автобус ойыққа құлап кеткеніне он тоғызыншы күн.
«Георадар сканерлеген жерден автобус табылуы керек еді. Бірақ, ол жерден темір құбыр шықты. Кеше екінші экскаваторды әкеп түсірді. Қазір георадар көрсетті деген үш жерді қазып жатыр”, деп жазды журналист.
Георадар магнитометр мен гравиметрдің жұмысын да қатар атқарады. Ол кез-келген темірді көрсете береді.
“Шұңқырдың маңайындағы жер жарылып кеткен. Құтқарушылар белдерін арқанмен байлап, бастарын қатерге тігіп жұмыс істеуде. Жарылған жерді көріп бойыңды тағы да опырылып кете ме деген үрей билейді екен», деп жазды журналист.
Сондай-ақ, автобустың шопыры Айып Тілеубергенов пен құтқарушы Айдос Шәймерденнің туыстары Тоқаевқа Үндеу жолдап, шетелдік құтқарушыларды шақыруын өтінуде. Олар екі азаматымыз тірі дейді.
"Құтқарушылар жұмыс істемей жатқан жоқ. Істеп жатыр. Бірақ, техникаларының шамасы келмей жатыр ғой. Мен Айдосты тірі деп есептеймін. Тезірек іздеп, тауып беріңіздер", дейді Айдостың жұбайы Нұрсұлу Шәймерден.
Құтқару іздеу жұмыстарына 147 құтқарушы мен 45 техника үш ит жұмылдырылған.
Қырық бес құтқарушы шұңқырдың түбінде жұмыс істеп жатыр.