Бүгінгі сатира. МАХАББАТ МИТИНГІСІ

3310
Adyrna.kz Telegram

Көшеге көже ішейін, немесе, күбіде қымызды пісейін деп шыққан жоқпын, вацап арқылы «Махабабт митингісі болады екен!» деген хабарландыруды құлағыма іліп алдым да, желігіп, жетіп келейін!

Махаббат дертіне ұшырағандар қолдарына бір–бірден жүрек суретін, үрілген жүрек пішіндес шарларын көтеріп келеді екен! Алдыңғы қатарда кәрі қыздар, екінші қатарда махаббатта жолы болмағандар, үшінші қатарда махаббатқа кедергі келтіріп жүрген оңбағандар, төртінші қатарда махаббаттан көңілі қалған кемпірлер, шатын шапалақтаған шалдар...

–Махабабт демократисы жасасын!

–Елімізде қыз алып қашатындар жойылсын!

–Шетелдіктерге тиген қыздар салық төлесін!

–Махаббат дертімен ауырып, махаббат мүгедегі болғандарға жеңілдіктер берілсін!

Осындай ұрандармен ұралаған махаббат шеруі махаббат полициясының тосқауылымен аяқталды. Жүрегім ауырып, өзім жақсы көретін қызды іздеп келемін. Әне, ол да махаббат шеруіне қосылды. Оған ұмтыламын, екі полицей жібермейді. Қашып кетіп едім, қуалап жүріп ұстап алды да:

–«Махаббат» партиясынансың ба? –деп сұрады.

–Жоқ.

–Олай болса, махаббат полиция бөлімшесіне жүріңіз!

–Не үшін?

–Махаббаты жоқ адамдар жазаланады. Махаббат кодексінің 101 бабы бойынша.

–Жіберіңіздер, мен үйге бара жатыр едім. Менің жүрегімде махаббат жоқ! –дедім мен әдейі. Полицейлер бұл уәжіме қарамады. Өзім ұнатқан сүйіктімнің көзінше тұтқындап, махаббат бөлімшесіне алып кетті. Құдайым–ау, мұнда кімдер бар дейсіздер ме, кеңкілдеп күлген кемпірлерде, шиқылдап отырған шалдар да, күрсініп, күңіреніп отырған кәрі қыздар да осында. «Махаббат сенің не теңің?» деп тергейді бір кемпірді тергеуші. Кемпір кеңкілдеп күліп: «Алғашқы махаббатымды ұмыта алмай жүрмін, қарағым!» дейді. Қысқасы, махаббат шеруіне қатысқаным үшін жаза арқаладым: өзім сүймеген бөтен қызбен бір камераға қамап, он сегіз рет зорлап сүйгізді. Қырық қызды біртіндеп құшақтатты. Мұндай қорлыққа шыдай алмай, шашым ағарып, мұртым гүлдеп кетті. О, махаббат, сен мәңгі жасайсың, адамдар арасында! Махаббатты тұтқындауға болмайды!

 

Мұхтар ШЕРІМ

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер