Бір топ зиялы қауым өкілі Мәжіліс депутаттарына үндеу жолдады

2328
Adyrna.kz Telegram
Сурет: lrt.lt
Сурет: lrt.lt

Бір топ зиялы қауым өкілі Мәжіліс депутаттарына мемлекеттік тілде заңжоба әзірлеу бойынша ұсыныс-үндеу жолдады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Айтуларынша, елде мемлекеттік тілде заңжоба әзірлеудің тетігі жоқ.

«Құрметті Мәжіліс депутаттары! Сіздердің барлығыңыз да мемлекеттік тілде заңжоба жасауды қолдайсыздар және бұл мәселені көпшілігіңіз сайлауалды бағдарламаларыңызға да арқау еттіңіздер. Алайда, бұл түйткілді шешуге әлі күнге бастапқы қадам да болмай отыр. Өйткені, қазақ тілінде заңжобаны да, ірілі-ұсақты нормативтік акт құжаттарын жасақтауға да алғышарт жасалмауда. Атап айтқанда, Үкіметте де, Парламент аппаратында да заңжоба әзірлеуге деген ешбір ғылыми-интеллектуалдық ресурс жасақталмаған. Ондай әлеуетсіз жоғары деңгейлі мемлекеттік мәртебелі құжаттардың жобасын әзірлеу мүлдем мүмкін емес. Мемлекеттік органдардағы аударма бөлімдері ғылыми-лингвистикалық және заңдамалық мазмұндағы ешбір құзыр пен құзыретке де, ресурсқа да ие бола алмай келеді.

ҚР Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминологиялық комиссияның шын мәнінде қоғамдық сипаты басым, анда-санда бас қосып, дайындалған терминдер тізбегін бекітетін ресми-қоғамдық алқа ғана. Тіпті еліміздегі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы іргелі лингвистика мәселелерімен айналысатын Тіл білімі институтында да практикалық өміршең лингвистикалық талаптардың шешімін табуға мүмкіндік пен ресурс қарастырылмағаны рас болса, ал Шайсұлтан Шаяхметов атындағы ұлттық ғылыми-практикалық «Тілқазына» орталығының қауқары аталмыш міндетті атқаруға арналмаған. Осы ахуалды ескере әрі қарастыра отырып, таяу уақытта қазақ тілінде заңжоба мен нормативтік акт жобаларын әзірлеу мүмкіндігі жоғары мемлекеттік органдарда тиісті дәрежеде қалыптаспаған деген қорытындыға келіп отырмыз»,—делінген үндеуде.

Олар  бұл түйткілді шешу үшін Құқықтық-Лингвистикалық орталығын құру керек деп есептейді.

«Парламент аппараты жанындағы Аударма бөлімінің негізінде Мемлекеттік тілдегі норматив актілерін әзірлеудің Құқықтық-Лингвистикалық орталығын құру керек. Бұндай орталықта Терминология мен лексикология, ауызекі және жазбаша аударма, заңдамалық редакция бөлімдері ашылуы қажет.

Бұл ұсынысты білдіре отырып, жуық арада осы тақырыпқа арналған Парламентте қоғамдық тыңдалым өткізген мақұл және келесі жылғы мемлекеттік бюджетке аталмыш органды құру бойынша нақты жоба әзірленгені абзал деген ұсыным қыламыз.

Ұсыныс білдірушілер:

Серік Ерғали Әбдірешұлы, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Орталық Кеңесінің мүшесі;

Ержан Земфира Мэлсқызы, өнертанушы, әлеуметтік  ғылымдар магистрі;

Бәкірұлы Әбдірашит, философ ғалым, публицист;

Қ.С.Қалыбаева, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың  профессоры. Филология ғылымдарының докторы;

Борбасова Қарлығаш Молдағалиқызы, Әл-Фариби атындағы ҚазҰУ профессоры, философия ғылымдарының докторы;

Лариса Алдаберген, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамы астаналық филиал басшысы»,—деді зиялы топ.

Пікірлер