"Майқайың алтын" кенішінде жерге құлаған автобусты іздеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Майқайыңда мамандар жерге құлаған автобусты 17 күннен бері іздеуде. 19 қаңтар күні іздестіру жұмыстарының барысын пысықтау мақсатында опырылған жерге қайта геосканерлеу жүргізілді. Шұңқырға екінші экскаватор да түсірілген.
Павлодар облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, шағын габаритті экскаватор 850 текше метрге жуық топырақты қайта қазып, екінші экскаватор орынды кеңейтті.
"20 қаңтарда барлық қауіпсіздік ережелерін сақтай отырып, екі экскаватордың көмегімен тік және көлденең сақтандыру, жүргізушісі бар екінші шағын габаритті экскаватор түсірілді. Ол автобус жүретін жерден ірі габаритті тастарды алып жатыр", – деп хабарлады облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Бүгінде Майқайыңдағы іздеу жұмыстарына 147 адам, 45 техника, үш кинолог және екі ұшқышсыз ұшу аппараты жұмылдырылған.
Оқиға орнында жұмыс істеп жатқан құтқарушылар шұңқырға құлаған автобустың бөлшектері мен екі адамның мәйітін тапқан.