Алматыдағы жалдамалы пәтерлердің бірінде туған әкесі екі ұлын аяусыздықпен өлтірген. Әжесінің айтуынша, қатігез әке балаларын ауруханаға апарамын деп алып кеткен, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, балалардың үлкені 5-сыныпта, ал кішісі биыл 2-сыныпта оқиды екен.
88 жастағы зейнеткер Валентина Осина күйеу баласы шөберелерін "жақсы көрмегенін", тіпті өзіне қарсы қойғанын жеткізді.
"Ол ешқашан менің шөберелерімді жақсы көрмеген. Тіпті туған күнімен құттықтамайтын. Оның 7 бауыры, 2 әпкесі бар. Солардың тек біреуі хабарласты, қалғандары бауырларының әрекеті дұрыс деп санайды. Үйлердің бәріне камера қойып, мені бақылап жүрді. "Сенің орның қоқыста", - деп мені балағаттап, үнемі үйден қуатын. Балаларға: "Әжелеріңді итеріңдер, қоқыс лақтырыңдар", - деп нашар тәрбие берді. 10 мәрте учаскелік полицейді шақырдым. Олар маған басқа жерге көшуімді ұсынды. Алайда мен шөберелерімді қимадым. Балаларды 4 желтоқсан күні ауруханаға алып кеткен болатын. Ақыры осылай аяқталды", - дейді марқұм балалардың әжесі Валентина Осина.
Кіші баласы менингитпен ауырғандықтан, есту қабілеті нашарлаған. Оқу маусымы басталғаннан бері үйден білім алыпты. Әкесі баланы өзі апарып, емдетіп жүрген. Бұл жолы да балаларды "Ауруханаға апарамын" деп алып кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, ол балаларды өлтіргеннен кейін бейнежазбаға түсіріп, бауырларының біріне жіберген. Балаларын өлтірген әкенің бұл әрекеті есірткіге еліткендіктен немесе ащы судың буымен жасады деген болжамдар да айтылды. Алайда бұл тек болжам ғана. Ер адамның балаларды қандай қарумен, қалай өлтіргені де белгісіз. Тек марқұмдардың бетінен тілінген пышақ іздері байқалған.
Кеше, 8 қаңтарда балалардың денесі жер қойнына тапсырылды.
"Адырна" үлттық порталы