Венесуэланың ақпарат құралдары жексенбі күні Каракас әуежайына екі ресейлік ұшақ: Ил-62 және Aн-124 қонғанын хабарлады. Ұшақта шамамен жүз ресейлік әскери және 35 тонна жүк болған.
Ресейдің сыртқы істер министрлігі мен қорғаныс министрлігі бұған байланысты түсініктеме берген жоқ. Бірақ РИА Новости агенттігіне аты-жөнін айтпай сұхбат берген Каракастағы дипломаттардың бірі ақпаратты растаған.
"Екіжақты кеңеске қатысу үшін келді" деген агенттікке ақпарат көзі. Оның айтуынша, әскерилер ұзақ жыл бұрын Ресей мен Венесуэла арасында жасалған келісім-шарт аясында келген.
"Ресейдің [Венесуэламен] жасасқан бірқатар келісім-шарттары бар, қазір олар жүзеге асып жатыр, олардың арасында әскери-техникалық әріптестік бойынша келісім-шарттар да бар" деген ол.
Ан-124 және Ил-62 ұшақтары Венесуэлаға бұған дейін де келген. Бірақ олардың нақты кім немесе не әкелгені айтылмайды. Reuters агенттігі оппозициялық саясаткер Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялағаннан кейін ел президенті Николас Мадуроны қорғау мақсатында ресейлік "Вагнер" жеке әскери тобының келгенін хабарлаған.
Венесуэлада оппозиция жетекшісі Хуан Гуайдо мен президент Николас Мадуро арасындағы текетірестің жалғасып келе жатқанына шамамен үш ай болды. Биыл қаңтарда Хуан Гуайдо өзін елдің уақытша президентімін деп жариялап, мерзімінен бұрын ашық сайлау өткізу туралы бастама көтерген. Гуайдоны АҚШ, Латын Америкасы мен Еуропа одағы елдерінің көбі қолдады. Ресей, Куба, Қытай және Мексика Мадуроны Венесуэланың заңды президенті деп санайды.
Гуайдо жақында Мадуро режимінің аяқталуына "аз қалды" деп мәлімдеген. Ал Мадуро оны "өзіне қастандық жасамақ болды" деп айыптаған.
Венесуэлада Мадуро билігіне наразылық 2014 жылдан бері жалғасып келеді. Мұнайға бай елдің тұрғындары азық-түлік пен дәрі-дәрмектен тапшылық көріп отыр. 2018 жылы елдегі инфляция көрсеткіші миллион пайыздан асып кеткен.
"Азаттық" радиосы