Азиз Жұмаділ: Ертең соңғы күн

2046
Adyrna.kz Telegram

Алғашқы көлігім "Golf 3" болатын. Ұзақ міндім. Өзі сәнделген, нағыз бойдақтарға арналған машина еді. Кейін қимай саттым. Доллармен төленетін кез. Қалай саттым, солай доллар қымбаттады. Қолымда 3400$. Қазақстаннан бұл бағаға жөні дұрыс көлік таппайсың. Қоссаң да жетпейді. Содан нағашыларыма барып, Subaru forester алдым. Жарықтық жақсы көлік еді. Газды сәл бассаң асау айғырлардай оқыранатын. Бірақ, "праварулька" дегенің бәрібір қиын екен. Тағы Бишкекке барып, Toyota Camry 30 дегенге айырбастадым. Нағыз шаруаның көлігі ғой. Сыну деген жоқ, бензин құясың да жүре бересің. Уақытын өткізіп барып майын ауыстырсаң да қыңқ демейді. Дымын шығармай жүре береді. Алматыда да кішкене айдадық, Қызылордада да міндік, Астанаға да алып келіп, бертінге дейін сол тойотамен жүрдім. Жолда қалдырған жоқ. Ойға да бірге түсіп, қырға да бірге шықтық. Бала-шағамды салып алып, осы тойотамен Қазақстанның біраз жерін аралағанмын. Бір ғана минусы болды. "Азаматтығы" қырғыз еді. ГАИ-дің де көзіне жылдам ілінесің, нөмірі бөтен болғандықтан өзің де толыққанды көлік мінгендей болмайсың. Сатылауы да қиын. "По-свойски маған бер" деген соң ініме пихать етіп жібергем. Жақында көлігінің "азаматтығын" қазаққа ауыстырып, сүйінші сұрап тұр. Нөмірі қазақ болса, көліктің де бірден ажары кіріп қалады екен. Құдды бір, жаңасын мінгендей шаттанып жүр. Ал ертең көлікті легализациялаудың соңғы күні. Одан кейін өтініштер қабылданбайды. Дегенмен, өтініш беріп үлгергендердің көліктері еш кедергісіз "қазақ" болуға құқылы екен. Жалпы, 23 қаңтардан басталған акцияның да соңына таяппыз. Өткенде 161 мыңнан астам шетелдік көліктің "қазаққа" айналғанын оқығанмын. Тағы 13 мыңы кезегін күтіп тұрған. Орасан цифр. Үлкен мүмкіндік берілді. Көлігін легализациядан өткізгендердің қатарында тараздық достарым да бар. Барлығы мүмкіндікті пайдаланып, көліктерін рәсімдеп алды. Бір сөзбен айтқанда, халықтың рахметі зор. Енді науқанды аяқтай беруге болады..

Азиз Жұмаділ

Пікірлер