Қазақстандық тележүргізуші, медиаменеджер Владимир Рерих қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Медиаменеджер 67 жасында қайтыс болды. Бұл туралы оның бұрынғы әйелі, әріптесі Дана Нұржігіт Instagram-да хабарлады.
"Әлімнің әкесімен соңғы кездесуі екен… Володя, Владимир, Владимир Ахмадьянович Рерих бүгін Берлинде дүниеден озды…
Ұлды болдық. Түсініспеген жерден мен Қазақстанда қалып, сен Германияға кеттің. Бірақ, сен менің тұлға болып қалыптасуыма, маман болып өсуіме, ана болып бала тәрбиесінде неге мән беру керектігіме зор ықпал еттің, ақылшым, сапалылық, даналық, ар, кәсібиліктің биік өлшемі болдың. Парасатың, білімің, шешендік өнерің, зиялылығың ерекше еді. Желтоқсанда барамыз деп Берлинге билет алғаным жоспарлы сапар болған жоқ,қазан айында өзімнен өзім баланы саған апарғым келді. Соңғы кездесу боларын кім білген, Володя! Анаң Эмма Александровна, менің аяулы енемнің қасына кеттің… Балаң өзіңді көріп, биылғы туған күніңмен бірінші болып құттықтағаны соңғы рет екен ғой… Мына дүниеден тыныштық таппаған, түсіністік таппаған жаның жәннәттан рахат тапсын!", - деп жазды Дана Нұржігіт.
Журналист Владимир Рерих пен Дана Нұржігіт 1996 жылы 11 наурызда танысып, 15 жыл отасқан.
Белгілі тележүргізуші Рерих 1958 жылы Талдықорғанда дүниеге келген. 1987-1994 жылдары "Советский Казахстан" киножурналында режиссердің көмекшісі, редактор, "Қазақфильм" киностудиясында режиссер, сценарист және көркемдік жетекші қызметінде болды.
1996 жылдан 2003 жылға дейін "Хабар" агенттігінде басшылық лауазымдарда еңбек етті. 2006 жылдан 2011 жылға дейін - Еуразиялық медиафорумның бас продюсері. "Хабар" телеарнасында "Поздний Рерих" телебағдарламасының авторы және жүргізушісі болды.