Шымкенттегі кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығынан жоғалған үш жасөспірім қыз табылды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Шымкент Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“Жоғалған жасөспірімдерді іздеуге қаланың полиция департаментінің жеке құрамы жұмылдырылды. Тәртіп сақшылары жоғалғандардың фотосуреттерімен, сыртқы келбеті мен киімдерін сипаттайтын бағдарларды көрші аймақтардағы әріптестеріне жіберді. Жедел уәкілдер бір тәулік ішінде Алматы қаласының аумағында қыздарды аман-есен іздеп, тапты”, - деп хабарлады Шымкент ПД баспасөз қызметі.
Айта, кетейік, өткен жексенбіде полиция мен еріктілер 16 жасар Аделя Кеңесованы, 14 жасар Балжан Шәкен мен 13 жасар Нұрайым Саржанға іздеу салған болатын.
Жасөспірімдердің кеше кешке Алматы жатақханаларының бірінен табылғаны белгілі болды. Қазір үш қыз да Алматы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында.
”Адырна” ұлттық порталы