Естірту - қазақтың салмағы ауыр салты

2975
Adyrna.kz Telegram

Қазақтар жаратылыстың бар қыр-сырына салмақты қарап, қабылдап отырған. «Өмір бар жерде өлім бар», «Тумақ болған соң өлмек парыз», дейтін қазақ халқы мұндай ауыр хабарды марқұмның жақындарына турасынан айтпай, өзгеше түрде естіртетін болған.

Естіртуге әдетте дуалы ауызды, елге сыйлы, жасы үлкен бірнеше адам баратын

Олар үйге кіргенде өздерін салмақты ұстап, дауысын жай шығарып, аман-саулық сұрасқаннан кейін сөзді «бекем болыңыз» деп бастап, болған жайды баяндап естіртетін.

Қазақ түсінігінде ауылға қарай шабуға рұқсат жоқ, себебі бұл жаман ырым саналады. Өйткені қаза туралы суық хабарды жеткізетін «қара жаушы» ғана шауып келетін. Ол ат үстінде отырып жан-жаққа теңселе «ой, бауырымдап!» дауыс салып келетін. Байырғы шапқыншылық жиі болып тұрған замандарда егер ер адам шайқаста қаза тапса, сарбаздар тобы «ой бауырымдап» шауып келіп, марқұмның киіз үйінің босағасын найзамен түйреп, қылышпен шабатын болған.

 

Қайғылы хабарды естірткен саз аспаптары

Бағзы замандарда қайғылы хабарды саз аспабының көмегіне жүгінетін болған. Жошы ханның аңда жүріп қаза табуы туралы белгілі оқиға көпшіліккеб белгілі. Баласының аңнан ұзақ уақыт қайтпағанына көңілі күпті болған Жошы хан: «Кіде-кім ұлымның қаза болғаны туралы қаралы хабар жеткізсе соның тамағына балқытылған қорғасын құямын» жеп жар салады. Ханның ұлын құлан тұяғымен теуіп өлтіргенін хабарлауға ешкімнің батылы бармайды. Сонда сарайға бір домбырашы келедә (кей аңыздарда қобызшы). Хан «Ақсақ құлан» күйін тыңдап бәрін түсінеді де «Ұлым қаза тапқан екен» деп күңіренеді. Ашуланған хан домбыраға қорғасын құяды».

Кейде қазаны ыммен естіртетін жағдайлар да тарихтан белгілі. Сондай бір дерек ғалым Шоқан Уәлиханның қазасына байланысты. Ол қазақтың байырғы музыка аспаптарын жинап-зерттеуші Болат Сарыбайдың айтуымен бүгінгі күнге жетіп отыр. Шоқан қайын жұрты Тезек төренің ауылында ауыр науқастан жастай қайтыс болады. Сонда Шоқанның қазасын әкесі Шыңғысқа естірту үшін сұлтанның үйіне екі адам барады. Олардың біреуі сыбызғышы, біреуі қобызшы еді. Сонда Шыңғыс сұлтан: – Өзімнің де көңіл көтергім келіп отыр еді, қане бір күй тартшы, – дейді сыбызғышыға. Сыбызғының алғашқы дыбысынан-ақ қайғының лебі еседі. Сұлтан оны да тоқтатып қобызшыға кезек беріпті. Қобыздың солқылдап жылағандай зарлы үнін естігенде Шыңғыс сұлтан болған жағдайды түсініп: – Е, Шоқаным кеткен екен ғой, – деп үнсіз қалыпты.

 

Ақынның естіртуі

Кейде қазаны қалай естіртерін білмеген ауыл адамдарының ақындарға қолқа салатыны болған. Ақын Қалижан Бекхожин осындай бір оқиғаны естелік етіп жазған. Ол 1944 жылдың күзінде майданға аттанар алдында Шымкентте тұратын ақын Иса Байзақұлымен бірге Түлкібас ауданындағы бірнеше елді мекендерде болады. Бірінші күні «Дмитров» колхозының директоры Қожаназар Тілеулесұлының үйіне түседі.

«…Үйге кіріп жайғасқаннан кейін Қожекең:

– Ақын да киелі адам ғой, келгеніңіз жақсы болды. Даңқыңызға қанық едім, байқадыңыз ба, үй сыртында киіз үй тігулі тұр. Енді сізге арнап тіктім деп айтсам да орынды, бірақ оның сыры бар. Міне, менің қолымда арыстай екі боздақтың қайғылы хабары бар. Осы ауылдың қадірлі ақсақалының қос қыршыны еді, майданда қаза тауыпты. Нәрестелері жетім, жұбайлары жесір қалды. Онсыз да қаусап қалған сорлы қартқа қайғыны қалай естіртем деп кешеден бері күйзеліп жүр едім. Осыны сіз естіртіңіз, ақын жылата да, жұбата да біледі ғой, – деп Исекеңе тілек білдірді.

Қас қарая киіз үйге ауыл жұрты ағыла бастады. Сыйғаны ішке, сыймағаны сыртқа орналасты. Төрде шалдармен қатар отырған Исекең, манағыдай емес, ширап алыпты. Шүйілер бүркіттей сұсты. Қос боздағынан айрылған қарттың анадан бергі жайларын біліп алса керек. Бір сәтте домбырасын күңіренте жөнелді. Неміс басқыншыларының жан түршігерлік жауыздықтарын елестетіп, өртенген, жұртта жат елдің елдің айдауында азап шеккен аңыраған ананың, шырылдаған сәбилердің аянышты сипаттарын тебіренте толғап, жиналғандардың жүйкесін бір шымырлатып алды. Содан кейін соғыста есімі әйгілі қаһармандардың ерліктерін жыр етті, әсіресе самолеті отқа шалынып қатер төнгенде Гастелло деген ер жау самолетіне жан қия шүйіліп, Отан үшін кек алған екен деп аңыз ете жырлағанда, жұрт сүйсініп серпіліп қалды. Мұндай ауыр қазаға орай, естіртудің неше атасын білетін Исекең ескі нақылдарды да бір сыдырып өтті де, азалы қарттың ата-бабасынан бері қазаның хабарына келгенде қара терге түсіп, екілене, жігерлене серпілді. Астарлап, бейнелеп қартты босатып та алды…

Исаның бұл толғауы сай-сүйегімді сырқыратқан бір көріністі ғажап жыр еді. Жұрт жылап алды, ақын сөзіне разы болып жұбанып та қалды. Азалы қарт та:

– Шарам бар ма, қайтейін-ай, өркенің өссін қарағым! – деп тіл қатты…».

Ел басына күн туған сол бір жылдары белгілі ақын Кенен Әзірбайұлы да барлық ауыртпашылықты елмен бірге көрді. Жұбайы Нәсиханың соғыстағы жалғыз бауырынан келген жеделхаттың құрметіне қуанып сол кезде туған қызының атын Тілграмкүл қойды. Қыдырбек Қабылтайұлының Смоленск түбінде ерлікпен қаза тапқаны туралы қара қағаз келгенде бұл суық хабарды жұбайына «Жалғыз қайным» деген қаралы өлеңімен көзіне жас алып тұрып өзі естірткені ақынның қызы Төрткеннің естелігінен белгілі.

Қазақ халқының басқаның басына түскен ауыртпалықты бөлісіп, демеу көрсететін үлкен адамгершілік қасиеті ерекше. Қайғы қонған шаңырақ иелерін аяп, ауыр қазаны марқұмның жақын туыстарына тұспалдап, естірту бүгінгі кезде де жалғасуда.

Бердалы ОСПАН.

"Адырна" ұлттық порталы

 

Пікірлер