"Адырнаның" сынынан кейін "Елбасы медаліне" бөлінген 104 миллион 910 мың теңге бюджетке қайтарылды

2128
Adyrna.kz Telegram

"Адырна" ұлттық порталы Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты "Ақтөбе-Дарын" өңірлік ғылыми тәжірибелік қосымша білім беру орталығы «Елбасы медалі» бағдарламасына 104 910 714 теңге қаржы бөлгені туралы сыни материал жариялаған еді. Сол сыннан кейін Ақтөбе облыстық Мемлекеттік сатып алу басқармасы аталған жобаны тоқтатып, бөлінген қаржыны бюджетке қайтарды, - деп хабарлайды «Адырна» ақпараттық порталы.

Тілшіміз биыл 15 ақпан күні ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» ҚР Конституциялық заңының күшін жою туралы» Заңға қол қойғанын, содан бері, ресми түрде еліміздегі барлық салада «Елбасы» деген атау естілмей кеткенін, Ақтөбе облысының Білім басқармасы сол ұмытыла бастаған атауды қайта жаңғыртып, «Елбасы медалі» бағдарламасына 104 910 714 теңге бөлгенін сынаған еді.

Сол сынға "Ақтөбе облысының мемлекеттік сатып алулар басқармасы" ресми жауап берді. Ол жауапта: "20 тамыздағы №504
бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жолдаған сұрауыңызды қарап, келесіні хабарлайды. "Елбасы медалі"
жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Он төрт жастан жиырма тоғыз жасқа дейінгі балалар мен жастарды патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік
белгісімен наградтау қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 249 қаулысына сәйкес жүзеге асырылды. Қазіргі таңда бұған дейін мемлекеттік порталда жарияланған "Елбасы
медаліне" қатысты мемлекеттік сатып алулар конкурсы тоқтатылды. Аталған мақсатқа бөлінген қаражат бюджетке кері қайтарылады. Аталған жоба алдағы уақытта жалғасын таппайды" делінген.

"Елбасы медаліне" есепсіз бөлінген қаржының бюджетке кері қайтқаны құптарлық жайт. Бұл мәселе ақпарат құралында жарияланбаса, Ақтөбелік шенеуніктер Ескі Қазақстанда қалып кете бермек пе?

Бізді осы сұрақ мазалайды...

Қанат Бірлікұлы
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер