Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қызметкерлері аса ірі көлемде синтетикалық есірткіні өндіру мен таратуды тоқтатты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті синтетикалық есірткіні өндіру мен таратудытоқтатты. 2024 жылдың 3 қаңтарында Алматы қаласының іргесіндегі жалға алынған жеке үйде жедел уәкілдер екі шетелдік азаматты есірткі заттарын дайындап жатқан жерінде ұстады. Тінту кезінде заңсыз айналымнан 30 келі дайын өнім – «альфа-PVP» психотроптық заты, сондай-ақ 5,5 тоннадан астам прекурсорлар тәркіленді. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, есірткі Қазақстанда интернетпен сату арқылы таратуға арналған", - делінген сенбі күні таратқан хабарламада.
Сот қаулысымен сотталушыларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
"Адырна" ұлттық порталы