“Шаңырақ” балалар үйіндегі дау. Атырау облысы әкімінің орынбасары жауап берді

2328
Adyrna.kz Telegram
Фото: Жасулан Бисембиев / Facebook
Фото: Жасулан Бисембиев / Facebook

Атыраудағы “Шаңырақ” балалар үйіне қатысты желіде тараған видеоға Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев пікір білдірді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Айтуынша, болған оқиға бұрын қызмет етіп кеткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктердің нәтижесі екен.

“Отбасы үлгісіндегі "Шаңырақ" балалар ауылына қатысты бірнеше мәселені ашып айтқым келеді. Қазақстан Президенті жанындағы Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Закиева Динара Болатқызымен бірге отбасы үлгісіндегі "Шаңырақ" балалар ауылына барып, жағдайды зерделедік.

Түйген ойым, соңғы кезде желіде қатты талқыланып жатқан жағдайлар ұжымда бұрын қызмет етіп кеткен жұмысшы мен бұрынғы басшы арасындағы келіспеушіліктердің нәтижесі. Салдарынан балалар зардап шегіп жатыр. Желіде жарияланып жатқан түрлі жазбаларда екі тарап өз-өзін ақтап алуға тырысып жатқанын көруге болады”, деп жазды ол.

Сондай-ақ,  "Шаңырақ" балалар ауылына жаңа директор тағайындалатынын да айта кетті.

”Екіншіден, баланы өзіне тартып, түрлі видео  таратудың артында - баланың құқығын шектеу мәселесі тұр.

Бұл балалар - мемлекеттің ерекше қорғауындағы балалар. Сондықтан, мемлекет балалардың құқығын қорғауға арналған барлық шараларды қабылдайтын болады. Оған қоса, желі де болып жатырған жағдайлар, балалардың өздерін қатты алаңдатып, болашақтарына кері әсері болады деп ойлап отырғандығын байқадым.

Үшіншіден, "Шаңырақ" балалар ауылына жаңа директор тағайындалады. Қазіргі уақытта конкурс жарияланды. Педагогика саласында мол білімі мен тәжірибесі бар мамандарды осы конкурсқа қатысуға шақырамын.

Төртіншіден, "Шаңырақ" балалар ауылындағы бейнебақылау жүйесі күшейтіледі. Қазіргі уақытта мұнда 64 бейнекамера бар болғанымен, қосымша камера қою қажеттілігі бар деп есептеймін. Және камералар тікелей Білім беру басқармасына қосылатын болады”, - деді Жасұлан Бисембиев. 

Сонымен қатар, балалар үйінде баспасөз қызметі ашылады. Ол балалар ауылындағы жариялылықты қамтамасыз етеді. Одан бөлек, жуық арада, Шаңырақтан түлеп шыққан балаларды өмірге тез бейімдеуге бағытталған тәлімгерлік жобасы еңгізілетінін де айтты.

”Құрметті ағайын, балаларға қатысты түрлі видеолар жариялап, ақпарат  таратудың артында балалардың құқығын шектеу әрі құқықтық жауапкершілік мәселесі  бар екенін атап өткім келеді.

Қазір бұл мәселелер тұрақталып, балалар қалыпты өмірге қайтқаны маңызды”, деп сөзін қорытындылады.

Айта кетейік, желіде Атыраудағы «Шаңырақ» балалар үйінің тәрбиеленушісінің видеосы тарағанын хабарлаған едік. 

Пікірлер