Елшіге сөгіс әперген ұсыныс. Ұлытау әкімінің дегендері қайда жетті?

2056
Adyrna.kz Telegram

Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы бір кездегі ұсыныстарында әзірге өзгеріс жоқ екенін айтты,  деп хабарлайды "Адырна". Бұл туралы ulysmedia.kz жазды. 

Бүгін Астанада Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Берік Әбдіғалиұлы Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндаған.

Ол осыдан бірнеше ай бұрын бірқатар облыстардың атауын өзгерту жөнінде ұсыныс айтқан. Брифинг соңында журналистер сұрағына жауап бере келе ол  осы мәселеде бұған дейінгі пікірі өзгермегенін, алайда айтқандары ұсыныс күйінде қалғанын хабардар етті.

"Мен - "Қазақ тілі" республикалық қоғамының жетекшісімін. Ғылыми конференциялардың бірінде мен өз көзқарасымды білдірдім. Бұл - менің жеке көзқарасым. Осы туралы бұрын қоғамдық жобаларымда айтқан болатынмын. Бұл менің ұсынысым болып қала берді", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылдың 28 ақпанда Берік Әбдіғалиұлы "Ұлытау облысының рухани дамуы" республикалық ғылыми-практикалық конференциясында Қазақстанның бірнеше өңірінің атауын өзгертуді ұсынды. Шенеунік Батыс Қазақстан облысын - Ақжайық, Шығыс Қазақстан облысын - Алтай, Солтүстік Қазақстан облысын - Қызылжар, Павлодар облысын Баянауыл деп өзгерту керектігін айтты. Оның пікірінше, бұл елдің барлық тұрғындарын шабыттандырады.

Бұған дейін қазақстандық дипломат - Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф Facebook-парақшасында КСРО кезінен қалған бірқатар қала мен облыс атауларынан арылуды және мемлекеті атауына қатысты өз пайымын ұсынған болатын.  Кейіннен Президент елшіге сөгіс жариялады. Артынша жазба өшірілді.

Одан да қызығы елші жазбаларынан көп ұзамай құрылған жаңа облыстардың атауы Лама Шариф ұсынысымен сәйкес келген. Абай, Жетісу және Ұлытау атаулары алғаш Қайрат Лама Шарифтің жазбаларында аталған болатын.

Ал елшінің мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің 9-тармағының талаптарын сақтамағаны үшін сөгіс алғаны айтылған.

Әдеп кодексінің "Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінің стандарттары" деген 3-тарауы 9-тармағында былай делінген: "Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік саясат және қызметтік жұмыс мәселелері жөніндегі өз пікірін, егер ол мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына сәйкес келмесе, жариялауға рұқсат етілмеген қызметтік ақпаратты ашатын болса және мемлекеттің лауазымды адамдарының, мемлекеттік басқару органдарының, басқа да мемлекеттік қызметшілердің атына әдепсіз сөздерді қамтитын болса, көпшілік алдында білдірмеуге тиіс".

 

Пікірлер