Бішкек маңындағы тартыс: Атамбаевты соттау кімге керек?

2041
Adyrna.kz Telegram

 Қырғыз саясаткерлері экс-президент Алмазбек Атамбаевты сотқа бермек.

Көктемнің келуімен Қырғызстан саясаты да жандана бастады. Атамбаев билігі кезінде түрмеге жабылған экс-вице-премьер Бекболот Талғарбаков бастаған бірқатар саясаткерлердің бостандыққа шығуымен Бішкек маңындағы тартыс жаңа деңгейге көтерілді. Талғарбеков наурыз айының 7-і күні бостандыққа шыға салысымен журналистер сұрағына жауап берді. Онда ол Атамбаевты сотқа беретіндігін айтты.

«Ол (Атамбаев –ред) маған жала жауып, ар-намысымды таптағаны үшін жауап беруі тиіс. Мені шетелдік әскерилермен байланыс орнатты деп айыптады. Бірақ бұнысын дәлелдей алмады» - деп мәлімдеді Талғарбеков.

Сарапшылар пікірінше, түрмеден амнистиямен шығып жатқан оппощициялық саясаткерлердің барлығы Атамбаевты сотқа беру арқылы оны 2020 жылы өтетін парламент сайлауына қатыстырмаудың алғышарттарын жасауда. Себебі олардың бар мақсаты онсызда екіге бөлінген бір кездері Атамбаев билігінің қозғаушы күші болған «Қырғызстан социал-демократиялық партиясын» біржолата құлату.

Саясаттанушы Марс Сариевтің айтуынша, ҚСДП-ның екіге бөлінуінен кейін партия мүшелерінің басым көпшілігі Сооронбай Жээнбеков билігіне жақын екінші блоктың көшбасшысы Иса Омуркуловтың жағына өтіп кеткен. Олар партия құрылтайын сәуір айының 3-і күніне белгілеп,  осы арқылы Атамбаевты партия құрамағынан шығарып тастаудың жолын қарастыруда.

Бұған дейін Атамбаев өзінің 2020 жылы өтетін парламент сайлауына қатысатындығын айтқан. Ол ҚСДП құрылтайын  сәуір айының 6-ына белгілеген.

Бірақ, әзірге Қырғызстанда Жээнбековтан өзге Атамбаевқа қарсы келетін бірде-бір саяси күш жоқ. Себебі жоғарыда аталған саясаткерлердің барлығында Атамбаевқа тең келетін адами, қаржылай және медиалық ресурстары жоқ. Десе де, оппозиция өкілдері Жээнбековпен бір мәмлеге келіп, бірігіп кететін болса, саясатқа қайтып келуді ойластырып жүрген Атамбаевқа оңай болмасы анық. Бірақ, егер алдағы бір жылда оқиға дәл осы сценарий бойынша өрбитін болса, онда Атамбаев «зиялы қауым» операциясын іске қосуы мүмкін. Себебі Жээнбеков билік басына келгелі бері Қырғызстанда исламдану бағыты күшейген. Ал бұл өз кезегінде зиялы қауым өкілдеріне ұнамайды. Оның үстіне Атамбаев осыдан біраз уақыт бұрын қырғыз элитасын «Жээнбековтың билік басына келуімен ислам ықпалы күшеюі мүмкін» екендігін айтып ескерткен.

Есдәулет Қызырбекұлы

"The Qazaq Times"

 https://qazaqtimes.com/article/58407

Пікірлер