Жаңа жылдан бастап зиянды еңбек жағдайында істейтін азаматтарға арнаулы әлеуметтік төлем тағайындалды. Бұл туралы еңбек министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Мәлімет бойынша, төлемнің орташа сомасы 200 мың теңгеден асады.
Арнаулы әлеуметтік төлем 55 жасқа толған және кемінде 84 ай міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары төленген, сондай-ақ зиянды жұмыстағы қызметін тоқтатқан жұмысшыларға беріледі.
Биыл зиянды өндірістерде істейтін 37 мың қазақстандық арнайы төлем ала алады. Оның орташа мөлшері 208 мың теңгені құрайды.
Төлем зейнет жасына дейін, яғни 63 жасқа дейін төленеді.
Арнаулы төлем алатын жұмысшылар ауыр жұмыстан жеңіл жұмысқа ауысуы шарт немесе өз қалауымен жұмыстан мүлде шыға алады.
Арнайы әлеуметтік төлем бірнеше жерден төленеді. Олар:
- бюджеттен 2 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы;
- жұмыс берушінің қаражаты есебінен 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде кәсіби төлем;
- сақтандыру ұйымдарынан зейнетақы алдындағы аннуитет шарты бойынша 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде сақтандыру төлемі;
- бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы.
2023 жылы 1 қыркүйекте президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыр және зиянды өндірісте жұмыс істейтін азаматтарға арнайы әлеуметтік төлем төлеуді тапсырды.
Айта кетейік, ауыр және зиянды өндірісте істейтін жұмысшылар қатарына шахтерлер, металлургтер, кеншілер және тағы басқалары кіреді.