Күні кеше ғана президенттік қызметіне кіріскен Қасым-Жомарт тоқаев Ақордада аз-кем ауыс-түйіс жасады. Бірлі-жарым шешімдер қабылдады. Ол кеше ел-жұрттың алдында ант беріп, мемлекеттің гаранты атанған.
Кеше экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей президенті Владимир Путин үшеуі телефон арқылы сөйлесіпті. Кремльдің баспасөзі Владимир Путиннің Тоқаев және Назарбаевпен сөйлескенін хабарлады. Олар өзара телефон арқылы сөйлескен.
«Владимир Путин ҚР Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа екі ел арасындағы ынтымақтастық пен одақтастық қырым-қатынасты дамытуға, еуразиялық интеграцияны жүзеге асыруға сіңірген еңбегін елей отырып, ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа әрі қарай да екі ел арасындағы қарым-қатынасты нығайту мен Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі әріптестікті дамыту ісінде белсенді араласатынына сенім білдірді».
Бұл Кремль баспасөзінің Владимир Путин мен Нұрсұлтан Назарбаев арасындағы аз-кем әңгіме туралы таратқан ақпараты.
Сонан соң, Ресей президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты жаңа қызметіне кірісуімен құттықтап, Мемлекет басқару ісінде сәттілік тілегенін жазады.
«Қазақстан-Ресей арасындағы әріптестік қарым-қатынасты одан әрі тереңдету мүддесінде бірлесе отырып жұмыс жүргізу келісілді. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың келуін ұйымдастыру мәселесі сөз болды».
Бұл да Кремль ақпараты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретіндегі алғашқы мемлекеттік іс-сапарын Ресей Федерациясына жасау мәселесі сөз болған секілді.
Жалпы мемлекетаралық іс жүргізу тәртібінде жаңа сайланған президенттің алғашқы шетелдік іс-сапарын қайда жасауы басқасын айтпасақ та, пост-кеңестік елдерде ерекше маңызға ие мәселе.
Мирзиеев Қазақстанға келді
Мысал ретінде айтайық, Өзбекстанның Ислам Каримовтен кейінгі екінші президенті Шавкат Мирзиеев өзінің алғашқы іс-сапарын Қазақстанға жасаған. Ал жұрт оның алғашқы іс-сапарын не Ресей Федерациясына, не АҚШ пен Еуропа елдерінің біріне, тіпті Қытайға жасауы мүмкін деп болжаған. Бұл державалар арасында аймақты бақылау туралы таласқа маңыз береді.
Жээнбеков Ресейге барды
Ал Қырғызстанның қазіргі президенті Сооронбай Жээнбеков өзінің алғашқы іс-сапарын Мәскеуге жасады. Ал көп жұрт оны Қазақстанға келеді деп күткен. Себебі, қырғыздың бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев туралы бейсаяси сөздері екі ел арасындағы шекаралық шиеленістерді тудырған.
Ал Тоқаев қайда барады?
Иә, Тоқаев қайда барады? Өзі телефон арқылы сөйлескен Ресей президентіне ме? Әлде Қазақстаннан мүдделі АҚШ, Еропа мен Ресейді ысырып қойып, нейтралды аймақ ретінде Өзбекстанға ма?
Қасым-Жомарт Тоқаев басқа-басқа Сыртқы саясаттың майталманы. Ресей дейсіз бе? Ресеймен де байланысы бар. Ол Мәскеуде оқыған. 1970 жылы Ресей саясаткерлерінің фабрикасы саналатын МГИМО-ға оқуға түскен. Сыртқы істер министрлігінің оқуын оқыған, сонда. 1975 жылы КСРО-ның Сыртқы істер министрлігіне қызметке орналасқан. Сонда біраз жыл жұмыс жасаған. Сингапурда Совет елшісі де болған. 2001 жылы Ресей Сыртқы істер министрлігі Дипломатиялық академиясында, Актуалды Халықаралық проблемалар институтында докторлық диссертациясын қорғаған. Сөйтіп, саясат ғылымының докторы атанған.
Қытай дейсіз бе? Әлгі МГИМО-да оқып жүріп, оқуының 5-курсында КРСРО-ның Қытайдағы елшілігіне практикаға барған.
1983 жылы Қытайға тағы барған. Бейжің лингвистикалық институтында 10 айлық тәжірбиеден өткен. 1985 жылы Бейжіңдегі КСРО елшілігінде жұмыс жасаған. 1991 жылға дейін Елшінің екінші хатшысы, бірінші хатшысы, кеңесшісі болды. Қытай тілінде еркін сөйлейді.
Батыс, Еуропа дейсіз бе? Тоқаев ол жақта да болған. Ол дипломат қой. Ол Қазақстанның Сыртқы істер министрлігін басқарған адам. Бірнеше шет мемлекетті елшілік қызметті де атқарды.
2014 жылдың наурызында БҰҰ Бас хатшысы Тоқаевты өзінің орынбасары етіп тағайындаған. Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлы БҰҰ Бас хатшысының орынбасары болды. БҰҰ Женевадағы бас бөлімшесінің директоры болды. Сондай-ақө, БҰҰ Бас хатшысының қарусыздандыру жөніндегі Конференциясындағы бас өкілі болды. ҚӨарусыздандыру жөніндегі Конференцияның бас директоры болды.
Ол ол ма, Швейцариядағы БҰҰ қызметкерліріне жауапты тұлға болып тағайындалған. БҰҰ Бас Ассамблеясының тұрақты қатысушысы, ТМД Сыртқы істер министрлері кеңесінің төрағасы болды. Шанхай ынтымақтастық ұйымын да басқарды бір кездері.
Міне, Тоқаевтың сыртқы саясаттағы, Халықаралық саясаттағы еңбек жолы осындай. Сондықтан, жақын арада шешілуі тиіс мәселеде тура шешім қабылдай білуі керек-ақ. Біз сол, өзінің президенттік қызметіндегі алғашқы іс-сапарын қайда баратынын айтамыз...
Серік Айдынұлы
«Адырна» ұлттық порталы