Қырғызстан парламентінің депутаттары «шетел агенттері» туралы заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Жогорку Кенештің 52 депутаты жаңа заңды мақұлдауға дауыс берсе, жетеуі қарсы шықты.
Қабылданған заң жобасына сәйкес шетелдік ықпалмен жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдарға қатысы бар азаматтар бұдан былай 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Депутаттардың шешіміне байланысты Қырғызстанның бұқаралық ақпарат құралдары мен азаматтық қоғам өкілдері түрлі елдің, соның ішінде Еуропалық Одақ мүшелерінің, Ұлыбританияның, АҚШ пен Швейцарияның елшіліктеріне үндеу жолдады.
«Бұл заң жобасы елдегі демократиялық кеңістіктің айтарлықтай тарылуына әкеледі. Сондай-ақ Қырғызстан қабылдаған бірқатар халықаралық міндеттемеге қайшы келеді. Құжат күшіне енген бойда елдегі коммерциялық емес ұйымдардың біразы жабылып, ел азаматтарының құқығы айтарлықтай шектелуі мүмкін»,— делінген үндеуде.