«Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсауы кесілді

1628
Adyrna.kz Telegram
Фото: Adyrna.kz
Фото: Adyrna.kz

Бүгін, 28 қарашада ҚР Ұлттық кітапханасында «Абай» баспасынан жарық көрген 35 кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Баспа қазақ әдебиетінің классик ақын-жазушыларының шығармаларынан бірегей серия жасақтаған. Бұл серия қазақтың бас ақыны, хәкім Абайдан басталып, Дулат Бабатайұлы, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Мұхтар Әуезов, Алашорда қайраткерлері, Кеңес Одағы заманының әйгілі қаламгерлері, тәуелсіз Қазақстанның көрнекті жазушылары мен белгілі жас авторлардың шығармаларын қамтиды.

Тұсаукесерге Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз құттықтауын жолдап, ізгі ниетін білдірді.

Сондай-ақ шараға зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар қатысты. Атап айтсақ, Темірхан Медетбек, Смағұл Елубай, Ұлықбек Есдәулет, Г.Салықбай, Б.Беделхан, Ж.Сәрсек және М.Мақатаевтың, Сырбай Мәуленовтың, Ж.Әбдірашовтың, Т. Молдағалиевтың, Т.Досымовтың ұрпақтары, белгілі ақын Ерлан Жүніс қонақ болды.

Жоба аясында қазақтың бас ақыны, ағартушы, қазақ жазба әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, реформатор Абай Құнанбайұлының артында қалған рухани мұрасы «Жүректің көзі ашылса...», қазақтың әйгілі әулиесі, ақын, ағартушы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының әдеби мұрасы «Хал-ахуал», ұлы ақын Шәкәрім Құдайбердіұлының еңбектері «Насихат», сөз зергері Дулат Бабатайұлының шығармалары «Сандықтас» деген атаумен оқырманға ұсынылмақ.

Бұдан бөлек, қазақтың аса көрнекті ақыны, қазақ поэзиясына өзгеше леп әкелген Жарасқан Әбдіраш, Темірхан Медетбек, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, Светқали Нұржан, Табылды Досымов туындылары да осы жинақтардың салмағын арттырып тұр. Аталмыш кітаптар тізбегі ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов бастаған буын Исраил Сапарбай, Несіпбек Айтұлы, Күләш Ахметова, Сабыр Адай, Гүлнар Салықбай, Қалқаман Сарин, Танагөз Толқынқызы, Ерлан Жүніс есімді қаламгерлердің туындыларымен жалғаса береді. Солардың ішінде бүгінгі күннің бетселлеріне айналған Ұларбек Нұрғалымұлының «Дайағашы» кітабы мен Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» туындысы мүлде бөлек дизайнда, жаңаша форматта оқырманға ұсынылмақ.

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер