Батыс елдері Украинаны қолдайтынын және бұл мәселеге қатысты ұстанымдарын өзгертпейтінін мәлімдеді, деп жазады "Адырна" сайты. Бұл туралы Вильнюсте НАТО саммитінен кейін сөйлеген АҚШ президенті Джо Байден хабарлады.
«АҚШ Украина қазір және болашақта өзін қорғай алуы үшін 50-ден астам елден тұратын коалиция құрды», - деді Байден. «Біз бостандық пен демократия үшін бүгін де, ертең де, қанша уақыт қажет болса, сонша тұрамыз», - деді ол.
Ақ үй басшысының айтуынша, Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қарсы соғысты бастап, демократиялық көшбасшылар әлсіз болады деп Батыс елдерінің бөлінуіне үміттенген. «Бірақ ол қате ойлады», - деді Байден. Путин әлі күнге дейін НАТО одақтастары өз құндылықтарынан бас тартпайтынын түсінбейді, деді ол.
Джо Байден G7 елдерінің Украинаға қатысты қауіпсіздік міндеттемесін «күшті сигнал» деп атады және басқа елдерді келісімге қосылуға шақырды. Оның айтуынша, G7 елдері Украинаға «жерде, ауада және суда күшті және тиімді қорғаныс» құруға көмектеседі.
Америка президенті өз сөзінде АҚШ үшін еуропалық қауіпсіздіктің маңыздылығын атап өтті. Ол «АҚШ қауіпсіз Еуропасыз гүлдене алады» деген түсінікті «ақылға қонымсыз» деп атады. Оның айтуынша, АҚШ пен Еуропа арасындағы қарым-қатынас «жаһандық тұрақтылықтың тірегі» болып табылады.