Экс-министр Қазақстан тарихы оқулықтарын қайта жазуды ұсынды

1753
Adyrna.kz Telegram

Сенат депутаты, бұрынғы Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Дархан Қыдырәлі Жошының қазақ хандарының арғы атасы екенін көрсету үшін мектеп оқулықтарын қайта жазуды ұсынды, деп хабарлайды “Адырна” порталы.

Сенатор Дархан Қыдырәлі Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады.

"Жошы ұлысының іргесі қаланғанына 800 жыл толуы қазақ халқының шынайы тарихына маңыз беру үшін тамаша мүмкіндік болып отыр. Мемлекет басшысы таяуда "Егемен Қазақстан" газетіне берген сұхбатында осы айтулы датаны еске салды. Президент осыған орай біздің мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай ауқымды зерттеулер жүргізу маңызды екенін атап өтті", – деді депутат. 

Оның айтуынша, осыған дейін Түркі академиясы Жошы ұлысы туралы зерттеулер жүргізіп, экспедициялар ұйымдастырған, тіпті ЮНЕСКО-да іс-шара өткізген. 

Сенатор биылғы жылы аяқталатын Қазақстан тарихы бойынша көп томдық ұлы Жошы хан туралы да тың деректер береді деп үміттенеді.

"Мектеп оқулықтары осы көптомдық негізінде қайта жазылғаны абзал. Онда Жошының қазақ хандарының атасы екені баса айтылуы тиіс. Сонымен қатар оқулықтарға қазақ мемлекеттігінің бастаулары туралы да соны деректер енгізу керек. Мәселен 6-7 сыныпқа арналған оқулықта Моғолстан мемлекетіне 1 параграф, 10-сыныпқа арналған оқулықта 4-5 жол ғана арналған. Ал осы Моғолстан жерінде Шу бойында Қазақ хандығының негізі қаланғаны белгілі", – деді сенатор.

Дархан Қыдырәлі еліміздің жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына Қазақстан тарихының кейінгі нұсқасын енгізудің маңыздылығын атап өтіп, осыған байланысты Үкімет басшысына бірқатар ұсыныстар жасады.

"Жошы ұлысына арналған іргелі зерттеулер жүргізу, арнайы музей жасақтау, Едіге байқауын өткізу, Ұлытаудағы ескерткіш кешендерді ЮНЕСКО материалдық мұралар тізіміне енгізу де өзекті. Елімізде өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Жошыны насихаттау үшін үлкен мүмкіндік. Сондықтан оларға ақпараттық қолдау көрсету, танымдық деректі және көркем фильмдер мен балаларға арналған мультфильмдер ұсыну да маңызды", – деді сенатор.

Пікірлер