Қазақстан мен Катар билігі әскери келісімге қол қоюды жоспарлап отыр, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Қазақстан мен Катар әскери ынтымақтастық туралы келісімге қол қоймақ. Үкімет қаулысының жобасында:
"Үкімет пен Катар мемлекетінің үкіметі арасындағы әскери ынтымақтастық туралы келісімнің жобасы мақұлдансын", – делінген.
2022 жылы 12-13 қазанда Катар әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Тани Қазақстанға ресми іс-сапармен келген болатын. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша келісім жүзеге асырылады.
Келісім шеңберінде бірнеше шараларды іске асыру жоспарлануда:
- Әскери білім беру және әскери қызметшілерді даярлау;
- Әскери медицина;
- Әскери ғылым;
- Әскери саладағы мәдени және спорттық іс-шаралар;
- Бейбітшілікті қолдау жөніндегі операцияларға байланысты мәселелер бойынша консультациялар;
- Жауынгерлік даярлық;
- Тараптар өзара келіскен ынтымақтастықтың өзге де салалары.
Еске сала кетейік, биыл екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жыл толды. Катар Әмірінің сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Катардың Таяу Шығыстағы ҚР-ның ең маңызды серіктесі екенін атап өтті.