Аталары нәубет пен зұлматқа ұшырағандар «Адырнада» да бар

1957
Adyrna.kz Telegram

Ашаршылық нәубеті пен қуғын-сүргін зұлматы тұтас елді шайқалтып, теңселтіп өтті. Құрдымға кеткендер, жоқтаусыз өткендер, сүйектері әр қиырда қалғандар туралы қанша айтсақ та, шындық ащы. Сондай әулеттің ұрпақтары «Адырна» ұлттық порталында да кездеседі. Сырын айтқандар бар, айтпай ішіне жиып қалғандар бар. Біреуді айттың деп сөгуге, айтпадың деп айыптауға келмейді. Әр әулет кешкен азап - болашаққа сабақ. «Адырнадағы» әріптестер де ұлы трагедияның бір бөлшегі ретінде білгендерін ортаға салады.

АРМАН ӘУБӘКІР: АШАРШЫЛЫҚТЫ КӨРГЕН ХАЛЫҚТЫҢ ҰРПАҒЫ ЖЕМҚОРЛЫҚҚА БЕЙІМ БЕ?

Менің арғы нағашы атам (нағашы атамның әкесі) Сыдығалы бай адам болған екен. Мыңғырған малы бар. Репрессияға ұшыраған. Ат басындай алтыны болыпты. Ол кезде бай кісілер ат басындай алтын ұстайды екен. Сондай жазылмаған дәстүр болғанға ұқсайды. Қудаланатыны белгілі болған соң Сыдығалы бабамыз Рысбай атамызды өзімен бірге жетелеп  алып барып, алтынды елсіз далаға жасырып көміпті.  Сыдығалы бабамыз жер айдалып, соңынан атылып кеткен тәрізді. Сол ұсталып кеткеннен кейін қайда, қашан опат болғанын да ешкім білмейді, тек аман қалмағаны анық.

Кейінірек заман тыныштала бастағанда Рысбай атамыз әлгі алтынды іздеп, әкесімен бірге көмген жерді қазады. Бірақ таппайды. Айналасын да қалдырмай іздеп, көп уақыт жоғалтады. Мүлде таба алмайды. “Алтын көшеді” деген сөз бар. “Көшіп кеткен болар” деп нағашы атамыз бен анамыз әңгімелесіп отырғанын талай құлағым шалды. Бәрі де мүмкін. Тағы бір күдіктері бар еді. “Жермен айналысатын кәрістер тауып алған  сияқты”. Себебі, кәрістердің ішіндегі бір отбасы күрт байып кеткен. Мұның бәрі тек күмән, күдік қана. Нақтысын ешкім білмейді.

Рысбай атамыз да өте еңбекқор болды. Құдай қосқан қосағы Сара апамыздан ерте айрылып қалса да, жүйелі еңбектің арқасында мал-жан жинап, өз жағдайын жасап алды. Бірақ қайтыс болған соң еңбекке бейім болмай өскен ұлдары ата мұрасын ұстап тұра алмады.

“Әкенің малы балаға мал болмайды” деген рас екен. Нағашылардың ауылында Сыдығалы бабамыздың жасырып кеткен ат басындай алтының тауып алсақ қой деп армандайтындар әлі де бар көрінеді.  

Әкем жағынан өз туыстарымның көбі Алматыда тұрады. Азбыз. Селдіреп қалғанбыз. Аз болған соң да алыс ағайындармен де араласамыз. Себебі не? Себебі, сол баяғы репрессия, жандайшаптардың ұжымдастыруы. Аталарымыз Қарағанды облысының Бұғылы-Тағылы тауының баурайында тұрған екен. Біздің әулет 1928 жылы жаппай тәркілеуге ұшыраған. Ол жақта малдан басқа кәсіп жоқ. Барынан айрылған Әубәкір атамыз Шоқпар станциясына көшіп барған. Сонда Күлиә әжемізбен отау құрған. Паровоз айдап, соны кәсіп еткен. II дүниежүзілік соғыс жылдары атамыз ұрыс даласына қажетті жүктерді жеткізетін паровоз жүргізушісі болғанын, небір қауіпті сәттерді бастан кешкенін әкем марқұм айтып отырушы еді.

