«AMANAT» – 2023 Медиа сыйлығы» кімдерге бұйырды?

1698
Adyrna.kz Telegram

«AMANAT» партиясы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер арасындағы «AMANAT» – 2023 Медиа сыйлығы» республикалық байқауының қорытындысын жариялады.

Бүгінде еліміздегі БАҚ қызметкерлерін ынталандыруға бағытталған беделді іс-шаралардың бірі – «AMANAT» Медиа сыйлығы» осымен қатарынан он төртінші рет өткізіліп отыр. Осы уақыт аралығында конкурсты өткізу тәртібі мен ережесі айтарлықтай жетілдіріліп, аталымдар мен арнайы сыйлықтар қатары толықты. Отандық медиа салада қызмет етіп жүрген 150-ден астам адам байқау жеңімпазы атанып үлгерді.

Биыл байқауға 300-ден аса адамнан 2 мың жұмыс келіп түсті. Оның басым көпшілігін (60%) аймақтағы ақпарат саласының өкілдері жолдады. Айта кетейік, биылғы байқауға YouTube жобалар да қабылданды. Осылайша, 7 номинация мен 3 арнайы сыйлық бойынша жеңімпаздар анықталды.
Салтанатты рәсімді ашқан «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ақпарат құралдарының өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, бұл журналистердің ғана мерекесі емес, халықтық мейрам екенін атап өтті.

«Қоғам сапалы, шынайы және танымдық дүниелерді оқығысы келеді. Мұндай ақпаратты тек нақты дерек пен дәйекке сүйенетін журналист қана ұсына алады. Ол – сөздің қуаты мен қадірін білетін, жауапкершілігі жоғары, кәсібіне адал нағыз маман. БАҚ-тың басты миссиясы да – осы. Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз қоғамды ұдайы алға жетелеп отыратын, ел дамуына ықпал ететін құндылықтарды дәріптейді. Бұл – патриотизм, адал еңбек, бейбітшілік пен тұрақтылық, заң мен тәртіп, білімге құштарлық, туған жері мен төл мәдениетіне деген сүйіспеншілік. «AMANAT» партиясының байқауы осындай журналистік жұмыстарды қолдауға бағытталған», - деді партия Төрағасы.

Байқауда «Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» номинациясында жеңімпаз атанған «Жетісу» телеарнасының продюсері Гүлжан Қызайбаева репрессия тақырыбында жасаған зерттеу материалының жоғары бағаланғанына ризашылығын жеткізді.

«Арнамызда «Архивтегі ақиқат» деген бағдарлама бар. Онда архивтерді ақтарып, көп ізденіспен жасалған зерттеу материалдары жарық көреді. Сол жұмысымызды байқауға ұсынып, оны қазылар алқасы жүлдеге лайық деп таныған екен. Жалпы телеарнада жалғыз шауып бәйге ала алмайсың. Сондықтан бұл «Жетісу» арнасындағы барша әріптесімнің жетістігі деп білемін», - деді ол.

Ал «Еңбек адамы туралы үздік материал» номинациясын жеңіп алған Қойлыбай Асанов осы тақырыпта 30 жылдан астам уақыттан бері қалам тербеп келе жатқанын жеткізді.

«Адал еңбек пен маңдай тер егемен еліміздің іргесін нығайтып, Тәуелсіздігімді баянды етеді. Өзім қойшының баласымын. Сондықтан болар, еңбек адамының кісілік келбетін, өнегелі өмір жолын бір кісідей білемін. Сол сарыжайлау, кең далада еркін ғұмыр кешкен, көненің көзін көрген тұлғалы адамдарды насихаттау менің қаламгерлік мұратым деп ойлаймын. Еңбегімді бағалаған баршаңызға алғысым шексіз», - деді Қ.Асанов.

Сонымен, байқау комиссияның шешімімен «AMANAT» – 2023 Медиа сыйлығының» жеңімпаз болып:
«Еліміздегі реформалар туралы үздік материал» номинациясы бойынша «Астана Ақшамы» газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай;
«Еңбек адамы туралы үздік материал» номинациясы бойынша Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Қойлыбай Асанов;​
«Аймақ туралы ең үздік материал» номинациясы бойынша Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы Альмира Елімсарина және «Informburo.kz» порталының шолушысы Оксана Трофимова;
«Рухани-мәдени даму туралы үздік материал» номинациясы бойынша Шалқар радиосы, Алматы студиясының редактор-жүргізушісі Жанар Оразымбетова;​
«Жастар туралы үздік материал» номинациясы бойынша «КТК» телеарнасының редактор-жүргізушісі Әйгерім Асқарқызы мен «31 арна» жаңалықтар қызметінің аймақтағы тілшілер редакторы Айдана Шібікеева;​
«Алаш қозғалысы бойынша үздік материал» номинациясы бойынша «Жетісу» телеарнасының продюсер-журналисі​Гүлжан Қызайбаева;​
«Азаматтық борыш туралы үздік материал» номинациясы бойынша «NUR.KZ» ақпараттық порталының тілшісі Юлия Абрамова және «Литер» республикалық қоғамдық-саяси газеті ақпарат бөлімінің меңгерушісі Темірлан Құспаев марапатталды.
Ал Мағжан Жұмабаев атындағы «Сөз зергері» сыйлығы «Egemen Qazaqstan» газетінің Ақмола облысындағы меншікті тілшісі Байқал Байәділге бұйырды.
Шерхан Мұртаза және Камал Смайылов атындағы «Телевизия үздігі» сыйлығын «Jibek joly» телеарнасының бағдарлама авторы-жүргізушісі Жанар Байсеміз бен «Астана» телеарнасының Қостанайдағы меншікті тілшісі Заңғар Санай иеленді.​
«Белсенді азаматтық ұстанымы үшін» сыйлығын «Qasqa Jol» YouTube арнасының автор-жүргізушісі Абай Тленшиев және «Turkistan Media Holding» ЖШС-ның басқарушы директоры Тельман Бейсенов алды.

Пікірлер