Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында сахналанған «Жошы хан» спектаклінің премьерасына барды. Бұл туралы Ақорда жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
Спектакльде Шыңғыс хан мен ұлы Жошы арасындағы қарым-қатынас, олардың ел басқару ісіндегі қабылдаған шешімдері, өмірінің белгілі кезеңдері кеңінен суреттеледі.
Қойылымды тамашалап болғаннан кейін, Мемлекет басшысы театр ұжымына алғысын айтып, ыстық лебізін білдірді.
Құтты болсын! Өте керемет қойылым болды. Шын мәнінде, пьесаның тақырыбы өте маңызды, өзекті. Мұндай туындылар халқымыз үшін қажет деп ойлаймын. Пьесаның тілі, мәтіні өте жақсы жазылған. Әртістердің бәрі жақсы ойнады. Шеберлігі мықты екен. Біздің тарихымызды, тарихи құндылықтарымызды қазіргі таңда халық арасында кеңірек дәріптеуіміз керек. Кейбіреулер қазақтардың өз тарихы, мемлекеті, елі болмаған деген сөздер айтып жүр. Ол – біздің тарихымызды бұрмалау. Өнерлеріңіз қашанда табысты болсын. Баршаңызға аманшылық тілеймін, – деді Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент өнер ордасына ұлттық мәртебе берді. Тиісті Жарлық қазан айында Республика күні қарсаңында жарияланатыны хабарланды.
Қойылымда мемлекет басшысынан бөлек, Асхат Аймағамбетов, Ерлан Қарин, Аида Балаева, Асхат Оралов, Азамат Сатыбалды, президент әкімшілігінің қызметкерлері және депутаттар мен белгілі өнер адамдары болды.
Көптің көңілінен шыққан тарихи драманың авторы - белгілі жазушы, драматург Думан Рамазан, қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Қойылымнан кейін тарихи драманың авторы Думан Рамазан да өз алғысын білдіріп, желідегі парақшасына жазды.
“Жошы хан” тарихи драмамызға келіп-көріп, оң бағасын берген Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа айтар алғысым шексіз!
Президентіміміздің мәдениетіміз бен өнерімізге, әдебиетімізге көңіл бөліп, қолдау білдіруі біз секілді өнер адамдарына ерекше қанат бітіреді. Ризашылығым да шексіз!
Астана театрына ұлттық мәртебе берілді. Құтты болсын Еңбектеріңіз еленіп, жұлдыздарыңыз жана берсін!,- деді жазушы.