Шетелдік азаматтарға бөлінетін гранттарға этникалық қазақтар қол жеткізе алмай жүр

7406
Adyrna.kz Telegram
Бәдигүл Қажыбекқызы
Бәдигүл Қажыбекқызы

«Qara Shangyraқ -7» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бәдигүл Қажыбекқызы шет елде тұратын этникалық қазақ ұлтының өкілдеріне берілетін мемлекеттік гранттың шетелден келген өзге ұлт өкілдеріне таратылып жатқанын айтып, дабыл қақты, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Белсендінің айтуынша, мемлекетіміз шет елде тұратын этникалық қазақтардың білім алуына жылына 550 грант (бакалавр -
490, магистратурада - 50 докторантурада - 10) бөледі. Сол грантқа этикалық қазақтар қол жеткізе алмай, мемлекет тарапынан ұсынылған игіліктен қағылып жатыр. Мәселен, биыл "Enic-kazakhstan" Жоғары білім беруді дамыту орталығы арқылы бакалаврға бөлінген 490 гранттың 120-сын ғана қандастар алған. Қалған орындарды ұлты қазақ емес африкалықтар, үндістер, ауғандықтар, т.б толтырған.

Бәдигүл Қажыбекқызы, «Qara Shangyraқ -7» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

- Қазақстан шет елде тұратын этникалық қазақ жастарының елімізге келіп білім алуына барлық жағдайды жасап қойған. Мектеп бітірген құжатында үштік бағасы жоқ әр қазақ баласы құжаттарын өткізіп, дайындық курстарына оқуға мүмкіндігі бар. Бір жыл, ары кетсе екі жыл дайындық курсын оқып, осы жақтың жазу-сызуын үйренсе болды, қалаған оқу орнына мемлекеттік грантпен оқуға түсе алады. Бірақ, 3 жыл қатарынан дайындық курс оқыса да, тапсырған емтихандарынан жоғары нәтиже көрсетсе де, жүздеген жас оқуға қабылданбай қалып жатыр. Бұған басты себеп - сыбайлас жемқорлық. Қолында билігі барларға пара бермейтін этникалық қазақтың орнын пара беретін "африкалықтармен" толтырған тиімді болып отыр...

Бәдигүл Қажыбекқызы "Қазақстан Халық партиясы" жанындағы "Қандастарды ортаға бейімдеу орталығының" да жетекшісі. Ол қандастарға заңдық тұрғыда көмек көрсетіп, шеттен келген ағайынның тегін білім алуына, ел ішіне сіңісіп кетуіне септесіп жүргенін айтады.

Белсендінің сөзіне қарағанда, мемлекеттің шеттен келген этникалық қазақтарды тегін оқытуға ақша бөліп отырғанын көп қандастарымыз білмейді-міс.

"Бұл игілік туралы кең ауқымда насихат жасалмайды. Сондықтан да, шет елден келген қандастарға, қазақ жастарына бөлінген тегін оқу ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатыр. Ол аздай енді міне, қазақ еліне оқимыз деп армандап келіп, дайындық курстан өтіп, жақсы нәтиже көрсетіп, тегін грантқа ие бола алмай қаншама жастың құқығы тапталып жатыр. Олардың тегін оқуға түсу құқығын қоғам болып қорғауымыз керек" дейді белсенді.

Бәдигүл Қажыбекқызы дайындық курсын жақсы оқыса да, оқуға түсе алмай қалған жастардың басын қосып, депутаттарға шағым түсірмек. Сондай-ақ, мемлекеттің шетелдіктерге бөлген білім грантының кемі 90 пайызы этникалық қазақ ұлтының өкілдеріне берілу керектігі туралы мәселе көтеріп, Ақордаға хат жазбақ.

Қанат Бірлікұлы
"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер