Түркістандық азамат балаларға ақылы түрде заңсыз діни сабақтар өткізген

1730
Adyrna.kz Telegram

Түркістан қалалық филиалының экстремизмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері облыс бойынша ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесе отырып, кәмелетке толмағандарға заңсыз діни сабақтар берген азаматты анықтады, деп жазады "Адырна".

Түркістан қаласының тұрғыны үйінде 5 пен 17 жас аралығындағы 68 балаға заңсыз дәріс беріп, діни уағыз айтып, 100 мың теңгедей ақы жинаған.

Көрсетілген мекенжай бойынша тексеру барысында 68 баланың діни дәріс алғаны анықталды. Бұл ретте оқушылар арасында тек Түркістаннан ғана емес, Шығыс Қазақстан, Жамбыл облыстары, Абай ауданы және Өзбекстан Республикасынан келген балалар болған.

Бұл ретте полицейлер жергілікті тұрғынның үйінен сараптамаға жіберілген діни сипаттағы 100-ден астам кітапты тәркіледі.

Ер адамға қатысты ҚР Әкімшілік кодексінің "ҚР-ның діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңнамасын бұзу" бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Түркістан облысының полицейлері азаматтардың заңсыз діни қызметпен айналысу және діни әдебиеттерді тарату үшін жауапкершілікке тартылатынын ескертеді.

Пікірлер