“West Oil Software” ереуілшілерді жұмыстан шығаратынын ескертті

1938
Adyrna.kz Telegram

«West Oil Software» компаниясы 12 қаңтарға дейін жұмысқа оралмаған қызметкерлер жұмыссыз қалатынын айтты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

«West Oil Software» ЖШС басшылығы компанияның шығыны туралы мәлімдеме жариялады. Компания келтірілген шығынды 499 миллион теңгеге бағалаған.

“Орындалуы мүмкін емес талаптардың қойылуы нәтижесінде компанияға күн сайын материалдық шығын келтірілуде.
Бүгінгі таңда ереуілге қатысушылардың заңсыз әрекетінің салдарынан компанияға шамамен 499 млн. теңге залал келтіріліп отыр. Бұл компанияның қаржылық жағдайына ғана емес, ереуілге шыққан жұмысшылардың отбасылық бюджетіне де әсер етеді. Ереуіл басталғаннан бері осы ереуілге қатысушыларға олардың әрекеттерінің заңсыздығы туралы бірнеше рет түсіндірілді. Сонымен қатар арнайы техникалардың кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары басталғандығы және жұмысқа шығу қажеттілігі туралы хабарланды. Компанияның ереуілге шыққан жұмысшыларымен мәселені келіссөздер үстелінде шешуге шақыру әрекеттері сәтсіз аяқталды. Жекелеген белсенділер мұндай бастамаларға тосқауыл қойып, ереуілді тоқтатқысы келетіндерге барлық талаптар жақын арада біздің пайдамызға шешіледі деп оларды жаңылыстыру арқылы ұстап отыр” деді компания басшылығы.

"West Oil Software" ЖШС басшылығы 2024 жылдың 12 қаңтарынан бастап заңсыз ереуілдің жалғасуына түрткі болған қызметкерлерді жұмыстан шығаруға ниетті.

Бұл ретте Қарақия ауданының мансаптық орталығында жұмыссыздық бойынша есепте тұрған азаматтарды бос орындарға жұмысқа қабылдау жоспарлануда.

 

Пікірлер