"Абаев Ресейге елші болады" деген сыбыс ақиқатқа айналды

5067
Adyrna.kz Telegram

Ел арасында бұрынғы министр Дәурен Абаевтың Қазақстанның Ресейдегі елшісі болады деген сыбыс шындыққа айналды. Дәурен Абаев Қазақстан Республикасының Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Дәурен Әскербекұлы Абаев Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі лауазымына тағайындалды.

Дәурен Абаев осы уақытқа дейін бірқатар "одағай ойларымен"  ел аузынан түспей келеді. Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің бірінші орынбасары болған кезінде Дәурен Абаев қазақша сөйлеуді талап етіп жүрген белсенділер әрекетін «жабайы ұлтшылдық» деп атап, келекелеп үлгерді.

Мұндай сөзді ол «Қазақстанда орыстарға жеккөрініш бары» туралы айтылған Мәскеу мәлімдемесінен соң айтқан еді.  Абаевтың бұл айтқанын қазақ қоғамы қатаң сынаған. Оның Мәскеуге елші болып тағайындалғаны да осы тұрғыдан назар аудартып отыр.

Дәурен Абаев бұрын Ақпарат және коммуникация министрі, Мәдениет және спорт министрі болған. Бұдан алдын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты бірқатар қылмыстық істі тергеп жатқаны хабарланған.

«Антикорды» Дәурен Абаев Мәдениет және спорт министрі болған кезең қызықтырған. Сонда 2022 жылы «Еуразия» халықаралық кинофестивалін өткізу қаншалықты заңды жүзеге асқаны тексеріліп жатқаны айтылған.

«Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Мәдениет және спорт министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты бірқатар қылмыстық істерді тергеп жатыр», - деп жауап берген сонда сотқа дейінгі тергеу қызметінің басшысы Қанат Сүлейменов.

Абаев мәдениет және спорт министрлігін 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың қаңтарына дейін басқарған. Бұған дейін 2020 жылдың мамыр айынан бастап президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болған, одан бұрын, 2016 жылдан бастап Ақпарат және коммуникациялар министрлігін басқарған. Ол сондай-ақ Қазақстан президенті қызметін атқарған кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы (2011-2015) және кеңесшісі (2013-2016) болды.

2023 жылдың наурызынан бастап Абаев атқарушы комитеті Беларусь астанасы Минск қаласында орналасқан ТМД Бас хатшысының орынбасары қызметін атқарып келген.

 

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер