Серікжан Біләш не үшін қамауға алынды?

4022
Adyrna.kz Telegram

"Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті полиция қызметкерлері наурыздың тоғызынан онына қараған күні Алматыдағы қонақ үйден түнгі екі жарым шамасында ұстап алып кеткен. "Қазір ол Астана қалалық полиция департаментінде отыр" деп хабарлады қоғамдық ұйым өкілі Қайрат Байтолла Азаттық тілшісіне 10 наурызда түсте.

Оның айтуынша, сенбі, 9 наурызда "Серікжан Біләшті белгісіз біреулердің аңдығаны белгілі болғаннан кейін" әріптестері қауіпсіздік мақсатында үйіне емес, қонақ үйге баруға көндірген. Түн жарымда есікті теуіп ашып кірген 10-15 адамның арасында форма кигендері де, қарапайым киіммен жүргендері де болған. Олар Серікжан Біләшті ұстап, ұшақпен дереу Астанаға жеткізген.

"Таңертең Серікжанның өзі бізге хабарласты. Әзербайжан, татар мәдени бірлестіктерінің жиынында сөйлеген сөзін біреулер бұрмалап, полицияға арызданған екен. Сол арыз негізінде ұстаған. Бұл прокуратура санкциясымен сотқа жіберілген дүние емес екен. Баса-көктеп кіріп, халықты қорқытып үркітуге бола ма?" дейді Қайрат Байтолла Азаттық тілшісіне.

Астана қалалық полиция департаменті "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләштің ұсталғанын растады.

"10 наурызда Астана қалалық полиция департаменті қызметкерлері әлеуметтік және ұлттық арандатуға бағытталған іс-әрекеттерге барды деген күдікпен Серікжан Біләшті ұстады. Тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу мүддесіне орай басқа жайттар жария етілмейді" делінген полиция мәлімдемесінде.

"Атажұрт еріктілері" ұйымы Facebоok-тағы парақшасында ұйымның кеңсесін 10 наурызда полиция қызметкерлері тексергенін де хабарлады.

Наурыздың 10-ы күні түстен кейін "Атажұрт еріктілері" ұйымы Facebook-тағы парақшасында Серікжан Біләштің видеомәлімдемесін таратты. Онда ұйым жетекшісі өзінің Астана қалалық полиция департаментінде отырғанын, өзінен Баймағамбетов есімді тергеуші сұрақ-жауап алып жатқанын айтты.

"Маған "ұлтаралық араздық тудырды" деген бап бойынша айып тағып отыр. Мен бұл айыппен келіспейтінімді айттым. Істің Астана емес, Алматыдан қаралуы туралы шағым түсіремін" деген Біләш өзінің "ешқандай да қорлық-қысым көрмегенін" де жеткізді.

Бұған дейін әлеуметтік желіде "ұстау кезінде оған күш қолданылғаны туралы" болжам да айтылған еді.

Ақпан айының басында Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық соты Серікжан Біләшті "тіркелмеген бірлестік жұмысына жетекшілік етті" деп айыптап, 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (252 мың теңге, шамамен 670 доллар) айыппұл салған.

"Азаттық" радиосы

Пікірлер