Франция полицейлерінің қолынан қаза тапқан жасөспірімнің әжесі елдегі ереуілдердің тоқтатуын талап етіп, халыққа үндеу тастады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Нантер қалашығында кісі қолынан қаза тапқан Наэля М. есім-сойлы жасөспірімнің әжесі шерулердің тоқтауын талап етіп, BFM TV арнасына сұхбат берді.
"Біз олардың дүкендерді, автобустар мен мектептерді қиратқанын қаламаймыз. Олар Наэльді сылтау ретінде пайдаланады. Біз бәрінің сабасына түсіп, тынышталғанын қалаймыз", - деді қартаң әже.
Сонымен қатар, агрессивті топтардың "мектептерге шабуыл жасауына" жол берілмейтінін атап өтті.
Еске сала кетейік, Франциядағы наразылықтар сейсенбі күні, 27 маусымда, Ноэль М. есімді 17 жасар баланы полиция қызметкерлері өлтіргеннен кейін басталды. Патруль оны Mercedes көлігін тізгіндеген кезде ережелерді бұзғаны үшін тоқтатып, атып тастаған еді.
Полиция тарапы да өзін ақтап үлгерген. Олар жасөспірімнің өздерін таптап кетпек болғанын алға тартады. Дегенмен ақпараттың анығына көз жеткізген AFP агенттігі бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Олар тоқтап тұрған көлікке полицияның өзі барып, жүргізушіге қару кезенгенін айтады.
"Адырна" ұлттық порталы