Білім беру саласында ұлттық жобалар жүзеге асырылып жатыр

1491
Adyrna.kz Telegram
Фото: caravan.kz
Фото: caravan.kz

2023 жылы 3,5 млн қазақстандық оқушы мектепке барды. Бірінші сыныпқа барған оқушылар саны – 380 мың. Былтыр  оқу жылын 3,7 миллионнан астам оқушы аяқтады, 172 мың оқушы 11-сыныпты тәмамдап,  үлкен өмірге қадам басқан.

Бала білім алатын орынның сапалы тұрғызылуы, қауіпсіз болуы аса маңызды. Әйткенмен, елімізде заманауи стандартқа сай келмейтін білім ошақтары әлі де  бар. ҚР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде 7687 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді.  Оның 52-сі – апатты жағдайдағы мектеп. Одан бөлек 300-ден астам мектеп ағаштан және өзге де сапасыз материалдардан тұрғызылған. Бұлар енді кеңестік заманның сарқыншақтары.

Үкіметтің мәліметінше, жаңа оқу жылында отандық мектептерде оқушы орындарының тапшылығы 270 мыңнан асады. Ең көп орын тапшылығы халқы тығыз орналасқан Түркістан және Алматы облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкен қалаларында байқалады. Бұл өңірлер мен қалалар жалпы көрсеткіштен оқушы орындарының тапшылығының 60%-н құрап отыр.

Орын тапшылығы жақында ғана пайда болған проблема емес.  Биыл 143 мектеп үш ауысымда жұмыс істеп жатыр екен. 2021-2022 оқу жылында Қазақстанда 169 үш ауысымды мектеп болыпты. Елордасы Астана қаласында да 26 мыңнан астам оқушыға орны жетіспейді екен. Жыл сайын тұрғындар саны артып отырған мегаполис халқы амалсыздан балаларын жекеменшік мектептерге жетелеуге мәжбүр.

Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев оқушылардың лайықты білім алуы үшін барынша жақсы жағдай жасауды тапсырды. Алдымен, үш ауысымдық мектептер болмауы қажет. Себебі ол білім сапасына кері әсер етеді. Осы тұста «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асатын болады. «Жайлы мектеп» – жай мектеп емес. Аты айтып тұрғандай бала үшін жайлы жағдай жасалуы шарт. Спортзалдары үлкен, асханалары да кең, бөлек, бастауыш сынып пен жоғары орта және жоғары сынып оқушылары бөлек оқиды, оған қоса заманауи үлгіде жабдықталған сыныптарда білім алады.

Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалар ұлттық жобалар форматына көшіріледі. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы осы мақсатта жаңа жоспарларды жүзеге асырады. Төрт бағыттан тұратын ұлттық жоба ауыл мен қала мектептеріндегі арақашықтықты азайту, білім сапасын арттыру, техникалық, кәсіптік білім алушыларға қолдау көрсету, өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағыталған.

Қазіргі таңда аталған жоба қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, мектептердегі қауіпсіздік мәселесі жолға қойылды. Барлық білім ошақтарына бейнебақылау камералары орнатылды. Тіпті кейбір мектептерде Face ID-сіз ішке кіру мүмкін емес. Яғни, бет-бейнесі жүйеге енгізілген оқушы мен ұстаз ғана мектепке кіре алады. Бұл бөгде адамдардан қорғануға арналған.

Соңғы жылдары мұғалім мәртебесінің артып, мерейі көтерілуі үшін барынша игі істер жүзеге асты. Соның ең маңыздысы «Педагог мәртебесі туралы» заң. Жаңа заңның мүмкіндіктері мұғалімнің жеке дамуына және оқу үдерісін жетілдіріп, оның алаңсыз білім беруіне орай қарастырылған. Осының арқасында педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді. Қағазбастылық азайды. Педагог міндетіне кірмейтін іс-шаралардан босатылды.  Аталған нормалар бұзылған жағдайда құқық бұзушылық субъектісіне байланысты 20-дан 120 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салынады.

Ұстаз Айнұр Түсіпова «Педагог мәртебесі туралы» заң мұғалімдер үшін дер кезінде қабылданғанын айтты.

«Мен химия пәнінен сабақ беремін. «Педагог мәртебесі туралы» заң аясында ұстаздардың құқығы қорғалатын болды. Педагог толтыруға міндетті құжаттар саны азайды. Сапалы білім беруді ұйымдастыру жолға қойылды. Педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, ынталандыру шараларының бір жүйеге келтірілуі үлкен жаңалық болды. Ұстаздар енді өз санаттарын қорғап, өзіндік білім деңгейі көрсеткішіне қарай жалақы алатын болды. Бұл ұстаздардың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Әділ білім беру жүйесі қалыптасты. Сол үшін Мемлекет басшысы мен министрлікке алғыс айтамын», – дейді ол.

Пікірлер