Ұлы Иран мәдениетінің құлдырауы

16431
Adyrna.kz Telegram

Иран аймағы III мыңжылдықтың басында тұтас жүйесі, қоғамдық мәдениеті, жазуы, діндері (зороастризм; манихейлік; зерван) бар бірнеше ежелгі өркениеттердің басын біріктірген алтын бесік еді. Тарихшылар арасында Ұлы Иран өркениетінің сипаты мен жіктелімі сан салалы болса да, олардың барлығы өркениеттік мәдениеттік Иран топырағында ежелден қалыптасып, орныққанын жоққа шығармайды. Дегенмен Иран мәдениетінің құлдырауына әсер еткен өзіндік себептердің бар екенін жоққа шығара алмаймыз.

Тарихшылар ежелгі Иран өркениеттерін бірнеше сатыларға бөліп,
кезең-кезеңімен қарастырады. Олардың бастылары ретінде:
Эламиттік (б.з. д. 2700) және Иерофт өркениеттерін (б. з. д. 6 мың жыл) ерекше атап өтуге болады. Иран мәдениетінің қарыштап дамуына әсер еткен негізгі фактор – табиғаты мен адамзаттық тұрмыс-тіршіліктің сол кезеңдегі үздік жүйесін қалыптастыра білуі болды. Ирандағы мәдени құндылықтар сан-cалалы. Олар қазіргі Ауғаныстанның шығысын, Орталық Азия мен Балучистанның бір бөлігін, Кіші Азияның солтүстігі мен батысын (қазіргі Түркия), Балқан түбегінің жоғарғы бөлігін және Қара теңіз жағалауының көп бөлігін бір-бірімен жалғап жатты.

Біздің дәуірімізге дейінгі III мыңжылдықтың басында эламит тайпалары Элам өркениетінің үздік үлгісін құрып, мәдениеттің тұрақты дамуына жол ашып береді. Нәтижесінде, қалалық сауда жолдарында пайда болып, мәдениет технологиясының популизациясын жасайды. Билік жүйесінің өзіндік өрнегі қалыптасты. О баста, шамамен екі жарым мың жыл бұрын пайда болған, Зороастризм дәуірінен бастау алатын сан жылдық мәдениет келе-келе Ислами құндылықтар жүйесін сіңіре бастады. Сондықтан, Иранның қазіргі мәдениеті – исламға дейінгі және исламдық нормалардың, құбылыстардың, идеялардың  қосындысынан құралған күрделі синтезі. Оның дамуынан қарағанда тежелуіне,  саяси мәдениет пен археологиялық өнер, тұрмыстық мәдениет сынды тараулардың кері кетуіне түрткі болып отырған идеологиялық, діни жалаң догмалық, саяси-конфликтологиялық сипаттарды атаған ләзім.

Иран мәдениетіне ғана емес, адамзаттық тұтас мәдениетке филология, әдебиет, құқықтану, философия, медицина, сәулет және жаратылыстану ғылымдары арқылы үлес қосқан сасанилік ағымның тамырына ғылыми танымды емес, діни танымның насихатына басымдық беру, еркін қоғамдық қатынастарды шектеу, өнер мен мәдениеттің дамуына жіті көңіл бөлінбеу сынды кілтипандар балта шауып отыр.

Иран мәдениетінің құлдырауына қатысты бірнеше себептерді БҰҰ былай бөліп көрсетеді. Олар:

- Экономикалық оқшаулану;

- Интернетті шектеу;

- Өлім жазасы;

- Ерте үйлену мен жалаң діни догмалардың насихаты, т.б.

Біздіңше, Иранның діни ұстанымдар жетегінде кетіп, зайырлы қоғам құруға дұрыс көңіл бөлмеуі ондағы өркениеттің тежелісін тудырады. Адам құқығының жиі бұзылуы, адам өмірі мен бостандығына қол сұғу, еркін баспасөз айналымының қалыптаспауы, экономикалық игіліктердің дұрыс бөлінбеуі мен адами капиталды қалыптастыруға қатысты бағларлардың аздығы Иран мәениетін қазіргідей қалыпқа түсірді. Шамамен 40 жылдан астам уақыт бойы Иран халқы қатаң санкциялармен бірге өмір сүріп келеді. Ислам революциясы мен Батыспен қарым-қатынастың үзілуінен кейін ел толық экономикалық оқшаулануға тап болды. Мұндай шектеу түрлерінің артуы мен еркіндіктің жойылуы белгілі бір бағыттарда мәдени қатынастардың да тынысын тарылтып, жолын жабатынын ескеруіміз керек.

Қорыта айтқанда, тарихтан белгілі, ежелден Иран аймағы бірқатар өркениеттің алтын бесігі болды. Иран халқының өзіндік салт-cанасының қалыптасуына, ұлттық табиғатының жандануына, ұлт ретінде ерекшеліктерінің қалыптасуына Ұлы Тұран мен Ұлы Иран өркениеті айтарлықтай ықпал етті. Ежелгі кезеңдегі көшпелілер өркениеті мен  Каспий теңізінің кіндігін мекендеген халықтардың отырықшылыққа, көшпелі өмір салтына, жаратылыс құбылыстарын тануына, адами қатынасқа деген биік көзқарасы қалыптасты. Кейіннен Иран өркениетінің тамырына балта шауып, идеологиялық шырмауға түсірген, адами құқықтарды шектеп, халықтық мүддесін жоюды мақсат еткен діни жалаң догмалар келді. Адам құқығы шектеліп, Иран өркениеті «бүркенген күңгірт» қоғамға алмасты. Иран өркениетінің ірі өкілдері әлемнің адамзаттық үздік жетістіктерінен қол үзіп қалды.

Былай алып қарасаңыз, Ұлы Иран өркениетінің құлдырауы әлемдегі адамзаттық озық өркениет – Тұран өркениеті мен түркілік танымға да «ескерту» секілді. Қазіргі біздің қоғамдағы арабша есімдердің артуы, қазақ халқының ұлттық ерекшеліктерін жоққа шығаратын байламдардың әлеуметтік медиада көбеюі, діни догма шырмауына түскен тұрғындардың өзін, отбасын нақақтан-нақақ өлтіру фактілерінің жиілеуі, білім алу мен атадан балаға мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлерді жоққа шығарушылардың көбеюі көп дүниені тереңнен толғау қажет екендігін ұғындырады. Ұлы Иран өркениетінің құлдырауы мен қазіргі Иран халқының басынан кешіп жатқан қоғамдық-cаяси, экономикалық, моральдік, ар-cаналық дағдарыстары көп халықтық мүдде мен ұлттық сананың тұғырын нығайту қажет екендігін көрсетеді.

 

Дастан Қастай

Пікірлер