Мәжіліс дәлізінде. Ржев пен Мәскеу сапары және қызыл ту туралы сұраққа жауап

2446
Adyrna.kz Telegram

Әлеуметтік желіде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге сапары қызу талқылаған болатын. Азаматтардың бір бөлігі «Президенттің сапары мәжбүрлі қадам» деп ақтаса, екінші топ «Басқыншы елдің президенті Путиннің қолдау қателік болды» деп айыптаған.

Бүгін журналистер Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың осы мәселеге қатысты пікірін білді.

«ПРЕЗИДЕНТ – ҚАЗАҚ ЖАУЫНГЕРІНІҢ  ЖОҚТАУШЫСЫ»

- Мен бұл сапарды өте дұрыс сапар деп есептеймін. Себебі Ұлы отан соғысы – біздің ортақ тарихымыз. Ұлы жеңіс ол да біздің ортақ тарихымыз. Сондықтан сол бауырлас мемлекеттердің басшыларының барлығы дерлік кешегі парадта болды. Бұл біздің соғыста шейт болған ата-бабаларымызға арналған құрмет деп ойлаймын. Бұл жерде бұл мәселені саясиландырудың қажеті жоқ. Бұл бір. Екіншіден, біздің Қазақстанның өзінен 1 млн 200 мыңға жуық адам соғысқа кетті. Сол соғыстан біздің әке, аталарымыздың жартысы оралмады. Олардың көбісі Ресей жерінде жатыр. Жауынгерлердің іздеушісі, жоқтаушысы болуы керек пе, болмауы керек пе? Іздеушісі, жоқтаушысы кім болуы керек? Менің ойымша, қазақ халқы мен президентіміз болуы керек. Президенттің сапарын зерделеп саралайтын болсаңыз, бірінші кезекте президент Астанадағы «Отан қорғаушылар» мемориалына гүл шоғын қойып, еліміздегі Отан қорғаушыларға тағзым етті, - дейді Мәжіліс төрағасы.

Оның айтуынша, ел басшысы жергілікті ардагерлерге «Халық қаһарманы» атағын бергеннен  кейін Ржев қаласына барды. Ржев қаласындағы 22 мың қазақстандықтың дені қазақ жауынгерлері болды. Олар Мәскеуді қорғаған кезде қаза табады. Солардың әр бірінің аты-жөні тасқа қашалып жазылған.

- Президент зиярат жасап, өзіміздің дәстүр бойынша Құран оқыды. Президент солардың жоқтаушысы болып барды деп ойлаймын. Сол жерде президентіміздің әкесінің туған ағасы Қасым Болтаев жатыр. Мен бұл сапарда президент өзінің азаматтық, перзенттік және президенттік борышын атқарып келді деп есептеймін, - деді Ерлан Қошанов.

Әу баста президенттің баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 мамыр күні Астанада болатынын хабарлаған болатын. Осыны еске алған журналистер «Президент аяқ астынан Мәскеуге неге сапарлады?» деп сұрады. Спикер Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс кестесін өзі емес, президент әкімшілігі жасайтынын айтып, құтылды.

ӘЗІРГЕ ҚЫЗЫЛ ТУҒА ҚАРСЫ ҚҰЗЫР ЖОҚ...

9 мамыр күні еліміздің бірнеше қаласында Совет үкіметінің қызыл туын ұстап, жүздеген адам әскери атрибуттармен марш өткізген болатын. Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтан «Құзырлы орган өкілдері қызыл ту ұстағандарға неге жаза қолданбады?» деп сұрадық.

- Бүгінгі таңда оларға ескерту, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Құқықтық мемлекетте тұрғандықтан, заңда шектеу болмаған соң оған (КСРО туын алып шығуға – С.Ж.) рұқсат.  Алайда біз ашық қоғамда тұрамыз. Егер олардың әрекеті қоғамның наразылығын тудырғандықтан, ішкі істер органдарының сақшылары насихаттау, үгіттеу, ескерту жұмыстарын жүргізді, - дейді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.

Министрдің өзі ұлттық мақтанышты қорлау сезімін тудыратын осы мәселені заңмен реттеу керек деп есептейді.

- Егер заңда шектеу болмаса онда рұқсат берілген. Мұндай мәселе болатын болса, депутатттар ұсыныс жасап, қабылдайды. Егер заңмен шектеу болып, ол заңсыз болатын болса біз тиісті іс әрекеттерді заң шеңберінде қолданамыз, - деп жауап министр Ахметжанов.

Осы айтылған мәселе бойынша Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың өзіне сұрақ қойдық.

- Қажеттілік болатын болса, біз ондай заң қабылдаймыз. Бүгінде заңда ондай шектеу жоқ, - деп қысқа-нұсқа жауап берді...

Ал әлемде Балтық жағалауы елдері секілді советтік символикаға тыйым салғандар бар.

Серік Жолдасбай

 

Пікірлер