Тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде ислам діні қайта өркендеді, көптеген мешіттер бой көтерді. Сонымен қатар исламнан бөлек атын бұрын соңды естіп көрмеген әр түрлі діндер пайда болды. Әу баста дінге оң көзқарастағы азаматтар кейбір ағым өкілдерінің әрекетінен кейін кейбір дінге неге суып қалды?
Себебі әр түрлі ағымдардың өкілдері салтанатты жиында әнұранды орындамай, тіпті баласын әскерге жіберуге қарсы болды. Содан кейін адамдардың арасында мемлекеттік әнұранға құрмет көрсетпейтін «Бұл қандай дін?» деген сұрақ туындады. Сондай-ақ азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеуді қажет деп таппайтын әрекеті көпшіліктің діни ағымдардан көңілін суытты. Егер дін адамдары Ата заңды, Конституцияны құрметтесе, мұндай жағымсыз жағдай болушы ма еді? Бұл сұраққа белгілі дінтанушы Бақытжан Сатершинов жауап берді.
«Жалпы дін дегеніміз мемлекетке бағынуы керек. Себебі мемлекеттің қауіпсіздігі алдынғы қатарда тұрады. Ислам дініне келетін болсақ, елімізде Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бар. Сондай-ақ елімізде өзге діндердің діни бірлестіктері жұмыс істейді. Менің білуімше, солардың ішінде протестанттық бағыттағы жаңа діни ағымдар азаматтардың әскерге барып, Отан алдындағы борышты өтегенге қарсы. Сонымен қатар біздің ислам дінінің ішінде де радикалды көзқарасты ұстанатын діни топтар бар. Олар зайырлы мемлекетті мойындамай, Конститутцияның орнына шариғатпен жүру керек дейді. Яғни олар айналып келгенде ислами мемлекет құруды қош көреді. Бұл енді жалпы мұсылман жамағатына қатысты емес, кейбір топтардың ойлары болып саналады. Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына бағынатын азаматтарда мұндай радикалды, бөтен көзқарас жоқ», – дейді дінтанушы.
Азаматтардың әнұранды орындамай қоюуы қауіпті ме? Бақытжан Сатершинов мемлекеттік рәміздерге құрмет болуы керек екенін ескертті. «Ислам дінінде «Отанды сүю иманнан» деп айтылады. Туған жерге деген махаббат Мұхамед пайғамбардың хадистерінде айтылады. Оның үстіне адамзатты Алла Тағала әр түрлі ұлтқа бөліп жаратқаннан кейін олардың өзінің отаны мен жері бар. Сол себепті әнұран секілді мемлекеттік рәміздерге құрмет болу керек. Мысалы кейде жерде жатқан тиынды көтеріп алып жатамыз. Ол ақшаны пайда табу үшін көтеріп алып жатқан жоқпыз, тек тиында мемлекеттік рәміз болғаннан кейін ол аяқ-асты болмасын деп көтеріп аламыз. Бұл деген сөз азаматтың өз еліне деген патриоттық сезімінің бар екенін көрсетеді», – деді дінтанушы.
«Адырна» ұлттық порталы