Бүгін — Қазақстанның белгілі саяси қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың туған күні.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы 1912 жылы 12 қаңтарда Верный (қазіргі Алматы) қаласында қызметкердің отбасында өмірге келген. 1936 жылы Мәскеу түсті металдар және алтын институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. «Прибалхашстрой» тресінде жұмыс істеп, ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарды басқарды. Атап айтсақ, Алтай, Риддер, Лениногор кеніштерінде басшылық қызметтерді атқарды. 1952-1955 жылдары Қазақстан Ғылым академиясын басқарды. Оның басшылығымен өнеркәсіпті де, ауыл шаруашылығын да дамыту, Қазақстанның табиғи ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында ғылыми зерттеулер жүргізілді. Қонаевтың өзі 200-ге жуық ғылыми еңбектер жариялады.
1955-1960 және 1962-1964 жылдары Қонаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы болды. Дінмұхамед Қонаев Қазақстанды басқарған жылдары республиканың өндірістік әлеуеті 700 пайыздан астам өсті, өнеркәсіп көлемі 9 есе, ауыл шаруашылығы 6 есе, күрделі құрылыс 8 есе өсті. Дінмұхаммед Ахметұлы туралы сөз бола қалса, көпшілік бір ауыздан «Қазақстанды 40 жыл басқарған Қонаев қой ол» деседі.
Қонаев отставкаға кеткеннен кейін Алматыда тұрды. 1993 жылы 22 тамызда Алматы облысы, Алакөл ауданы, Ақши ауылында жүрек талмасынан қайтыс болды. 1993 жылы 25 тамызда Кеңсай зиратында жерленді.