Қызылорда облысында тікұшақ құлады: Қаза болғандар бар

2081
Adyrna.kz Telegram
27 наурыз күні сағат 17:35-те "112" пультіне Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында МИ-8 тікұшағының құлағаны жайлы хабарлама келіп түскен. Бұл туралы "Адырна" порталы ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметіне сілтеме жасайды.

Ведомство атап өткендей тікұшақ білгісіз жағдайда құлап, толығымен жанып кеткен.

"Аталмыш әуе кемесі ҚР Қорғаныс министрлігіне тиесілі. Апаттың мән-жайы анықталып жатыр", - деп атап өтті ТЖК.

Тікұшақтың құлағаны жайлы ақпаратты Қорғаныс министрлігі растап, оқиғаның мән -жайын толығырақ баяндады.

Министрліктің мәліметінше, 27 наурызда ҚР ҚК ӘКҚ Әскери әуе күштерінің тікұшағы апатқа ұшыраған. Бортта 13 адам болған.

Алдын-ала мәлімет бойынша, оқиға орнында қаза болғандар бар. Қазір зардап шеккендердің жағдайы анықталу үстінде.

Тікұшақ 4 бірдей әскери тікұшақ құрамынан құралған топпен бірге Ақтау қаласынан Шымкентке ұшып бара жатқан.

"Ұшу кешенді тексеріс және "Алтын жебе" арнайы бөлімшелерінің жаттығуы аясында қараңғы уақытта әрі метеорологиялық күрделі жағдайда өткізілген. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың бұйырығымен арнайы құрылған Қорғаныс министрлігінің комиссиясы оқиға орнына жіберілді", - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда төрт тікұшақтың екеуі қонған. Олар Қызылорда қаласында. Ал біреуі оқиға орнына қайта оралған.

Қорғаныс министрлігі мен ІІМ бірлесіп, апаттың себебін анықтау үшін тергеу жұмыстарын бастады.

Пікірлер