Қуғын-сүргін, Ашаршылық жылдары бүкіл туған-туыстар бет-бетімен көшкен. Шетел асқандары да жетерлік. Біздің ағайындар бір ауыл болып Қырғызстанда тұрады дегенді естігенмін. Көріп отырғанымыздай, бұл отарлаудың салдары қазақтың әрбір отбасыға өз салқынын, зардабын тигізген.

Қаймақтарымызды жаппай ату жазасына кесіп бір жойды, Ашаршылық арқылы ұлттық геноцидке ұшыратты. Мұның бәрі біздің ұлтымыздың дамуын ондаған емес, жүздеген жылдарға кері шегіндірді десек, артық айтқанымыз емес.

Ашаршылықты бастан кешкен халықтың ұрпағы жемқорлыққа бейім, көзі тоймайды, аштық түпсанасында қалып қойған, қатыгездік адам бойындағы жыртқыштық қасиеттерді оятады, қазір небір сұмдықтарды естіп жаға ұстаймыз. Қала берді, қазақтардың көбі баспанасыз қаңғып жүр. Олар даму үшін емес, бір күнді бір күнге жалғау үшін, тіршілік үшін күресіп өмір сүреді. Ал қалыптасып қойған өзге ұлттар тек дамудың қамына белсене кірісіп кеткелі қашан?!

Дегенмен, ұлт үшін өз бастарын бәйгеге тіккен Алаш қайраткерлері болмағанда әлі күнге Тәуелсіздіктің де не екенін білмес пе едік. Азаттығымыз үшін сол арыстардың рухының алдында шексіз қарыздармыз. Барлық ұлы бабаларымыздың рузына тағзым етеміз!

Бүгін Алматыдағы қуғын-сүргін құрбандарының ескерткішіне “Адырна” ұлттық порталының ұжымы болып барып, тағзым еттік. Көк туымызды желбіретіп, Алаш арыстарының портреттерін алып шықтық, құрмет көрсетіп гүл шоқтарын қойдық. Біз бабалар ерлігін мәңгілікке ұмытпаймыз!

СЕРІК ЖОЛДАСБАЙ: АТАЛАРЫМЫЗДЫ ҚЫРҒЫЗ АҒАЙЫНДАР АШТЫҚТАН ҚҰТҚАРЫП ҚАЛДЫ

Атам Жолдасбай мен әжем Зиба 1932 жылдың нәубетінде Жамбыл облысына қарасты Талас ауданынан қырғыз еліне барып аман қалыпты. Әжемнің айтуынша, кейбір адамдар құндақтағы баласын суға ағызып тастап кетуге мәжбүр болған көрінеді.

Алайда атам мен әжем құндақтағы Әбиірбек көкемізді суға ағызбай, қырғыз жеріне өздерімен алып барыпты. Ашаршылық өз туған баласын суға ағызуға дейін мәжбүр еткенін қазір ойлаудың өзі қорқынышты. Бірақ ел арасында бұдан да өткен сұмдықтар болды.

Шыны керек, көпшілігіміз Ашаршылықтың зұлматын түсіне бермейміз. Зұлматты жан жүрегімізбен сезіну үшін көркем және деректі фильмдер түсірілуі керек. Сондай-ақ Үкімет Ашаршылықты халықаралық деңгейде геноцид деп тануы қажет. Бұл жұмыстарды алдағы уақытта жасап, жоғымызды түгендейміз деген сенімдемін.

Ал мен өз басым Жолдасбай атам мен Зиба әжем сияқты мыңдаған қазақты аштықтан аман алып қалған қырғыз халқына алғыс айтамын. Егер қырғыз халқы сол кезде қазаққа қарайласпағанда бәлкім, біз бұл дүниенің жарығын көрмес пе едік. Сондықтан да қазақ пен қырғыздың арасындағы кейбір дауға бола айыр қалпақты ағайынның жақсылығын ұмытып кетуге болмайды деп ойлаймын.

Менің атам мен әжем сияқты мыңдаған қазақты қырғыздар аштықтан құтқарып қалды. Қазір олардың ұрпақтары миллионнан асып кеткен шығар. Әйтеуір Әбиірбек көкемнен Сағындық, Сағындықтан Талшын, Томирис және Айбар есімді ұл қыз қалды.

 

Пікірлер