Қаза тапқан 40 адамның аты-жөні анықталды, 6 адам белгісіз - ТЖМ

1588
Adyrna.kz Telegram
фото: gov.kz
фото: gov.kz

31 қазанда ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смаиловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Костенко атындағы шахтадағы жағдай туралы баяндады, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Бүгінгі күні іздестіру-құтқару жұмыстары барысында 45 кеншінің денесі және алдын-ала болжам бойынша 46-шы қаза тапқан адамның дене бөлшектері табылды.

Қайтыс болған 40 адамның жеке басы анықталды, 6-ы анықталмады. Оларды сәйкестендіру үшін тиісті сараптамалар жүргізіледі.

Іздеу жұмыстары электр энергиясының болмауымен, тау-кен қазбаларының ұзындығымен, көптеген бұзылған механизмдердің болуымен қиындады. Су басқан жекелеген тау-кен қазбаларында жұмыс жасау қиынға түсті. Қазіргі уақытта ашық жану ошақтары жоқ, газ жағдайы қалыпты. Шахтаның қызметін қалпына келтіру үшін тау-кен қазбаларын зерттеу және жекелеген учаскелерде су сору жұмыстары жүргізілуде.

«Аварияның себептерін тергеп-тексеру шеңберінде Үкіметтік комиссия мүшелерімен бірге шахтаға түстім. Біз өте маңызды бұзылуларды анықтадық. Тау-кен қазбаларында шахта жабдықтары жылжып кеткен. 15-тен астам оқшаулағыш бөгеттер мен желдету құрылыстары қираған», - деп атап өтті министр.

Қазіргі уақытта тағы 7 шағын комиссия құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар тергеуге Қазақстаннан және шетелдерден сараптамалық ұйымдар тартылды.

Естеріңізге салайық, 28 қазанда сағат 2-ден 36 минут кеткенде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Костенко атындағы шахтада тереңдігі  700 метрде жану болып, кейіннен метан-ауа қоспасынан жарылған болатын.

«Адырна» ұлттық порталы

 

Пікірлер