Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға жұмыс сапары барысында Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Жиында Мемлекет басшысы ұйымды одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Айтуынша, қордың ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру процесін тезірек аяқтау маңызды мәселе болып қала береді.
«Қордың басқармасы мен Атқарушы комитетінің өкілеттілігін және жауапкершілігін кеңейткен жөн. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясын Мемлекетаралық су-энергетикалық комиссия ретінде қайта құруды ұсынамыз. Бұл шаралар Қордың тиімділігін арттырар еді. Аймақтағы барлық елдің ирригация, гидроэнергетика және экология салаларындағы мүдделерін ескере отырып, Орталық Азияның су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану үшін ұзақ мерзімді әрі орнықты аймақтық ынтымақтастық механизмін құру керек. Біздің ойымызша, Халықаралық су-энергетика концорциумы осындай механизмнің рөлін атқара алар еді. Сондай-ақ Арал теңізі бассейніндегі су ресурстарын есепке алатын, мониторинг жасайтын, басқаратын және бөлетін бірыңғай автоматтандырылған жүйе енгізу бойынша жұмыс жоспарын әзірлеу қажет. Бұл бастаманың жүзеге асырылуы аймақтағы суды пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз етіп, Орталық Азия елдерімен арадағы диалогты және достықты нығайтуға ықпал етеді»,—деді ол.
Тоқаев Аралды құтқару қорының келесі кездесуін 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынды.
«Жоғары деңгейдегі келесі кездесуді өзім бастамашы болған БҰҰ аясындағы Аймақтық климаттық саммитпен біріктіре отырып, 2026 жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын»,—деп түйіндеді басшы.