«Мәхәллә иниституты діни радикализммен күресте үлкен рөл атқарды»

12117
Adyrna.kz Telegram

Соңғы 5-10 жыл көлемінде әсіредіншілдер азаматтарды алаңдатып, қоғамға іріткі салып отыр. Міне осындай кезде кейбір азаматтар «Әсіредіншілдерді Өзбекстандағыдай жуасытып алу керек» деген пікір айтады. Көрші елдің тәсілі қаншалықты нәтиже береді? Осы және өзге де сұрақты дінтанушы Асылбек Снадинге қойдық.

Асылбек Снадин Өзбекстанның діни радикализммен күресі Қазақстанға үлгі бола алмайтынын айтады. Алайда ол көрші елдің мәхәллә институты әсіредіншілдікпен күресте өз нәтижесін бергенін жоққа шығармайды.

«Негізі Қазақстан мен Өзбекстанды діни радикализммен жұмыс істеуі бойынша салыстыратын риторика бар. Бірақ бұл жерде біреуі артық немесе екіншісі кем түсіп жатыр деп салыстыратындай қатты айырмашылық жоқ. Бұл салыстыру сыртқы күштердің мәселен ресейлік политехнологтардың жұмысы болуы мүмкін. Шын мәнінде екі елдің діни радикализммен күресте алып бара жатқан өзгешелік жоқ. Себебі біздің тарихымыз, мәдениетіміз және діни құндылығымыздың параметрлері ортақ. Мысалы 70 жыл бойы екі ел атеистік қоғамда өмір сүрді. Сондай-ақ Совет одағынан бір мезгілде тәуелсіздік алғаннан кейін дінге қатысты мемлекеттік саясатты зайырлық ұстаным деп белгілеп алдық. Яғни дін мен мемлекет бөлек.

Бірақ бұл жерде Өзбекстанның тарихи ерекшеліктеріне мән беру керек. Өйткені ХІVVғасырлардан бері аталған мемлекетте діни мектептердің ауқымды шоғыры қалыптасты. Қазақтың белгілі діни қайраткерлері Самарқанд пен Бұқарада білім алып, сонда қалыптасқаны жасырын емес. Осы жағдай жергілікті тұрғындарға әсер етпей тұрмайды. Мысалы біздің рухани орталығымыз саналатын Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесі дүйім қазақтың тәу ететін қасиетті жері болып саналады. Ахмет Яссауидың кесенесі секілді үлкен болмаса да ондаған діни ғимараттарӨзбекстанда орналасқан», – дейді ол.

Дінтанушы Ислам Кәрімов Тәуелсіздік алғаннан кейін дінге қатысты қатаң позиция ұстанғанын айтады. Яғни, ол экс-президенттің қандайда бір діни радикализмнің пайда болуына немесе діни саяси қозғалыстардың болуына қарсы күресті аяусыз жүргізгенін еске салды.

«Өзбекстанда болған террактілерден кейін президент аппараты жанынан арнайы құрылым құрылып, кей жағдайда дінді саяси құралға айналдырды.

Ал Шавкат Мирзиёев билікке келгеннен кейінгі белгілі бір деңгейде өзгерістер жасады. Қателеспесем 2021 жылы дінге қатысты құқықтық нормаларға өзгерістер енгізді. Себебі Мирзиёев өз саясатын батыстық құқықтық стандарттарға сай яғни адам құқығы, діни сенім бостандығына шектеу қоймайтын Ислам Кәрімовтен артықшылығын көрсеткісі келді. Нақтырақ айтсам,экс-президенттің кезінде ашылған аты шулы «Жақсылық» түрмесін жауып тастады. Аталған түрмеде діни радикализм баптары бойынша түрмеде отырған екі мыңнан астам азаматтың ісін қайта қарады. Яғни Мирзиёев батыстың талаптарын орындауға мүдделі екенін көрсетті. Әйтсе де мемлекет діни мәселемен күрескенде өзінің күшін пайдаланып, керек кезінде тізгінді тартып немесе кейде босатып отыр», – дейді Асылбек Снадин.

Сондай-ақ дінтанушы Өзбекстанның мәхәллә институтына назар аудартты.

«Екі елдің діни мәселеде жұмыс істеу тәсілін салыстырсақ, Өзбекстан отбасы институтына көп көңіл бөлді. Ауыл, аудан және қала деңгейіндегі ақсақалдардың басын қосып, әр отбасының тұрмысы мен салтына байланысты шешім шығарып отырды. Міне осы мәхәллә иниституты діни радикализммен күресте үлкен рөл атқарды. Ал Қазақстан бұрыннан қалыптасқан отбасылық құндылықтарымызды күшейтудің орнына, керісінше біз оны босаңсытып алған секілдіміз», – дейді дінтанушы.

Пікірлер