Тоқаевтың Ресейге баруы. "Ресей позициясын түпкілікті қолдау дегенді білдірмейді"

7888
Adyrna.kz Telegram

Саясаттанушы, қоғам белсендісі Құбаш Меңдіғалиев Тоқаевтың Ресей парадына қатысуы жайлы пікір білдірді.

Айтуынша, Тоқаевтың бұл ісі қандай да бір саяси құпияның бар екендігін білдірмейді. Саясаттанушы Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысуынан астар іздеудің мәні жоқ екенін, оның үстіне бейресми кездесуде қандай да бір құжатқа қол қойылмағанын жеткізді. Бұл барыс-келіс Ресей позициясын түпкілікті қолдау дегенді білдірмейді, деді ол.

"Көпполюсті әлемде алпауыттар арасында ықпал аймақтарды қайта бөлісу қарқынды сипат алды. Бірнеше бағытта қат-қабат көрінбейтін майдан жүріп жатыр. АҚШ НАТО-ның қолымен, санкция жолымен Ресейді әлсіретуге күш салса, Қытай барлық тарапта жүздеген млрд. инвестиция үлестіріп, сендіру дипломатиясын шебер қолдану арқасында АҚШ-тың әлемдегі гегемонизміне нүкте қойғысы келеді. Сауд Арабиясы мен Иранды келіссөз үстелінде табыстырған Қытай өз полюсіне ірі елдерді тартуда. Алпауыт елдердің бітіспес тайталасында басқа елдерге өз мүддесі үшін дипломатияның бар мүмкіндігін пайдаланудан ұтымды жол жоқ. Қазіргі шиеленісті геосаяси тартыста Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Армения, Қазақстан басшыларының Мәскеудегі Жеңіс парадына қатысуынан астар іздедік, бейресми кездесуде қандай да бір құжатқа қол қойылмайды, екіншіден, бұл барыс-келіс Ресей позициясын түпкілікті қолдау дегенді білдірмейді. 78 жыл толған Жеңіс мерекесіне орай, өңірдегі бұл елдер екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді жеңген майдангер бабаларға тағзым етуді парыз санайды. Ржев түбіндегі қанқұйлы шайқаста көзсіз ерлікпен шейіт болған бабалар рухына тәу еткен Қ.Тоқаев осы қадамы арқылы ең алдымен қазақ майдангерлерінің қаһармандығын ұлықтады. Қазақстан да көпвекторлы саясат ұстанатын ел ретінде сан тарапта өз мүддесін қорғайды" деп жазды автор.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер